Стр. 217 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

Содан, екеуi аяқтарын тездете басып отырып, вокзал iшiндегi ресторанға келдi де,
терезе жақтағы үстiне ақтық жабылған үстелдiң жанында тұрған, арқалығы қайқиған
орындыққа кеп отырды. Отырар-отырмастан, Әбду оң қолын жоғары көтерiп, бас
бармағы мен ортаңғы саусағын бiр-бiрiне сүйкеп, сырт еткiзiп едi, соны күтiп
тұрғандай көзi қылмыңдаған толық сары әйел аяғын байпаңдай басып жетiп келдi.
— Маржан! — дедi Әбду ыржиып. — Жаңбыр болса құйып тұр. Қарын болса ашып
тұр. Бiрдемең бар ма?
— Ойбай-ау, өзiң шайырсың ғой, — дедi әйел өтiрiк күлiп. — Не жейсiңдер?
— Бәрiн. — Әбду өз қалауын айтты.
Аздан кейiн Маржан аяғын лыпылдата тездете алып, бұлардың талап еткен
нәрселерiн үстел үстiне қоя бастады. Ол мойны сорайған бөтелкенi үстелдiң ортасына
қоя бергенде, Әбду ыржиып:
— Түбi ашылатын болғасын, ашайық та. Оны бері әкел! — дедi де, оның бергенiн
күтпестен, бөтелкенi ала сап, қақпағын тiсiмен ашты да, мөлтiлдеген ақ арақты
алдарында тұрған стакандарға шүпiлдетiп құя бастады. Құйып болғасан, ол мұның
бетiне ыржия қарап: — Кәне, бала, жиналыс ашпай-ақ, бұйырған дәмi алып тастайық!
— деп стаканын мұның қолына ендi ала берген стаканымен соғыстырды да, басына бiр-
ақ көтердi.
Соны көрiп, Тоқшылық та iркiлмедi. Сосын кiшкене стаканға құйылған ащы арақ
өзегiн өртеп өткенде ерiксiз мұрнын тыржитып, ортада жатқан, тiлiмшелеп кесiлген
жуаны ап иiскедi. Сол сәт iшiнен: «Мас боп қалмайын», — деп ойлады. Бiрақ оны Әбду
еркiне қоймады, стакан жиiлеп кеттi. Аздан кейiн бойы жылыған Тоқшылық өзiнiң
сөйлеңкiреп бара жатқанын емiс-емiс аңдап қалды. Ендi бiр сәтте Маржан лыпылдатып
әкелген, дәмi жоқ, татуы жоқ лағманды құшырлана жедi де, тарелкенiң шетiне
дөңгеленте салынған, бiр шұқым күрiшi бар бифштекстi бiр-ақ асады.
Соны көрген Әбду мәз-мәйрам. Ол:
— Бала, далада емес, қалада отсың. Былай, мәдениет деген де керек, — деп
ырқылдай күлiп қояды. Аздан соң ол қулана күлiп, мұның бетiне екi көзi жылтырай
қарап тұрып: — Айптақшы, сен осы... бұяқта нағып жүрсiң, а? — деп сұрады.
— Жәй, — дедi Тоқшылық қашыртып.
— Әлде... Қыз-қырқын қуалап...
— Құдай сақтасын.
— Бала, айтпасаң, айтекемнiң тоқалы бол. Мына дәдеңе... бәрi де белгiлi, — дедi
Әбду ыржиып. — Сен өзiң жақсы жiгiтсiң. Құдай ақына, мен сенi жақсы көрем. Бiрақ
өте қызбасың. Бала, қызып сөйлеу, әңгiменi бұзып сөйлеу деген кейде кiсiнi орға
жығады.
— Неге?
— Өй, оның неге дерi бар ма? Ау, андамай сөйлеген, ауырмай өледi деп, қазақ
тегiннен тегiн айтқан ба? Екi елi аузыңа төрт елi қақпақ қоя бiлмесең, ана Қарасақал
Ерiмбет не деп едi... е, өзi қандай едi... — Ол қулана күлiп, көзiн сығырайтты.
— Менiңше, — дедi Тоқшылық сол арада табанының бүрi ұстамай, — қызып сөйле,
сабырыңды шашпай сөйле, әйтеуiр кiсiнiң шындықты бiр айтуы керек емес пе? Мәселе
сонда ғой.
— Бала, шындықты кейде айтпай да айтуға болады.
— Сонда қалай? — Тоқшылық екi иығын қиқаң еткiздi,
— Ол былай. — Әбду қомданып қойды. — Қазақта мақтамен мауыздау деген бар.
Өзiң ойлап көршi, сонда осы бiрдеменi мақтамен мауыздауға бола ма? Болмайды.
Мауыздау үшiн, ең алдымен, өткiр пышақ керек. Сонда... мауыздайым деп, қолыңа
пышақ алып көршi, сен былай... қылмыс жасайтын адам боп шыға келесiң. Сосын
қараптан-қарап жүрiп сотталасың. Сонда не iстеу керек? Менiңше, мақтамен мауыздау
деген, бастықтың көтiнiң астына iшiне мақта салынған көпшiк қойып, өйдәй, мақтау
деген сөз! Бұ деген... кiсiге жаманатты боп боқтау мен даттаудан әлдеқайда жақсы.