Стр. 210 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Осы сенен бiрдеме сұрасам деймiн. Сен осы Набатпен жүрдiң бе? — дедi де,
кенеттен қып-қызыл боп кеттi.
— Жоқ.
—Шының ба?
— Имандай шыным. Жүрген емеспiн. Бiрақ былай... жолдас ретiнде сыйласқанбыз.
Артық ештеңе де болған жоқ. Сен... ол йағын ойыңа алмайақ та қой. — Тоқшылық
Набатка сөз айтқаны есiне түсiп, қозғалақтап қойды.
Майнақ қайтып тiс жарған жоқ.
Тоқшылық оның жанын қинап жүрген нәрсе Набатты Елекештiң өбектеп кеткен
жайы екенiн сездi. Сол арада Елекештiң кейбiр қылығы есiне түсiп, iшi мұздап сала
бердi. Басына неше түрлi күдiк шапты. Аздан соң совхоз орталығына жеткесiн,
машинадан түстi де, үйiне келдi. Iшке кiрiп, төске тартып жатқан әкесiнiң жанына тiзе
бүгiп отырды. Бұ жолы Досберген қарттың өкпе сырылы мүлдем күшейiп кеткен екен.
Өзiнiң етi қашып, қу сүйегi қалыпты. Тек ғана тоза бастаған екi көзi әлi де тiршiлiк
нәрiнiң таусыла қоймағанын сездiргендей, болмашы ғана жылтырайды.
— Балам, не бiтiрiп қайттың? — дедi Досберген әзер сөйлеп.
Тоқшылық көрген-бiлгенiн қысқаша айтып бердi. Әкесi басын шайқап:
— Апырмай? — дедi өзiне-өзi әлденеге таңғалғандай сыңаймен. — Балғынбайды
бүйте қояды деп кiм ойлаған? — Сосын ол бұған басын бұрды да, мұның бетiне
қажыған көзiн ақырын тастады. — Балам, қанша дегенмен, бәндә шiркiн өз тейпасымен
бiрге күн көредi. Адам күнi адаммен деген. Бара қояр басқа жерiң болмағасын, сол
тайпаның айтқанына ылажсыз көнесiң. Көнбесең, елге түрткi боласың, басың пәлеге
қалады. Асылы, барған жерiңе тастай батып, судай сiңу керек. Онсыз соңырағы күнi
өзiңе қиын. Сосын түкке тұрмайтын нәрсеге бола, кiм көрiнгенмен қиқылдасып
жатқанның несi дұрыс? Одан не өнедi? Iждеме де. Сен барып арза айтқан кiсiлерiңдi
сүттен ақ, судан таза перiште деп ойлайсың ба? Ау, олардың өздерi де кезiнде осылай
ептеп-септеп өскендер емес пе? Олар сондықтан да саған шоши қарайды. Бiле бiлсең,
қай заманда да ептi де естi кiсiлер қашан да екi жеп биге шығады. Сен, асылы, мына
дауыңды қой. Дау қусаң, дауға жолығасың деген. Одан да қара басыңның қамын ойла.
Үйтпесең, ертең өкiнесiң.
Әкесiнiң сөзiн тыңдап отырып Тоқшылық iшiнен: «Неге олай? — дедi. — Сонда
шындыққа көз жеткiзбеу керек пе? Соны көре-тұра неге мен жорта өтiрiк айтуға
тиiспiн? Әлде өмiр заңы сондай ма? Әгәр олай бола қалса, бұрынғы данышпандар неге
өтiрiк айтпаңдар деген? Сонда осыған сенсек, онда даналардың сөзi өтiрiктi де айтпа,
шындықты да айтпа боп шықпай ма? Сонда не жайында айтуға тиiстiмiз? Жалпы бұл
өзi... қалай болады?»
Ол iштей дағдара бастады.
17
Әзберген қыңқылдап жүрiп, ақыры әйелiн айтқанына көндiрдi. Өз тұстастары —
ауыл ақсақалдарын бiр мал сойып, үйiне шақырды. Ондағы ойы — сырқатының бетi
күннен күнге жаман тарта түскен Досберген қарттың кеуiлiн аулау едi. Тiрлiк дәнiн
бәле жеген бастасын отбасында құрметтеп сыйлап, баяғы ықылас-пейiлiнiң құйттай да
өзгермегенiн көрсету болатын.
Әуелi шалдың бұл ниетiне Кәмпит қарсы болды. «Соншама асығып, жаның шығып
бара ма? Орақ бiтсiн», — деп бет бақтырмаған. Бұрын кемпiрiнiң ығына жығыла
салатын Әзберген осы жолы көнбей отырып алды. Ол iштей кешегi бұлғақтап ескен бай
қызының қоңыр тiршiлiктi қомсынып, бар кiнәнi өзiне артып, өкпесi қара қазандай боп
отыратынын бiледi. Өз ойынша, дүние қуып, қараған қара бастыү қамын кәйттеп жатар
уақыт болды ма? Ел басын бiрiктiрейiн деп қауымдасу тұсында бұл атқа мiндi. Жұрт