Стр. 18 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Мынауың жап-жаңа ғой. Сен бе оны айдайтын?
— Ендi кiм деп ең? — дедi Тоқшылық iштей қуанғанын жасыра алмай.
— Қап, сен соққан екенсiң!
— Қызғансаң, ала ғой.
— Иә, саған, — Майнақ өтiрiк күлдi. Жымыңдаған қой көзi әлдеқандай қызғаныш
табын жасыра адмай, бiр түрлi тұнжырап сала бергендей болды.
— Ал, бала, мен кеттiм. Соңыра жуғанда мына жаман ағаңды ұмыт қалдырмассың,
— дедi де, Әбду интернат жаққа тайды.
Тоқшылық күлiп жiбердi. Бiр иығын жоғары көтерiп, қисайып бара жатқан оның
соңынан қызықтай қарады. Әбду кәзiр интернатқа бара сап, жөндеу жұмысына
көмектесiп жатқан балалардың тәртiбiн тексередi. Өзi сонда жұмыс iстемесе де,
қожамсынып жүредi. Екi-үш жылдан берi мұғалiмдiктi тастап, милиция жұмысына
ауысқан. Сондағы бар iстейтiнi — интернатта жататын бiр-екi ересек баланың басқан
қадамын бағу, ауыл-үйдiң арасында өрт болдырмау. Одан қала бердi, шоферлардың
машиналарын тексерiп, киттай нәрседен кiнәрат тауып, талоныңды тесем деп
ежiреңдейдi. Ақырысында талон тесiлмей, тесiк өңештен өткен жынды судың буына
елтiп, ыржалақтай күлiп, жөнiне кетiп бара жатады. Жаңағы сөзiне қарағанда, бұған да
ретi келсе, тас кенеше жабысатыны белгiлi. «Е, жабысса, жабыссын!» — деп Тоқшылық
кiлттi бұрап жiбергенде, машина гүр ете түстi. Сосын педальдi басып, рычагпен
жылдамдыққа салып, педальдi ақырын қоя бере, газды баса түсiп, жеңiл машинаны
айдай жөнелдi. Бiрнеше тапал тамдарды айналып өтiсiмен, орталық айдау көшеге тура
салды. Сусымалы шеге топырақты жер таусылып, табаны тастай тақырға iлiнiсiмен,
кiшкене жеңiл машина зырлай жөнелдi. Алдан салқын жел соқты. Тоқшылық демде
кеуiлденiп сала бердi. Тiсiн ақсита күлiп, газды баса түстi. Бiр сәт жаңа ғана қасақы
Шатаманның қыңырақтаған түрi көз алдында көлбеңдеп, әлдеқандай мүсiркеуi аралас
ұялыс табы бетiн шарпып өткендей болды. Бiреудi ысыра сап, таба қойған бақыттың
несi қызық, дедi iшiнен. Бұл да бiреу өлмей, бiреу күн көрмейдiнiң керi ме? Оның несi
әдiлет? Әлде өмiр заңы осылай ма? Өмiрдiң бұл көрмеген жықпылы деген дәл осы ма?
Тоқшылық сәл-пәл сабасына түсiп, көтерiлген кеуiлi басылып, машинаны үйiнiң
алдына жете бере кiлт тоқтатты.
5
Елекеш осы бiр гүжiлдеген дауысты жақтырмайды. Телефонның трубкасынан
естiлгенде тiптен самбырлап кетедi екен. Өзi өктем, әмiрлi. Бiрақ директор одан құлақ
басуға жоқ. Ылғи көк мауыты жабылған үстелге шынтағын тiреп жiберiп, құлағы
салпиып, тыңдай бередi. Мiне, тағы да сол әдетiне бағып отыр.
— Сонымен биыл жақсы өнiм бола ма? — дедi гүжiлдеген дауыс бiр сәт кiдiрiп.
— Әрине. Былтырғы шамамызға қарағанда, мiндеттемеге жетiп жығыламыз ба деп
отырмыз, — дедi Елекеш абыржып.
— Сен былтырғыны қой, биылғыны ойла. Шынымен, шамаларың жете ме?
— Сөз жоқ, жетедi.
— Абайла, ұятқа қалып жүрмейiк.
— Ояғынан қам жемеңiз. Тiсiмiзбен бiр талдап жұлсақ та, сол межеден шығамыз.
— Жарайды онда. Ал, басқа не бар?
— Басқа дейсiз бе? Ана бас инженер Әбжанның ширайтын түрi жоқ. Екi иiнiнен су
кетедi де жүредi. Техника былтырғыдай жөнделмей қалып, салыны тегiс орып үлгере
алмай жүремiз бе деген қаупiм бар.
— Оны... ширату керек.
— Үйтейiн десем... Әй, ештеңе өне қоймас.
— Тағы да байқап көрiңдер. Басқа не айтасың?