Стр. 186 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

Жықпылдың бергi ойынан тымық ауада түлкi құйрығынша бұлаңдай көтерiлген
бозғылт түтiн көрiндi. Сәлден соң түтiн қоюланып, самаурынның кернейiнен
шыққандай будақ-будақ боп көтерiле бастады. Соның артынша қап-қара түтiн соғый
тұрған жел қанатымен желпiгендей түйдектелiп барып, жайыла бердi де, лап ете түстi.
Iзiнше қызғыш сары жалын тiлi сумаң ете қалды.
Жұрт шу ете түстi:
— Өрт шықты!
— Ойбай, өрт!
— Өрт, өрт!
— Ана маялар өртенiп атыр!
— Жолдастар, алға! — деп, Әбду қолын жоғары көтерiп, мотоциклiне мiне сап,
солай қарай тартып бердi.
Жұрт асып-сасып, қолдарына iлiккен шелек, күректерiн ала сап, екi етектерi
далақтай, өртенiп жатқан маяларға қарай жүгiре жөнелдi. Тоқшылық да аяғы аннан-
саннан бiр тиiп, ұшып келедi. Кейбiр жерде төмпешiктерге сүрiнгенiне қарамастан,
жұрттан қалған жоқ. Барлығы ентелей жеткен бойда, гүрiлдей жанған қалың жалынға
қойып кетуге батпай, әлемет ыстықтан көздерiн қолдарымен көлегейлеп, керi серпiлдi.
Жалын сәт сайын үдеп барады. Сәлден соң сумаңдаған қызыл тiлiмен маяның сақ тарта
бастаған сарғыш шөбiн апыра-жапыра орап ап, ыстық құшағына көмiп жiберiп, мына
жұрттан қызғанғандай айбат шеге карады. Сосын олжасына көз алартып, қол жүгiрте
қоятын екi аяқтының жоқтығын байқағандай обырланып, маяны гүрлеп жанған қалың
өртке айналдырды. Қатты қызуға шыдамаған пiшен әуелi қоңырайып тұрды да, iзiнше
шөге түсiп, ыстық құшаққа сылқ етiп құлай кеттi. (Набат самсоз). Жалын жер мен
ауаның, жел мен шуақтың бар нәрiн сiңiрiп, хош иiсi аңқып тұрған жас шөптi
қомағайлана қарпыды. (Елекеш соған телмiре қарады). Әп-сәтте от тiлi шалқи жанып,
бiр дүниеге айналып, өзiне жақындағандарға айбат шеге қарағандай болды. Ол
Тоқшылықтың шашқан бiр шелек суын быж еткiздi де, лезде буға айналдырып жiбердi.
Тоқшылық қасы-кiрпiгi үйiтiлiп, кейiн шегiндi.
— Қасқа-ау, өлейiн деп жүрсiң бе? — дедi Әбду кейiп.
— Кейiн шегiн, кейiн шегiн, — дедi Нестай дызақтап.
«Әумесер», — дедi Елекеш iшiнен. «Алаңғасар», — дедi Набат iшiнен.
Тоқшылық бiр шелек суды ала сап, тағы да iлгерi ұмтылды. Сол арада:
— Екiншi мая өртендi, — дедi Мылтықбай айқайлап.
Жұрт керi серпiлдi. Жаздай Жықпылдың етегiне қақалып өскен еркектi орып, маялап
үйген шөптiң соңғы үшеуi ғана қораға тасылмай қалған едi. Орақ басталып кетiп, оған
мойын бұруға Елекештiң мұршасы болмаған. Ендi сол бiр-бiрiне жақын тұрған мая зор
қызуға шыдамай, бiр бүйiрi құрт түскендей iшiне қарай омсырайып, қарайып барып,
лап ете түстi. Екiншi мая толық жалын құшағына оранғанда, қалың өртке айналды.
Ешкiм ештеңе iстей алмады. Тек Елекеш ақылға кеп, жұрттың қолдарына кетпен, күрек
алдырып, өрт егiске ұласып кетпесiн деп, айнала арық қаздыра бастады. Ат арбалар мен
өз газигiмен су тасытып, пышырай қашқан жалынды сөндiрттi.
— Есiл дүние-ай! — дедi ауданнан келген тiлшi санын соғып.
— Өзiнiң қоятын түрi жоқ қой, — дедi Жұман басын шайқап.
— Қайдан қойсын, асты үйiлген көп қи едi. Маяны соған әдейi биiк қып
тұрғызғанбыз, — дедi Балғынбай.
— Ақсақал, өшiр өнiңдi! — деп бағанадан берi ширығып тұрған Елекеш осы арада
шыдамай, қатты ақырып жiбердi. Жүзi түтiгiп, қарауытып кетiптi.
Балғынбай бiрдеме дей берiп едi, Елекеш ақырып:
— Кет! Құры! Бұл арада тұрма! — дедi.
Әшейiнде анау-мынауға қозғала қоймайтын Балғынбайдың түрi қап-қара боп кеттi:
— Әй, сенiң кетiң не осы? Кет деп, немене, мұнда итiң бар ма?
Елекеш ашу үстiнде артық кеткенiн аңдамады: