жаңбыры басталмай тұрып, астықты тез жинап алу керектiгiн сөз еттi. Сосын қолхоз-
совхоздарға бөлiнген уәкiлдер сөйледi. Әлге дейiн бұның совхозына уәкiл келмеген едi.
Сүйтсе, Жалпақбайдың қолы тимептi. Ол сөз алып, мұның салысын, орақ науқаны
қызып жатқанын мақтады. Елекеш кеуiлдене бастады. Есентайға жаңадан үй тiктiру
керектiгiн ойлап қойды. Сүйтiп отырғанда бюроның аяқталғанын аңдамай да қалды.
Кең залда бұған тапал қара тiлшi қарсы ұшырасты. Амандасып болғасын, мұны
шеткерiрек алып шыға бердi:
— Елеке, бiр әңгiме бар.
— Иә, немене?
— Ана Тоқшылық дейтiн жiгiттi бiлушi ме едiңiз?
— Иә.
— Ол ендеше… былай, мақала жазыпты.
Елекештiң төбе шашы тiк тұрды. «Қап, иттi асырасаң, өзiңдi қабады деген. Мынаның
алдын алмаса, болмас». Ол сосын аңтарылып тұрып қалған тапал қараға жымия көз
тастады:
— Айтқаныңа рахмет. Жүр, шәйланып қайтайық.
16
Тоқшылық неде болса деп, бiр iске белiн бекем буды. Өзiн-өзi қамшылап, стансаға
келдi. Пойыздан түсе сала атам заманда шомбал-шомбал тастардан салынған абажадай
вокзалдың iшiмен жүрiп отырып, сыртқа шықты да, аздап ойланып алмақ боп бiраз
тұрды. Жан-жағына көз салды. Қарсы беттегi автобус тоқтайтын жерге қарады. Ол
тұста кiсi көп екен. Қап арқалаған, дорба көтерген, бала жетектеген әйелдер мен ер
кiсiлер жетерлiк. Тоқшылық көзiн олардан асыра бере, аспанда жөңкiлiп көшiп жатқан
ала бұлтқа, ауық-ауық жалба-жұлба бұлт арасынан ұрлана сығалай қараған күн көзiне
қарады. Ауадан жаңбыр иiс шығатындай. Терiскейден қиялай тұрған суық жел денеге
салқын тиедi. Анадай жерде тұрған қара талдың жапырақтары сарғайып, жерде төсек
боп жатыр. Айналадан күздiң болғаны анық байқалады. Ол осылайша жан-жағына
самарқау көз тастап тұрғанда, қорапша тоңқаңдап, лақсасы шыққан автобус та жеттi.
Жиналмалы есiк ашылар-ашылмастан, iштегi кiсiлердiң түскенiне қарамай, орын тауып
алуға тырысқан жұрт жапа-тармағай лап қойды. Еркектер әжеңдеп, әйелдер бажылдап
жатыр:
— Әй, алақөз, итерме! Немене мұндағы адамды кiсi емес, ағаш дейсiң бе?
— Әй, қатын, ыбылжымай болсайшы!
— Әй, жетпегiр, қайдасың? Бол, мiн!
— Мына шiркiннiң мiнiстр болғандай шiкiрейе қалғанын қарай гөр!
— Ха-ха-ха-ха!
Соларға қарап тұрып, бiр түрлi Тоқшылықтың күлкiсi келдi. Сосын сағатына қарап,
уақыттың таңғы оннан асып бара жатқанын көрiп, жәйiмен аяңдап, осы жерден онша
алыста емес газет редакциясын бетке алды. Аздан кейiн iшке кiрiп, осы газетте iстейтiн
бiр кiсiге барды. Сұйық шашын қысқа қырқып, бiр шекесiне жыға тараған боз бет
кекселеу кiсi аздап бiр шекесiнен сынап қарайды екен. Ол мұның сәлемiне ернiн
жыбырлатты да, көзiмен қарсы алдындағы орындықты нұсқады. Тоқшылық орындыққа
кеп жайғасты.
— Айта бер, құлағым сенде, — дедi ол ерiне сөйлеп. Қой көзi келiм-кетiм кiсiден
әбден ығыр болған адамның сыңайын байқатады. Бұған да: «Сен де арызқой бiреу
емессiң бе?» — дегендей енжарлау көзiнде қуақы ұшқын жылтырайды.
Тоқшылық сасайын дедi:
— Мен... өткенде бiр хат жолдап ем. Сосын...
— Қай йерден?