қоярдай боп аузына барынша жақын ұстап алған, талдырмаштау, орта бойлы қара қыз
барқырағанда, бұл шыдамай, ерiксiз күлiп жiбердi.
Әбду болса, мәз-майрам:
— Паһ, шiркiн! — деп, қатты айғайлай сөйлеп, ауық-ауық қолын шапаттап қояды.
Арада бiрнеше нөмiр өттi. Бiр ырбақай күлдiргi ән айтқан болды. Содан кейiн
домаланған бiр қара жiгiт сықақ оқып, елдi күлдiрген болды. Бiр қызығы, елдiң
күлуiнен, оның күлуi көп боп шықты. Одан кейiн шығып жатқан әншiлер де, күйшiлер
де елдi онша қызықтыра қоймады. Ақыры болмағасын, мұның жанында отырған,
барынша малына киiнген бiр орта жасқа кеп қалған, ажарлылау ақ сары әйел қолын
алға қарай сермеп:
— Әй, жiгiт, бәрiн қой да, Сырдың бiр термесiн айтыңдаршы! — деп айқайлады.
Сол екен, жан жақтағы ел дуылдаса кеттi:
— Е, сүйтiңдер!
— Ана естiрәдәңды қалаң барғанда айтарсыңдар!
— Бұ не у-шу!
— Әй, бозымбай, осы да кәнсерт пе? Адам тыңдайтын бiр әндерiң жоқ! Белентке
төлеген ақшамды қайтып берiңдер!
Конферансье жiгiт сасып қалды:
— Ағайын, тиышталайық! Келесi орындалатын...
— Әй, оныңды орындамай-ақ қой!
— Басқа бiрдемелерiң жоқ па?
Жұртшылық содан шаққа дегенде басылды. Тағы да бiр-екi жас жiгiт селкiлдеп ән
айтқан болды. Дәл осы кезде бағанадан берi қалғып-мүлгiп отырған Әбду кенет екi
аяғын алға қарай созып жiберiп, басы салбырап, тынысы ауырлап, пыс-пыс етiп, бiраз
тұрды да, бiр сәтте... қор ете қалды. Соны көрiп, Тоқшылықтың зәресi ұшып кеттi.
Дереу Әбдудi бiр иығынан жұлқылап едi, оның оянатын түрi көрiнбедi. Керiсiнше ол
тура өз үйiнде жатқандай боп, қорылды күшейттi.
Оған әуелi арғы бетте отырған мес қарын бiр еркек одырая қарады. Сосын алдыңғы
қатарда отырған бiр егделеу әйел ернiн сылп еткiзiп, кейiн бұрылып, шоши қарады.
Сосын... сосын... кең залда отырған жұрттың бәрi жымыраңдай күлiсiп, бұлар отырған
тұсқа қарады. Сол екен, бұл алдыңғы қатарда аудан басшыларының да назарын аудара
бастады. Мұны қуақы қонферансье де байқап қалса керек, бiр арада ол:
— Жолдастар, кәзiр менiң бiр ән айтқым кеп тұр. Оны тыңдасаңыздар бар ғой,
бiрден былай... қор-р-р ете түсесiздер, — деп, сұңқылдады.
Соны естiп, Тоқшылықтың бетiнен оты шықты. Бұл қанша жұлқыласа да, Әбду
оянар емес. Сол екi арада от жарқ ете қап, фотоаппарат сырт ете қалды. Аудандағы
газеттiң фототiлшiсiнiң өздерiн суретке түсiрiп алғанын бiлiп, Тоқшылықтың иманы
тас төбесiнен шықты. Сосын дел-сал боп бiраз отырды да, кенет басына бiр қулық
түсiп, қолын Әбдудiң пиджагының iшкi қалтасындағы әмиянына созып едi, Әбду селк
етiп, көзiн ашып алды да:
— Әй, сенiң... мұның не? — деп, қолына шап бердi.
— Ойбай, кеттiк! — дедi Тоқшылық жауап берiп жатпай.
— Қайда? Неге? Осы не болды өзi? — дедi ендi шындап оянған Әбду жан-жағына
алақ-жұлақ етiп қарап қойып.
— Кейiн, кейiн! Жүр кеттiк! — дедi де, Тоқшылық ендi оның сөзiн тыңдамай, аяғын
тездеп басып, сыртқа шыға бердi. Клубтан ұзап шыққасын барып, бiр арада тоқтай қап,
iзiнен ерiп келе жатқан Әбдуге бұрылды.
— Әй, не болды? — дедi ол тоңқылдап.
— Құрыдық, бiздiң сүгiретке түсiрiп алды.
Сол екен, дем арасында Әбдудiң мастығынан айығып сала бердi:
— Кiм, кiм?
— Ана фототiлшi.