қалады. Өзi қозғалуға ұялады. Тiлемiс те тым-тырыс жатыр. Алмашкүл сонда алғаш рет
мына тiршiлiктен татқан несiбесi мен көрген қызығына канағат қылды. «Құдая, осы
бергенiңе шүкiршiлiк», — дедi. Ендi өзiнiң осы отбасынан ешқайда да кетпейтiнiн, бұл
жерде тастай батып, судай сiңетiнiн анық бiлдi. Өзi мына момын кiсiге жақындай түстi.
Аздан кейiн қараса, құндақтаулы жатқан Елекешi бiр шетке ысырылып қалыпты.
Өздерiнiң көрпесi қосылып кетiптi. Сонда Тiлемiс басын көтерiп, Елекештi берi қарай
жақындатып қойған едi…
Не айтары бар, шалы да, жақын апасы да Елекешке еш алалық көрсеткен жоқ. Қайта
жақын апасы өз енесiндей, ақылшысындай боп кеттi. Өмiрi бұлар әйел боп
шаңқылдаскан жоқ. От басының күйкi тiрлiгiн апасы өзi атқарады. Мұның онымен
жұмысы жоқ. Бiлектi сыбанып жiберiп, Тiлемiске көмектеседi. Ол жылқы қарап
кеткенде, бұл ұзын-ұзын науаларға құдықтан тартып, су толтырып қояды. Сонда
жүгiрiп жүрген Елекештiң бiрде бұл толтырып қойған суға қойдың құмалағын
лақтырып жiбермесi бар ма? Алмашкүл суды тазалап үлгере алмады, — жылқы құлады.
Шөлдеп келген жануарлар күнделiктi дағдылы орындарына келiп, суға бас салды.
Жаңағы құмалақ түскен науаға жақындай бере, шұбар айғыр тұмсығын суға бiр малып,
аузын шайып, мұрнын шүйiрiп, керi шегiне бердi. Басқа биелер де жеркенiп, суды
iшпей қойды. Бұл жалма-жан науаны төңкере сап, iшiн сумен шайып-шайып жiберiп,
суды қайтадан құя бастады. Тiлемiстiң сонда бұған бiр ақырып қалғаны бар. Одан
бөтен шалы еркектiк жасап, қодырайып көрген жоқ. Өзi отбасына жайлы. Бала-шағаны
ұрмайды. Ешкiмге алалығы жоқ. Баяғыда Елекеш оқуға барам, пұл тауып бер дегенде
Тiлемiс қимайтын қызыл маясын сатып, баласының қалтасына теңге қылып берген.
Сонда-ақ бұл осы шалына құдай бередi, деп түйген. Сонысы айтқанындай келдi.
Елекеш оқу бiтiрiп азамат болды. Оның қара домалақтарын бұлар сүйiп отыр. Тек
келiнiнiң осы екi баламен тоқталғанына бұл ренжидi. Анада бiр сөздiң ретiнде: «Көп
баланың не ауыры, жеңiлi бар? Ертең өздерi бiр-бiрiн жетелеп, азамат боп кетедi ғой»,
— деп едi, келiнi жақтырмай: «Осыларды асырап алсақ та жетер. Итше күшiктеп не
керегi бар?» — деп қойып қалды. Бұл жақтырмай, терiс қарады. Бiрде басқа ұлдарына
кетiп қалғысы келдi. Тек екi немересi әжелеп, iзiнен қалмай қойғасын, амалсыз кiдiрдi.
Iшке Тiлемiс кiрдi. Мәсiшең қалпы мұның қасына кеп, буындары күтiрлеп, малдас
құрып отырды. Алмашкүл оған қарап:
— Шал-ау, ана Балғынбайды балаң қамап тастапты дейдi. Бүгiнгiнiң жастары қатты
ғой. Көз көрген сыралғы кiсi емес пе? Кеуiлiне ауыр алып жүрер. Барып, қой десейшi,
— дедi.
— Жаңа естiгем. Барсам, ауыл сәбеттiң кеңсесi жабық. Кiсiлер оны Елекеш босатып
жiбердi дейдi, — дедi Тiлемiс ақырын сөйлеп.
— Кәртейгенде о жазғанның мұнысы несi екен?
— Кiм бiлiптi? Бәндә әр кезде өзiнiкiн жөн көредi ғой. Ендi оның бала-шағаның
шаруасына араласуын қоятын уағы жеткен жоқ па?
— Пақырдың алданышы болмағасын, оны-мұны ермек еткiсi келедi де, — дедi
Алмашкүл.
Тiлемiс үндеген жоқ. Сол арада батып бара жатқан күннiң қызғылт шапағы оның
бетiне түсiп, кәрi жүзiн бiр түрлi қызғыш тарта көрсеттi. Алмашкүл жымың ете түсiп,
шалын тақымынан басып-басып қойды.
12
Балалар бақшасының меңгерушi боп жұмыс iстейтiн Күлжамаш ақпарды қарап отыр
едi, топсасы сылқылдап, сыры түсе бастаған қарағай есiк сарт етiп ашылып, iшке
Айзада етегi алау-далау боп кiрiп келдi. Ол есiктi сықыртлатып жапты да, ақырын,
сыбырлай сөйледi: