— Таңдап тапқан жарыңыз сабап тастады, — дедi Набат кекетiп.
Әбду көзi алаң-ғұлаң етiп, орнынан ұшып тұрып:
— Ол иттiң мұнысы несi, әй? — деп, Набатқа бiр, Елекешке бiр қарады.
Елекеш түнерiп кеттi:
—Шақыр әлгi оңбағанды!
Әбду Майнақты шақыруға кеткенде, Набат Елекештiң сазара бастаған түрiне қарап,
еңiреп жылап жiбердi. Әлдеқандай өкiнiш көкiрегiн осып алғандай.
— Қой, жылама, — Елекеш орнынан тұрып, мұның қасына кеп, қолын мұның
мойнына салды. — Жылама. Көбi кетiп, азы қалды.
— Солай ма? — Набат оған жас жуған көзiмен карады.
— Иә, солай. Мына егiндi бiр жайлы қылайын. Сосын... бәрiне қолды бiр сiлтейiм.
Набат директорға сенбей, оның жүзiне алғаш рет күдiктене қарады:
— Солай ма?
— Дәл солай. Тек әзiрге сыр берме.
Сол арада ауыр есiк сықырлай бердi. Елекеш қолын тез тартып ала қойды да, орнына
барып отырды. Iшке Әбду мен Майнақ кiрдi. Директор Майнаққа сыздана қарады:
—Шырағым, сенiң мынауың не?
Набат Елекештiң бiр жерi де бүлк етпеген бетiне қарап, iшiн тарта бастады.
Майнақ сүмiрейiп тұр. Елекеш ақырып жiбердi.
— Әй, сен кереңсiң бе? Мен сенен сұрап тұрмын ғой!
Майнақ басы салбырап, ештеме демедi.
— Әй, саған айтам, келiншегiңдi неге жазықсыз ұрасың, а? Осы үшiн бiлесiң бе не
болатыныңды?
Майнақ мiңгiр еттi:
— Мен... немене, өз қатынымды да сабай алмайым ба?
— Қа-атын? Сабау?! — деп, Елекештiң жыны қозып кеттi. — Әй, сен қай заманда
өмiр сүрiп отсың, а? Кәзiр Совет заманы емес пе? Мұндай кезде… феодализмге
салынып… Сенiң өз қатыным нең, а? Әй, ол деген озат күрiшшi, ертеңгi ауданның
абыройы емес пе? Ондай озатты ұрып-соүу қылмыс қой, — деп, ол үстелдi
жұдырығымен бiр қойды. — Кәзiр әйелдердiң правосы тең. Ол сенiң жекеменшiк
мүлкiң емес. Кәне, айт, неге ұрдың?
— Мен бiлмей... ана әйелдердiң өсегiне ерiп...
— Қай әйелдiң? — деп Елекеш ақырып жiбердi.
— Ана Айзаданың.
—Шақыр маған Айзаданы! Набаттың енесiн де шақыр!
Елекеш Айзада iшке кiрер-кiрместен, үстелдi дәу жұдырығымен сабалап, тарпа бас
салды:
— Сенiң бұ не iстеп жүргенiң, а? Совет жасы жайлы өсек таратып, бiр-бiрiн
шағыстырып қойғаның не, а? Айт, кәне, көзiңмен көрдiң бе?
— Жоқ, — дедi Айзада абыржып.
— Ендеше не сандалып жүрсiң?
— Мен... жәй... неке төсегiн салғасын...
Елекеш қара кемпiрге бұрылды:
— Сiз көзiңiзбен көрдiңiз бе?
— Жоқ.
— Ендеше өсекке неге ересiз? — Сосын Елекеш Айзадаға атып жiберердей боп
қарады. — Сен осы не шатып жүрсiң, а? Понимаешь, мұның не екенiн? — Елекеш
орнынан атып тұрып, үстелдi жұдырығымен қойып калды. — Кәзiр мына келiншектен
кешiрiм сұра! Әйтпесе ындық өткiзiп жiберем!
Айзада мен Майнақ не дерiн бiлмей, бiр-бiрiне ыңғайсыздана қарап қойды.
— Болыңдар! — дедi директор дiгерлеп.
Айзада күңк еттi: