Стр. 182 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

Кезектi би вальс болды. Набат әдейi кеп, Тоқшылықты биге шақырды. Тоқшылық
Нестайға басын бiр изедi де, толқи шыққан әуен ырғағымен аз теңселiп тұрды да,
қыздың белiне қолын салып, шыр көбелек айнала жөнелдi. Ол екi айналып барып,
толқындана, теңселе арбасқандай аяқты екi-үш рет алып, қайтадан ыйнала бастады.
Бөлменiң қабырғаларын қуалай айнала жүрiп, Тоқшылық төбесiнде жарқ-жұрқ етiп
қалып бара шамды, жалт-жалт етiп өтiп жатқан кiсi жүздерiн, көздердi, алабажақ
киiмдердi құйын соққандай тұтаса көрiп, Набаттың төменде үйiрiлген, крахмалға
салған ұзын ақ көйлегiнiң етегiнiң майда желпiгенiн, қыз тынысының жиiлегенiн сездi.
Сол арада оның қайқиған кiрпiктерiнiң арасынан жарқыраған жанарында қара
сәулелердiң шашырап жатқанын көрiп қалды. Өз денесiне Набаттың әлден толыса
бастаған қарнының аса тақай тигенiн, белiнiң жуанытып, тәнiнiң доғалданып кеткенiн
аңғарды. Сосын оны қолтығынан сүйемелдеп шыр айналар тұстары тiк көтерiп
әкетердей жеңiл биледi. Алас-қапаста өздерiне қарап тұрған Елекеш пен Майнақтың
көзiн көрiп қалды. Тоқшылық айдыны таса насаттанып, қыздың белiн иiп жiберердей
боп өзiне тарта және бiр айналды. Сол арада жаман көзiмен қарап тұрған Нестайды
көрiп, кеуiлi ап-сап бола бастады. Дереу керi айнала берiп едi, мұны күтпеген Набат
мұның аяғын туфлиiнiң бiздей өкшесiмен басып кеттi. Тоқшылық қабағын шытып,
шоңқиды да қалды.
Күйтабақ қайта салынды. Тоқшылық бұл жолы Нестаймен биледi. Өзiне айыптай
қараған қыз жанарында жылымықтау сыз бар екен. Тоқшылық сонда ғана мына
талдырмаш қыздың өзiн жақсы көретiнiн, өзгеден қызғанатынын, мұның өзiнен де соны
талап ететiнiн бiлдi. Iшi жылып, жарқ етiп күлiп жiберiп, музыка екпiнiне орай тосын
шалт қимыл жасады. Мұның iшкi сырын түсiнгендей, Нестай да жарқ етiп, қаладай
тiстерiн жарқырата көрсетiп, сүйсiне кiнәлай қарады. Дем арасында жаудыраған
жанарынан бөлекше бiр ықылас жаңа бiр ғана сәтте торлай қалған қызғаныш, ыза
табын қуып бара жатты.
Жастар таң қараңғысында ауылға қайтты. Көк аспанда жыпырлаған сансыз жұлдыз,
түрме белбеудей боп созыла қалған Құс жолы, таңғы салқын самал Тоқшылықтың
кеуiлiн өсiрiп жiбердi. Жанында борттан ұстап тұрған Нестайдың ыссы демiн сездi.
Оны құлап қалмасын деп, белiнен қолымен сүйеп тұрды. Ендi қыз денесiнiң табы, бiр
көтерiлiп, бiр басылған кеудесiнiң жылуы мұның қолын бойлай таралып, әлдеқандай
өмiр қуаты өзiне қарай ақырын, ақырын ие бердi...
9
Шапалақ шарт ете қалды. Екi бетi ду етiп, ерiксiз шегiншектеп кетiп, Набат жерге
ұшып түстi.
— Өй, ұятсыз! Сенiң мұның не, а? — дедi Майнақ от алған тракторша қалш-қалш
етiп.
Набат үндемей орнынан тұра берiп едi, екiншi шапалақ шекесiнен кеп тидi. Бұл
басын қабырғаға оңдырмай соғып алды. Сосын ерiксiз қорғанып, орнынан атып тұра
сала, сыртқа жүгiре шықты да, алау-далау қалпы совхоз кеңсесiне қарай беттедi. Ол
мұндайда не iстеу керек екенiн ойластырып та жатпай, басын оқжыланша қақшитып ап,
көлденең жұртқа көз салмастан, директордың кеңсесiне баса-көктеп кiрiп барды да,
iште отырған Елекеш пен Әбдудi көрiп, ентiге дем алып, есiк алдына тұрып қалды.
— Набатжан, не боп қалды? — дедi Әбду үрейленiп.
Набат сонда барып есi кiргендей, аяғын iлбiп басып, шеткi орындыққа отырды.
— Не боп қалды? — дедi Елекеш те қуарып.
Набат оған жазғыра қарады:
— Не болсын, сойқан боп қалды.
— Не, не?