бiрте күшейiп, шырқап салар тұста еркiн қанат қағып, балаң қиялды өзiне қарай
iлестiрiп әкеттi. Тоқшылықтың көз алдына сарғайып жатқан сары бел, таңның атуын
асыға күткен жылқышы жiгiт, керегеге көзiн сап, сары майдай толықсып жатқан науша
бойжеткен келе қалды. Екеуi де бiр-бiрiне ынтық, бiр-бiрiн көруге асық. Бiрақ бiр-
бiрiне жете алмай жүр. Сонда сол әуре-сарсаң не? Оған кiм кiнәлi? Адам неге бiрiн-бiрi
өлiп-өшiп сүйе тұра, бас қоса алмайды? Әлде солай болуы керек пе? Керек болса, адам
махаббаты, тағдыры, тiршiлiк етуi баяғыдан берi бас қатырып келе жатқан
мәселелердiң ешқайсысынан да құтыла алмайтын болғаны ма? Оны әр заман өзiнше
шешпей ме? Ол жайлы әр ұрпақтың өз бiлiгi, өз түсiнiгi болмай ма? Сөз жоқ, болады.
Бiрақ мына жұмыр жердiң бiр баурайын жайлаған екi аяқты бәндәның өлмес-өшпес
жарық дүниеге қарағанда өлшеулi өмiрiндегi басты мәселе — азамат болу, жар табу,
бала сүю, бақытты болу дегендер мәңгi-бақи шешiлiп, шешiлмейтiн нәрсе ме? Ән соған
меңзейтiндей. Нестай да соны жан-тәнiмен ұққандай. Оның қара көзi шам жарығында
сарғыш сәулелердi ұшқындатып, қасы үшуға қомданған құстың қанатынша жиырыла
қап, өзiне ғана мәлiм ерекше сырлы дүние арасына енiп кеткен. Бетi бал-бұл жанады.
Қайырмаға келгенде даусы сәл-пәл ойнақы тартып, сонау күмiс көмейдiң түп жағынан
сыңғырай шығады. Сосын екiншi шумақты бастағанда дауысы жайыла қаптаған қызыл
судай кең көсiле жөнеледi. Өзi бұйығы қалпынан бiр сәтте арылып, мәресiн көрген шын
жүйрiк аттай тарлан тартып сала берiптi. Әндi нәшiне келтiре айтады екен. Тоқшылық
қатты сүйсiндi.
Жұрт дуылдап жатыр:
— Өй, пәли!
— Тағы бiрiн айт!
— Жас жұбайларға арнап, «Той жырын» айт!
Қызып алған Майнақ ыржаң-ыржаң етедi. Набат әшейiндегi аржайы мшезiнен
айрылып, қабағын аздап түйiп алған.
—Кәне, «Той жырын» айт! — деп, Жеңiсбек Нестайдын бiлегiнен ұстай алды.
— Өй, со да ән бе? Оны бiлмейiм, — деп, Нестай қызарып кетiп, қолын керi тартып
алды да, орнынан тез түрегеп, Тоқшылықтың оң жағына кеп, ауысып отырды.
Жеңiсбек қара күреңiтiп сала бердi. Лезде қашанғы дағдысына басып, ешкiмдi көзiне
iлмей, кекiрейе қалды.
Жастар «Той жырын» қосылып айтты. Сосын демалыс жарияланып, би билендi.
Радиолаға күйтабақ салынып, музыканың жiгерлi үнi шыққан бойда, жастар билей
жөнелдi. Тоқшылық Нестаймен биледi. Ырғақты, серпiндi би бiрден екеуiн де елiктiрiп
әкеттi. Нестай қолын оңды-солды сермелемей, бар денесiн қимылына қарай күрт
қозғалтып, аяғы мен қолын үйлестiре алып, Шығыс биiнiң майда қалтыл-дiрiлiмен
ұштастыра билейдi екен. Қимылында дөрекiлiк емес, әдептiлiк бар. Тоқшылық
алабұртып сала бердi. Мына науша қыздың көйлегiнiң етегi жақын жерден желпiп
өткен сайын аса бiр жақындықты сезгендей болды. Соған жақындауды өзi де iшiнен
қалағандай. Еркiн, белгiлi қатып қалған тәртiбi жоқ бидiң бiр қайырымында көтере
берем дегенде қолы қыздың иығына тиiп кеттi. Нестай жарқ етiп күлiп жiбердi.
Маңдайына түсе берген балапан шашын керi сiлкiп, көзi боталап, шыр айнала сала,
мұны тағы да би ырғағына қарай тарта жөнелдi. Тоқшылық қарсылық етпедi.
Жұрт айран-асыр. Қатын-қалаш жағының аузына тыным жоқ:
— Мынау нағыз түйе тапырақ қой.
— Бiр-бiрiнiң аяғын қалай басып кетпейдi?
— Әй, қатын, мына зiңгiттей немелер еденiңдi сындырып кетпесiн, — деп Айзада бiр
сары кемпiрдi жағадан алғандай қылды.
— Бүгiн сынса, iж айыбы жоқ. Бәрi бiр бiткен шаруа емес пе? — дедi Күлжамаш
жырқылдап.
— Тойдың көкесi сонда болады!