— Бiреу-мiреу қыдырыстап жүрiп, темекiсiн сөндiрмей тастай сап, — деп аз кiдiрдi
де, Әбдуге барлай қарады. — Осы Тоқшылық темекi шегетiн бе едi?
— Бұрын аздап шегетiн, — дедi Майнақ күңк етiп.
— Кәзiр ше?
— Кәзiр ме? Шеккенiн көре қойған жоқпын.
— Апырмай, ә, — дедi Құмай бетi қып-қызыл боп тұрып. — Елеке, сiздiң сөзiңiздi
тiрiлтейiн. Ол өзi кеше... ана Жықпылдың басында жүрген.
— Не, не? — дедi Елекеш абыржып.
— Рас, рас. Қолында қосауызы бар...
— Апырмай, ә ? — деп, Елекеш үнсiз қалды.
— Өй, ол от тастап нағылсын? — дедi Мылтыкбай.
Тамақ үстiнде әңгiме мандымады. Мылтықбай мектеп оқушылардың жағдайын сөз
еттi. Құрдасының соңғы кезде күрт өзгерiп кеткенiне таңырқап жүрген Елекеш
әлденеге кеуiлi ауырлап, ұзақ үнсiз отырды.
Шайдан соң Мылтықбай орталыққа баратын болды. Оларға кiр-қоңымды жудырып
қайтайын деп Құмай қосылды. Елекеш тез келiсiп, жаңадан алған шопыры Майнаққа,
жiгiттердi орталыққа апарып тастағасын, Күлжамашты мiнгiзiп, Байқожадағы
iнiлерiнен мал алып келiңдер, деп тапсырды.
Машина жүрiп кеткесiн, салынған төсекке Әбду екеуi қатар қисайған Елекеш тың
тыңдағандай ұзақ жатты. Әбду қор ете түскенде барып, басын жастықтан көтерiп ап, оң
жақтағы масаханаға қарады. Сосын алып-ұшқан кеуiлiн зорап басып, еңбектеген қалпы,
қолы дiрiлдеп, масахананың етегiн аша бердi. Набат ояу екен. Көрпенiң шетiн қолымен
көтерiп, ысылдап-пысылдап жақындай берген мұны мойнынан тас қылып құшақтай
алды…
Жарты сағаттан кейiн шаруасын бiтiрген Елекеш өз орнына жата берiп: «Бұл жүрiс
алып қалған ұрғашыны қой. Ретi келсе, байының көзiн ала бере, ойнасын жасай бередi.
Су iшiп үйренiп қалған құдық… өзi…», — деп күлiмсiреп қойды.
15
Бүгiн аупарткомнан Елекештi бюроға шақырған хабар жеттi. Хатшының аяқ астында
неге бюро шақыра қалғанын түсiне алмай, бұл қатты толғанды. Жұмысқа зауқы соқпай,
алдындағы ақпарды ысыра салды. Қабырғадағы сурет, плакаттарға қарап, ұзақ отырды.
Ойына бiр шаруасы түсiп, Мыңбаевты шақырып алды.
— Ақсақал, анадағы шаруаңыз не болды? — дедi ол жүзiн жылытпастан.
— Жаман емес, қарағым. Жұртқа берiп атқан пенсиесiн бердi ғой.
— Дұрыс екен. Онда бүгiн сiздi құрметтi демалысқа шығарып саламыз. Так, так. Ал,
ендi орныңызға қолайлы кiм бар?
— Ояғын ойланған жоқпын.
— Ана дыбырлақ қарауыңызда iстедi ғой.
— Әй, оны қой. Берекесiз бiрдеме.
— Онда... Әбду қалай болады? Жоғары бiлiмдi. Ел жағдайын жақсы бiледi, iскер
жiгiт дегендей.
— Оны, қарағым, өзiң...
— Жоқ, сiздiң ұсынғаныңыз жөн.
Кешкiсiн совхоз клубында жиналыс болды. Мәжiлiстi өзi басқарып отырған Елекеш
құрметтi демалысқа шығып бара жатқан Мыңбаевтың сiңiрген еңбегiн мақтап, совхоз
дирекциясының атынан арқасына шапан жауып, сыйлық салынған конверт бердi.
Сосын басқа мәселелердi сөз қылды. Түн ортасына таман бiткен жиылыстан соң
үйлерiне Әбду екеуi бiрге қайтты.
— Пәледен құтылдық па, жоқ па? — дедi Әбду ыржиып.