қараған жiгiттiң басында айласы көп болады. Оратын да, жинайтын да нәстеңдi соған
сүйенiп барып жасасаң, қатарыңнан кем болмайсың. Әгәр қатарыңның бiр иығы
өзiңнен биiк жатса, дүнияның азабы сол. Құдай соны басқа бере көрмесiн деп тiлейiм,
— дедi де, Досберген шал кiлт тиылды.
Тоқшылық түнде қонып отырып, шешесiнен кеше Орақтың келiп кеткенiн естiдi. Бiр
кiндiктен шыққан ағасы Баршақұм жағында бiр отардың iзiнде он шақты жылдан берi
салпақтап жүр. Шиеттей бала-шағасы бар. Кеше ол мал бағуды қойып, бiр жерге
тұрақтап қоныс тепсем бе деген ойын да аңғартыпты. Бiр сөзiнiң келе жағында
Тоқшылық оқуға барар болса, аздап қол ұшын берсем бе деп, құм арасында бағып
жүрген түйелерiнiң барын да айта кетiптi. Бүгiн таң азанда әкесiнiң бетi ендi берi
қарамасын бiлiп, өз малынан бiр-екi қой әкелуге асығыс аттанған көрiнедi. Тоқшылық
iштей ағасын аяды. Ол кешегi жылдары жетiм-желпi өсiп, Елекештермен қатар оқыды.
Мектептi орта жолда тастап кетiп, қара жұмысқа бiлек сыбанып кiрiстi. Содан осы
отбасының барша ауыртпалығын бiр өзi көтердi. Досберген елуiншi жылдардың
ортасына таман сақал-шашы қудай боп, күркiлдеп жөтелiп, елге келдi де, совхозда
жеңiл-желпi жұмыс iстеп жүрдi. Одан бiр жыл өткесiн Орақ келiншек алды. Тоқшылық
мектепке барып, кемпiр-шалға алданыш болуға қарағасын барып, қойға шықты. Содан
берi де он шақты жылдың беделi болды. Тоқшылықтың iзiнен қайтып қара ермедi.
Әкесiн ұзақ уақыт күтiп, қара жұмысты ер кiсiше апырып-жапырып iстеген ше–шесi
бертiн келе күрт шөгiп, қартайып қалды. Кәзiр ол қатар әйелдерiне қарағанда, кемпiр
сияқты. Тоқшылық осылар есiне түсiп, үнсiз отырып қалды.
Түске таман Патшайым кеп, әкесiн көрдi. Әкесiнiң долырып, буылтықтанып iсе
бастаған аяғын кiшкене балғашасымен жәйiмен ұрды. Тiршiлiк тынысы жоғала
бастаған табан ештеңенi сезер емес. Патшайым ақырын басын шайқап қойып, қолымен
басып едi, әке табанында саусағының iзi бiразға дейiн өшпей бiлiнiп тұрып алды.
Сосын ол көрпенi жауып, ыстығын қайтаратын дәрi-дәрмек берiп, сыртқа шықты.
Тоқшылық оған iлесе шықты. Темiр қобдиын қолына ұстаған Патшайым есiк алдында
аспанға қарап тұр екен. Сонау мөлдiреген көктiң бiр түкпiрiнен тырналардың
тыраулаған үнi естiледi. Тоқшылық да сол жаққа қарап едi, күн сәулесiне бауырлары
шағылысып, жебе ұшындай үшкiлдене ұшып келе жатқан тырналарды көрдi.
— Күз де болды, құс қайтып барады, — дедi Патшайым ақырын ғана.
— Мезгiлi ғой, — дедi Тоқшылық басқа не дерiн бiлмей.
— Иә, әр нәрсенiң өз мезгiлi бар.
— Жеңiше, әкемнiң жағдайы қалай... болар екен?
Патшайым мұның бетiне тура қарады. Қақ-соқты көп көрген ажарлы келiншектiң
салқын тарта түскен жүзiне қарап, Тоқшылықтың тұла бойы шымырлап қоя бердi.
— Дәнеме етпес. Жас ұлғайғасын ыңқыл-сыңқыл көбейедi ғой.
Тоқшылық оның бұл сөздi мұның кеуiлi үшiн айтып тұрғанын бiлдi. Бұл iшiнен
талай жыл бойы Мылтықбайдың еркелiгiн де, дарақылығын да көтерiп келе жатқан осы
ажарлы келiншектi жақсы көретiн.
Патшайым бұған тағы да көз қиығын тастап:
— Қалай, салыны орып боп қалдыңдар ма? — дедi.
— Жақындап қалды.
— Осы Набатты сенi ыңғайлап жүр деушi едi.
— Жәй әңгiме ғой. Ол менi нағылсын?
— Иә, өмiр деген қызық, — дегендi не таңғалғаны, не өкiнгенi белгiсiз бiр дауыспен
айтты да, Патшайым басқыштан түсiп, аурухана жаққа қарай кеттi.
Түс кезiнде Тiлемiс, Жұман, тағы да басқа ауыл шалдары әкесiнiң кеуiлiн сұрай
келдi. Олар кетiсiмен, Тоқшылықтың есiне жұмысқа баруы керектiгi түстi. Сосын
шәйдi асығыс iше сап, ас қайырды да, жаяу жүрiп отырып, түс ауа Есентайға жеттi.
Балғынбайдың бригадасы қос маңындағы салыны әлдеқашан орып боп, дария жақтағы
жалпақ жазыққа сұғына кiрiп кеткен екен. Басқа бригадалар да қауырт жұмыс үстiнде.