— Өй, ол керек. Осы үйде әлi ет те бар емес пе? Сонымен алдаса жарамай ма!
Олардың үйiнде әлi ет толып тұр дейсiң бе?
— Балам, халық кәдiрлеген кiсi жайлы олай деме, — дедi Тiлемiс қабағын шытып. —
Бiр кезде о да сендей әкiм болған. Бiрақ ол кездегi басшылардың құлқы бөлектеу
сияқты едi.
— Көпшiлiк қамы қой, — деп, Елекеш әкесiне езу тарта қарады.
— Иә.
— Бапа-ау, кәзiр заман басқа, заң басқа. Әр кездiң әз түсiнiгi болмай ма?
— Қойшы, сол көксау шалды. Халық қамын сол ойласа, жетiскен екенбiз, — дедi
Күлжамаш қолын сiлтеп.
Тiлемiс аузы әйдiк келiнiне тiс жарып ештеңе дей алмады, Елекеш те үндеген жоқ.
Қырылдауық Жұман мен Досбергеннiң арасында әлге дейiн жасырын жатқан
бiрдеменiң барын бiлетiн Алмашкүл де шәйды үнсiз сораптай бердi.
Үй iшiнде қолайсыз тиыштық орнады.
6
Баласының қара жаяу кетiп, дарылдатып машина мiнiп келгенiне шешесi қатты
қуанды. Әшейiнде түс әлетiнде құр шәймен ғана өзек жалғайтын ол қуырдақ қуырып,
әбiгер болды да қалды.
Досберген мырс еттi:
— Сен немене балаң мiнiстiр болғандай.
— Е, мiнiстерден несi кем? Азар болса, оның мiнгенi мынадан әдемiрек шығар. —
Шешесi бұған қарап, айналып-толғана бастады: — О жарығым, шiлдеде көрген
шырағым! Азамат болды деген, мiне, осы, әйдiк бастықтың ат-көлiгiн жегiп!
— Тәйт әрi! — деп, Досберген жақтырмай қалды. — Әлден бiреудiң қосын жексе,
бара-бара не болады?
— Ау, мына Кете Тұрмағамбет шайыр «Әрқашан арғымақпен ақырлас бол» деп
айтқан емес пе?
— Арғымақ? О қандай арғымақ? Сондағы дүлдiлiң, қазанатың ана Елекеш пе? Паһ,
шiркiн! — деп, Досберген мырс еттi.
— Е, жұрттан оның несi кем? Өз қатарының алды...
— Бүгiнгiнiң алды сол болса, сонда арты кiм болды? — Досберген бойына шөккен
ащы зiлдiң уытын қайтарғысы келгендей көз алабы қызарып, түйлiгiп бiраз отырды. —
Онан да ыржанайы ашыған десейшi. Баяғыда бiз... Өмiрдiң жықпылы мен ау-жайын
бiлмеген екенбiз, — деп, қарт кiсi көптен берi бiр бүйiрiнде шаншудай қадалып жатқан
ойының шетiн шығарды.
—Шал-ау, өткендi қазбалай берудiң не керегi бар?
— Қазайын деп отқан мен жоқ. — Досберген қалтасынан шыны құты алып, насыбай
атты. — Бiр сөздiң кележағы ғой. — Сосын бұған бiр қырын қарап отырып: — Қайдам,
замана жолы осы шығар. Iргелiге үндеме деген. Бүгiн бiреудiң қосын жексең, ертең
бiреу сенiң қосыңды жегедi. Дүния кезек деп бұрынғылар бекер айтпаған. Әйтеуiр,
ұрыспай-қағыспай, жұмысыңды атқарып жүрсең болды да, — дедi.
Тоқшылық әке сөзiн үнсiз тыңдады. Қаршадайынан осы от басының ыстықсуығын
көрiп өскесiн бе, әкесiнiң жөн сөзi мен әдейi қисық, қыңыр тарта сөйлейтiн кезiн оның
бет әлпетiнен анық байқайтын.
— Келер жылы оқуға тағы да барасың ба? — дедi әкесi көзiнiң астымен бiр қарап
қойып.
— Иә.
— Әрмияға алып кетсе ше?
— Алса, амал не, кете берем де, — дедi Тоқшылық күлiп.