«Бiрлiк» колхозының әр жағындағы қара төбеге кеп бiр-ақ тоқтаған-ды. Әкесi сол арада
көштi тоқтатып, қараүй тiктiрiп, өзi атына мiнiп, «Бiрлiкке» кеттi. Ол көп кешiктi.
Бiраздан соң барып келдi. Ол кезде колхозда бригадир боп жүрген Қоңырбайдың
мұның әкесiмен iлiк-шатысы бар кiсi едi. Мұны көрiп, бiр қап астық беру орнына, өзiн
НКВД-ға ұстап бере жаздапты. Содан қорыққан әкесi түн iшiнде үйдi қайта жықтырып,
дүркiрей көштi. Олар дарияны жағалай отырып, Басықараның түбiндегi жатақ
Қаракесектерге келдi. Оларға бiр тайлағын берiп, асып-сасып жүрiп, қайықтарын
жалдатып, арғы бетке өтiп алды. Өткенмен де тыным таппай, ендi iз жасырып, қалың
тоғай өскен дарияны бойлап, шығысқа қарай жүре түстi. Қалың маса талап, жандарын
көздерiне көрсетiп барады. Түйе үстiнде отырған бұған жиденiң удай тiкенектерi
қадалып, бет-аузын тырнап, әбден көресiнi көрсеттi. Оның үстiне ұзақ жүрiстi бұрын-
соңды көрмеген бұның белi үзiлiп барады. Нәр татпағанына қанша күн болғанын өзi де
ұмытып қалды. Басы айналып, құсқысы келдi. Лоқсып барып, алқымына тiрелген
әлдененi сыртына шығара алмай, көзi қарауытып кете бередi. Бiр арада аяғына киген
етiгiнiң өзiнен-өзi тар соғып, әсiресе, қонышының тырсылдап кеткенiн емiс-емiс
аңдады. Үстiңдегi қара барқыт шапаны да тырсиып кеткен. Алмашкүл одан арғысын
бiлмейдi. Бәрi бiр түрлi тұман сияқты. Олар қалың жиденiң арасынан шығып, тастаққа
салып, емпелеңдеп деп жүрiп отырды ма қалай. У-шу болған қатын-бала жылап, мұның
қасына кеп, ортаға алып, қаумалады ма қалай. Шешесiнiң дауыс салып жылағанын
естiдi ме қалай. Әйтеуiр, анық бiлмейдi. Санасының бiр қуысыңда сондай бiр ызың
қалып қойған. Оның не екенiн, — әлде кiсi даусы ма, әлде қасқырдың ұлығаны ма, —
бүгiнге дейiн түстеп ажырата алмайды. Ол дыбыс зың-зың етiп шыңылдап құлағының
түбiнде тұрып алады. Ол бiр кезде есiн жиса тып-тиыш там iшiнде жатқан тәрiздi. Жаңа
ғана әулеп соққан жел басылғандай. Бұл шалқ ортасынан жатыр. Көзiн ашып қараса,
тас төбесiнде алба-жұлба бұлттар шығыс жаққа қарай жөңкiле көшiп барады. Көк жүзi
бүркеу. Аздап ызғырық есетiндей. Ол қозғалайын деп едi, әлi келмедi. Бiр құдiреттi күш
өзiн қара жерге шегелеп тастағандай. Басы қорғасын құйғандай көтертпейдi. Қолы
өзiнiкi емес сияқты. Ол ақырын ыңырсып, қолын қозғайын десе, өз бармағы бұның
тәнiнен бөлек, әлдеқайда, аулақта жатқан тәрiздi. «Апырау, маған не көрiндi? Апам
қайда?» — деп, жан-жағына қарайын десе, мойнын да бұра алмайды. Ол тек көз
қиығымен соқтан соғылған, жаңбыр сабалап, сабаны шыға бастаған боз диуалды көрдi.
Оның бiрақ не қылған там екенiн бiле алмады. Өз-өзiнен аздап ыңыранды. Солқ-солқ
еткен шеке тамырын ауырсынып, қайта-қайта ыңырсыды. Сүйтiп жатып қайтадан
талықсып кеткенiн байқамады. Көз алдында неше түрлi сұсты бiрдеңелер — жын ба,
дию ма, — әйтеуiр, не бiр дәу перiлер ойнап шыға кеп, шаштары алба-жұлба боп,
әуемен көшiп барады. Олар, әне, кенеттен тыр жалаңаш әйелдерге айналып, лаулата от
жағып, соны айнала билей бастады. Бұның соларға қосылғысы келедi, бiрақ қорқады.
Үрейi ұшып, тамның бұрышына тығыла түседi. Кенет әлгi от лап-лап ете қалғанда,
перiлер жоғалып, екi орта қақ айрылып, жойқын Нiл дариясы болды да кеттi. Оның
үстiнде қыл көпiр тартылыпты. Мына жаққа қараса, кiлең сүйектерi ғана қалған,
көздерi шүңiрейген, тiрi әруақ сықылды бiреулер сыңсып кеп, әлгi қыл көпiрден бiр-
бiрлеп өтiп жатыр. Шегiншектегендерiн алып бiреу астындағы дүлдүлiн тебiнiп
жiберiп, нәһандай гүрзiсiмен сартылдатып кеп сабайды. Содан қорыққан әлгi мiскiндер
лажсыздан көпiрге кеп қойып кетедi. Бұл анықтап қараса, көпiрдiң бiр жағы от, бiр
шалқыған су. Әлгi тiрi әруақтар қыл көпiрмен қалт-қалт етiп жүрiп кеп, салмақтарын
тең ұстай алмай, бiресе отқа, бiресе суға құлап жатыр. Олардың шыңғырған дауыстары
аза бойыңды қаза қылады. Ендi бұны да әлгi перiлер тауып ап, сол қыл көпiрге қарай
сүйреп келедi екен дейдi. Бұл бармайым деп, баж-баж етедi. Сол арада қыл көпiр, әлгi
перiлер неше түрлi құбыжыққа айналып кеттi. Бiрыңғай қара сұр түс көз алдында
тұрып алды. Кап-қара бiрдеңе алдынан ашылып келе жатқандай. Тек әне бiр жерде
жарық сәуле түсiп тұрған сәл ғана сызат бар. Бұл оның не екенiн бiлмейдi. Бар назарын
солай қарай аударып алған. Оның әр жағынан бiреулердiң күңгiрлеген даусы