— Сөз болғаныңа! Нағыз дүр ғой!
— Қайран, Тұрекең десейшi!
Балғынбай содан кейiн көпке дейiн үндемедi. Өзi көптен берi бiр түрлi боп жүр едi.
Кешелерi Нестай келесi жылы оқуға барып, бақ сынап көрсем бе деген болатын. Сол
шалды қатты ойландырып тастаған. Бар-жоғын есептеп, бiр түрлi болған. Кеуiлiне
мұңлы қоңыр әуен оралған. Сол ызың қыс ызғарын анық сездiре жақындап қалған
қоңыр күздiң салқын лебiндей тұла бойын шiмiркендiрiп, қайта-қайта соғып, кетпей
қойды. Өзi жылы жаққа қайтып бара жатқан тырналардың үнiндей құлаққа талып-
талып жетедi. Кәзiрде де зыңылдап, басынан шықпай отыр.
Осы кезде қара үйдiң жарым жартылай ашық тұрған түндiгiнен оңтүстiкке қарай
ұшып бара жатқан тырналардың тыруы емiс-емiс естiлдi. Шалдар елең ете қалысты:
—Шiркiн, бұ деген күздiң болғаны да-ау!
— Бәрi кешегiдей едi. Бiр жалт етiп өте шықты.
— Әр нәстенiң өз мезгiлi бар.
— «Жас жеттi, ұрпақ өстi, жол бiздiкi», — деп Балқы Базар жақсы айтқан-ау!
— Ойһой, пәни дүния! — деп шалдар бiр-бiр күрсiнiстi.
Осыны естiген бойда көзiнен ыстық жас ытып-ытып шыға келген Кәмпит терiс
айналып, жаулығының ұшымен көзiн сүрте бердi.
Шалдар да ендi ана жолғыдай айтысып-тартыспай, қоңырайысып қалысты. Осы сәт
олар жадында сайрап жатқан бала шақтарынан басталған ұлы сүрлеудiң аяқталып,
тоқсан жолдың торабынша түйiлер тұсы жақындап қалғанын, мына ду-думанды
тiршiлiкте ауыз жарымас болмашы үшiн таласып-тартысудың түкке де керегi
жоқтығын, бiр-бiрiне соқтығыспай жұруге, кеуiл жетсе, даланың да, қаланың да
молынан жететiндiгiн, мына қысқа өмiрде өз тұстастарыңмен сiз-бiздесiп сыйласып,
бiр-бiрiн жақын тұтып, бауыр боп өткеннен артық еш нәрсенiң де жоқтығын, адам
өмiрiнiң ең басты мәнi де, мағынасы да адамшылық, ағайынгершiлiк, бауырмалдық
екендiгiн анық түсiнген едi.
Бiрақ бәрi кеш едi...
18
Тоқшылық ауданға қайта келдi. Газет басшысына кiрiп, мән-жайды айтты. Ол кiсi
бәрiн тексерiп көремiз деп, мұның арызын тартпасына сала салды. Тоқшылық сыртқа
екi ұдай боп пықты. Ақыры ауылға қайтпақ болды. Ол стансаға келгенде кенет аспан
күркiреп, найзағай шатыр ете түстi. Содан соң көк жүзiн тегiс жауып тұрып алған қара
бұлт исiнiп, ала жаздай тас боп қатқан кәрi емшегi жiбiгендей нұр суы тысырлап төгіле
жөнелдi. Тақыр көшеге құйылған тамшылар iлезде қақ болып тұрып қалды. Тоқшылық
төбесiне бiр газеттi төбетей сияқты тұта отырып, тәпелтек үйлердiң ығын алып,
вокзалға қарай жүгiре жөнелдi. Лезде үстi-басы су-су болды. Ол вокзалға жете бергенде
бiреу атын атап айқайлағандай болды. Жалт қараса, — Әбду. Ол қолына шаңырақтай
қол шатыр ұстап алыпты. Өзi:
— Әй, бала, берi кел! — деп, ыржың-ыржың етедi.
Тоқшылық оның жанына кеп, қол шатырдың саясына тығылды.
— Бала, осы бiздiкi не тұрыс? Бүгiн Алматыдан Роза Бағланова келiптi. Соған барып,
қонсерт көрсек, немене бiреуi бiздi тағымыздан жұлып тастай ма? Әйдә, кеттiк, — деп
Әбду қояр да қоймай, мұны сүйрелегендей ғып, аудандағы клубқа алып келдi. Өзi iшке
кiрiп кетiп, дем арасында екi билет алып шықты. Сосын сағатына қарап түрып: — Бала,
кәнсерт басталғанша әлi табаны күректей бес сағат бар. Бүгiн сен мына жаман ағаңның
шалқып келе атқан үстiнен шықтың. Кәне, мен саған қуанышымды жуайын. Жүр,
кеттiк! — дедi.