Стр. 22 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Кете берем? — Әкесi мырс еттi. Iзiнше өңiн жылытып, маңызды бiр әңгiме айтар
ыңғайын көрсетiп, кеудесiне түсiп кеткен басын кiлт жоғары көтерiп алды. — Сен осы
бiздiң жағдайды да бiр ойлап көрдiң бе? Мына шешең қашанғы сылпылдап қазан-ошақ
маңында жүре бередi? Ендi бiр-екi жылдасын шәй қайнатып, отын жаруға да шамасы
келмейдi. Менiң отырған түрiм мынау. Орақ болса, қой соңында салпақтап жұр. Сен,
асылы, қайда кетсең де, бiздiң қолымызды ұзартып кет.
Мына сөз құлағына жағып кеткен шешесiнiң жүзi кiрiп, жымың ете түстi:
— Иә, жанботам, сүйт. Бiз де ел қатарлы келiндi боп, немере сүйейiк те.
— Өй, құрсын! Кiмдi алам? Сендердiң ыңғайларыңа көне қоятын майлыаяқ жоқ қой
кәзiр, — деп, Тоқшылық басын ала қашты.
— Неге? Көзiңдi ашып қарасақ, не көп — қыз көп.
— Ана Әзбергеннiң баласы бiр көргенге жаман бала емес. Тас қайнатар пысық. Әке-
шешесi де құдай деген жандар. Асылы, сен көп әңгiменi қой да, соған ен тақ, — дедi
әкесi.
Тоқшылық әңгiменiң шындап бара жатқанын сезiп, бiр сәт ойланып қалды.
Шынында да, соңғы кездерi әкесi сырқаттан шықпайтын болды. Шешесi де кейде қол-
аяғы бүрiсiп жатып қалады. Ондайда өзiнен басқа қолтығынан сүйейтiн бiр жан жоқ.
Ағасы Орақ малда. Расында да, кемпiр-шалды келiндi қып, бiр қуантып тастағанның не
айыбы бар? Осы жағын Тоқшылықтың өзi де қабырғасымен кеңесiп көрген. Бiр мезгiл
оқуға түсе қалған жағдайда кәрi кiсiлердiң отымен кiрiп, күлiмен шығып жүретiн кiм
бар дегенде, есiне қайта-қайта Набат орала берген. Сөз жоқ, жағдайын бiр түсiнсе, сол
түсiнедi. Басқа қыз мұны Алматыда шалқақтатып қойып, өзi ауыл арасының сыпсың
есегiне қап, алым-салымы шығып, жұмыс iстеп жүрмейдi. Бұған қолай тек ғана Набат.
Сырттай оқуға барғанда бiрге емтихан тапсырып, ауылға бiрге ала қайтады. Бiрақ қыз
соңғы кездерi, әсiресе, былтыр, окуға түскеннен бастап, бiр түрлi боп өзгере бастады.
Бұрын онша кеуiл аудара қоймайтын жылтыраққа үйiрлiгiн көрсеттi. Жыл бойы Кеңтүп
пен Түбек арасын жол қылып шапқылап жүрсе де, iшiн онша ашған жоқ. Тек бiр жолы,
осы әңгiменiң түбiнде айтылады-ау деген сыңаймен, келешек шаңырақ көтеру жағын
әлдененi жақауратып жеткiзген. Набат қараторы жүзi қуара бал-бұл жанып, iш толқыны
сыртына теуiп, дем жетпегендей танауының желбезегi қусырыла түсiп:
— Оған әлi ерте емес пе? — дей салған. Бұл қарсы дәлелiн айта бастағанда, кыз сөз
бетiн басқа арнаға аударған. Одан кейiн де Тоқшылық осы жайды бiр рет айтып көрдi.
Қыз бұл жолы кет әрi еместiгiн байқатты. Бiрақ: «Азырақ сабыр ойлайық. Ерлi-зайыпты
болу қайда қашар дейсiң. Алдымен өмiрдi көрiп, оның жықпыл-жықпылын бiлiп
алайық та», — деген. Бұл сонда ол нағылған жықпыл деп ойға қалған. Шынында да,
өмiрде жықпыл бола ма? Мектепте оқытқандай өмiр деген алып-ұшқан жас кеуiлдiң
қандай талабын да бетiнен қақпас айдау қара жол емес пе? Пенде шiркiн сол соқпақтың
өн бойында бiр-бiрiмен тайталаса жарысып, ағайын, ел боп, тату-тәттi тiрлiк кешiп,
өлшеулi демi бiткен күн ұлкен жолдың бiр сәйкесiнде, жүзiн шеге топырақ көмiп,
жамылып үнсiз кала бермей ме? Мiне, осындай адамның соншалықты қысқа өмiрiнде
соншалық бас қатырып жатар не құпия, не жықпыл бар? Өмiр сүру үшiн бағзы
замандарда жасаған ата-бабалардан мирас боп келе жатқан жөн. Өнегенi үлгi тұтса
жарамай ма? Соның бәрiн мына шырайлы заманда қайта тексерiп, қайтадан
кетiққұтығын жамап-жасқап, өз бетiнше түзету енгiзудiң қажетi қанша? Сонда да
Тоқшылықтың бiр таңғалатыны, әлгiндей жөн-жобаны, нұсқалы сөздi көп бiлсе де,
адам баласы мына жарық дүниеге шыр етiп келген бойда-ақ соны тұтынбай өзiнше
қадам жасап, ұлылардың айтқан ойын және бiр тексерiп өтедi. Бұрында да, кеше де
солай болған. Бүгiнде де солай болмақ па? Мына мен де сүйтпекпiн бе? Сонда осы
әурешiлiктiң барлығы өмiрдiң жықпылын, сырын бiлу үшiн бе? Өткен жолы Набат та...
— Иә, сол Набаттан артығы жоқ, — дедi шешесi самбырлай сөйлеп.
Тоқшылық еңсесiн тiктеп алды: