— Қасқа-ау, қызыңның қашып кетiп отырғаны жаңа. Сенiң қонағыңаа жөн болсын?
— дедi Кәмпит ашуланып. Сүйттi де қауындықты аралап кете барды.
8
Тоқшылық айран асыр қалды. Түнде түскен шық күн қыза буланып жатқан алапта
күрiш орып жүрiп, Набаттың табан астында Майнаққа бас қоса қалған себебiн
түсiнбедi. Алдындағы салыға қолын соза бере, кiлт тоқтады. Басы молақтау орақты не
iстерiн бiлмегендей, қолымен сығымдап ұстап тұр. Соңғы кезде ел арасында тарап
жүрген бiр өсектi еске алды. Ойлана келе, бiр шындыққа көзi жеткендей болды. Әнеу
күнi Елекеш пен Набаттың бiр-бiрiне ұрлана көз тастағандарын байқап қалған да едi.
«Е-е, белгiлi болды. Сонда бұ не?». Оның қасына Балғынбай келдi. Үстi басы шаң-шаң.
— Бала, қалай, қолыңның жүретiн түрi бар ма?
Тоқшылық күлдi:
— Жүрмей қайда барады?
— Е, солай де. Кәзiр кәмбайын бар, жақсы ғой. Бұрындары бәрiн де қолмен оратын
едiк.
— Сүйтiп жүрiп рекорд жасаған, ә?
— Әй, қарағым, оны нағыласың? Одан да мынаны жәукемдейiк.
Балғынбай өз атызына кеткесiн, Тоқшылық қайтадан жұмысқа кiрiп, ақаба суды
тобығынан кешiп жүрiп, салыны ора бастады. Әуелгiде жыртылып қалған қара етi
ауырып, сәл қимылдаса, белi сырқырап сала берiп едi, келе-келе денесi қызып, жұмысқа
ықыластана кiрiстi. Содан түс болғанша бел жазбады.
Түсте жиде түбiнде Балғынбай, Нестай үшеуi тамақтанды.
— Кешке тойға барасың ба, бала? — дедi Балғынбай бұған күле қарап.
Тоқшылық Нестайға көз қиығын тастап едi, ол алабұртып отыр екен.
— Қайдам.
— Қайдамың не? Өз қатарларың емес пе? Шақырған жерге бар, шақырмаған жерде
нең бар деген.
Кешкiсiн ауыл жастарды машинаға мiнiп, тойға барды. Майнақтың тапал тамы тар
болғасын, жастарды ауылдың бас көтерер кiсiлерiмен көршi үйлерге қатар түсiрдi.
Көршi бөлмеде Елекеш, Әбду, Мылтықбайлар отыр. Бүгiн Елекештiң жүзi жарқын.
Ауық-ауық әзiл-қалжыңға араласып қалады. Бiрде сорпа тасып домаланып жүрген
дыбырлақ Досанға:
— Әй, Досан, сенiң осы Дездемонаң қайда? — дедi алтын тiсiн ақсита күлiп.
— Бiздiң Дездемен деген баяғыда бәтуәсыз бiреудiң құшағында кеткен, — дедi
Досан дыбырлап.
— Е, Дездеменнен айрылып, бiр безгелдектiң құшағына түстiм десейшi.
Жұрт ду күлдi. Тоқшылық iштей тiксiнiп қалды. Есiне Отелло түстi. Сол кезде Әбду
арсалаңдай кiрiп келiп, жастарға:
— Ау, тұнжырап нағып отырсыңдар? Өлең айтсаңдаршы, — деп қолға салды.
— Нестай айтсын, — дедi Жеңiсбек ыржиып.
— Айтсын, айтсын.
Жеңiсбектi жақтырмай, бiр қырын қарап отырған Нестай дем жетпегендей, кеудесiн
көтере дем алып, Тоқшылыққа қарай еңкейдi. Қыздың дiр-дiр еткен ыстық демi жiгiттiң
бетiн шарпыды:
— Не айтсам екен?
— Өзiң бiлесiң де.
— Давай, «Той жырын»», — дедi Жеңiсбек алақанын шапаттап.
Нестай сәл-пәл кiржидi де, аз ойланып қалды. Сосын қайырымы кең, сағыныш
сазына толы «Сәулем-айды» бастап кеттi. Әдепкiде сызыла шыққан сырлы дауыс бiрте-