шайыры Тұрекеңдi сөзден сүрiндiрмек боп: «Һәй, Турмуһәммәд, әгәр шайыр болсаң,
мана түйә не гәб деп бара йатыпты, шуни айтсаң, ә?» — дептi. Сонда Тұрекең түйенiң
соңынан қарап тұрып: «Үстiме төрт қап ұнды арттың, басымды алға қарай тарттың.
Жүк артса, өзiмнiң қазағым артсын, тап шешесiн с...йiн сендей қара мойын сарттың!»
— деп бара атыр дептi.
— Өй, қатырыпты!
— Сөз болғаныңа!
— Ана сарттың шайыры не деп жауаб қайырыпты?
— Өй, сен де бiр? Тұрекең сияқты шайырларға не деп жауаб қайыруға болады?
Аузына құм құйылған да.
Мына әңгiменi естiген шалдар қобырласып, мәре-сәре болды да қалды. Сол екi арада
Әзберген:
— Осы Тұрекеңдi «Шәһнамасын» киiзге орап көмдiрiптi деген не сөз! — деп қалды.
— Ол ырас. Елге келгеннен кейiн, Тұрекең өзiн тиыш қоймайтынын сезсе керек,
қайтарының алдында Кетенiң бас көтерер азаматтарын шақырып ап, жазғандарымды
басыма қойыңдар, дептi. Содан көп ұзамай о кiсi қайтыс болады. Кетелер қабiрдiң
ләһатын қазып, бiр жағына «Шәһнаманы» киiзге орап сап, шайырды жерлеп атқанда,
оны қайтадан ұстаймыз деп, IҢКIБIД-iнiң кiсiлерi жетедi. Шалдар оларға зиратты
көрсетедi. Олар ылажсыз керi қайтады. Содан ол кiтәбты, ұмытпасам, елу тоғызда, ел
тиышталғасын, Тұрекең ақталғасын, Кетенiң шалдары, құран оқып, көрден қазып
алады. Ол кәзiр... Тұрекеңнiң баласы Әбдiрәуiктiң қолында дейдi, — дедi Балғынбай
желпiне түсiп.
— Апырмай, ә!
— Ой, заман-ай десеңшi?
— Соны да көрдiк дегендей...
Сол арада Әзберген:
— Осы Тұрекеңдi Алматыға қалай шақырған өзi? — деп тағы да сұрап қалды.
— Қалай шақырсын, бiр iретi болған да. — Досберген күрсiндi. — О кезде Ұзақбай
Құлымбетов болса, ҚазЦИК-тiң бастығы, Темiрбек Жүргенов болса, нарком. Солар
келiскен да. Олар бiр ел қамын жеген қайратты ерлер едi ғой...
— Айтпақшы, осы Төлес Қожантайды сол Ұзекеннiң қарауында қызмет iстедi деген
не сөз?
— Сондай болғаны ырас. Кәзiр оны мына Өзбекстан йағында тұрады дейдi.
— Е, солай де! Бiздiң бастан не быланталай өтпедi? Асыра сiлтеу болмасын, аша
тұяқ қалмасынды да көрген бұл бас қой, — деп Тiлемiс кеңк-кеңк күлдi. — Құдайға
шүкiр, айналайын сәбет үкiметiнiң арқасында мал мен баска кенелiп қалдық.
— Тек тиыштығы болсын де!
— Осы сенен бiр сұрайын дегенiм бар едi, — деп Әзберген Досбергенге бұрылып
қарады. — Бүгiнгi балалар қайдан шығып, қайдан тарағанын бiле бермейдi. Осы кәзiр
кiмде шежiре бар екен?
—Шежiре дейсiң бе? Менде бiр үзiгi бар, жартысы жоқ.
— Менде де бiрдеңелер жатыр, — дедi Тiлемiс сөз қыстырып.
— Толығын табу қиын-ау. Дегенмен зерттесе, бiлетiн шалдар табылып қалатын
шығар...
— Немене шежiре жинап, арғы ата-бабамда қалмақты қырған батыр бар дейсiң бе?
— дедi Жұман оған мысқылдай қарап.
Әзберген ыңғайсызданып қалды. Ендi Досберген ушыққан жараны инемен
сұққылағысы келмей:
— Әй, ағайын, жарайды. Ойнасақ та бiраз жерге бардық. Тұрмағамбет: «Аз өмiрдiң
iшiнде адамдықтан басқаны жұмыс қып, жаным, не етесiң?» — деп деген емес пе?
Көлденең сөздiң не керегi бар? — дедi.
— Паһ, паһ, мiне, сөз асылы!