— Жарайды, сол қызды от басына түсiрейiн. Бiрақ ол мен оқуға түсiп жатсам,
ауылда қала кояр ма екен?
— Неге, қалмасын? Қалады. Әке-шешесi осында, солай-солай деп қызының
құлағына құяр.
— Әй, қайдам.
— Сен қайдам-сайдамды қой да, қыз көнсе, алып кел. Босағадан бiр аттағасын,
қатын қашып қайда барар дейсiң, — дедi шешесi әлден қызынып.
— Әй, тоқтай тұр, — дедi Досберген қолын әнтек көтерiп. — Бүйтiп алдын ала тон
пiшпей-ақ қояйық. Онан да сен баланың өзiмен ауызба ауыз сөйлесiп көр. Не дер екен?
Сосын қалғанын көре жатармыз, — дедi де, ол демалатын ыңғайын көрсетiп, төсегiне
қисая бердi.
Жанына жағып кеткен әңгiменiң бұлайша тез аяқталғанына ырза болмаған шешесi
ернiн сылп еткiзiп, басынан ысырылып кеткен жаулығын дұрыстап тартты да, буын-
буындары күтiрлеп, орнынан түрегелдi.
Тоқшылық да орнынан түрегелiп, сыртқа шықты. Машинаны от алдырып, орталың
көшедегi тақыр жолға түсiп ап, Есентай жақты бетке алды. Совхоз орталығының
шетiндегi алқам-салқам гараждың жанынан өтiсiмен, Түбекке тура салды. Жап-жаңа,
жеңiл машина қол-аяғын бауырына ап, домалана жөнелген қояндай зулап келедi. Алдан
ойқыш-ұйқыш жер кездескенде танауы қайықша көтерiлiп барып, қайта түседi де,
баяғы әуенiне басады. Дала қуаң. Алдан соққан аңызақ қойны-қонышын кеулеп барады.
Бетiне әлдеқайдан шашыраған жылы тамшы соғып өтедi. Кеуiлi шат-шадыман, iлер
ағын қиядан шалып, қос қанатын қомдана сүйiрлеп, кейiн қарай лықси жөнелген ыссы
ауаны қақ-қақ жара заулай шүйлiккен мұзбалақша асып-тасып сала берген. Көзi
жарқырап, кеудесi көтерiле түскен. Машинаны қалай айдап, рульдi қалай бұрып келе
жатқанын сезер емес, ара-тұра оқалақ-шоқалақ жерлер кездескенде, рульдi қалай бұрып
үлгеретiнiне өзi аң-таң. Әйтеуiр, ойлы-қырлы жерге, ешқандай ықты жарға
қаратпайтын көл-көсiр сезiм түу сонау жан түкпiрiнде қуана асыр салып жатыр. Кәзiр
бар болмысы мұның өмiрiнде елеулi өзгерiс болатынын сезгендей. Шынында да, кәзiр
бұл Набатқа барады да, кеуiлiнде көптен берi шөгiп жүрген ең жақсы сөзiн айтады.
Мұны естiген қараша қыздың жүзiне ажар шауып, тұп-тұнық қара судай мөлдiр көзiнде
әлдеқандай жып-жылы ұшқын шашырап, қысыла күлiмсiреп сала бередi. Көптен
естiсем бе деген сөзiмдi жаңа айттың ба дегендей, кеудесi қуанышқа толып, бетiнiң екi
ұшы қызарып тұрып, маңдайына түскен балапан шашын қолымен керi серпiп тастап,
қысыла-қымтырыла бас изейдi. Сонысына өзi iштей қуанып сала бередi. Бұл сосын
Набатты қараңғы түсе мына ор қоянша орғыған машинаға мiнгiзiп, осы айдау жолмен
арлаған қалпы ауылға әкеледi. Онда ешқандай жықпыл дегендi сезбейдi. Жықпыл
демекшi...
Ол Жықпылдың өкпе тұсына келiп те қалған екен. Алдан егiс басына жеңiлденiп
көшiп, тiгiп қойған екi қараүй көрiндi. Набат тыста шай қайнатып жұр. Ол да бұған
елеңдей қарап, шымшуырмен қысып, самаурынның оттығына сала берген шаласын
бықсытып тұр. Тоқшылық ағызған қалпы дүр етiп, қыздың қасына кеп тоқтады.
— Сәлем!
— Саламатсың ба? — Набат қаладай тiстерiн жарқырата күлiп жiбердi. — Жын қуып
келе жатқан бұ кiм десем, сен екенсiң қой. Жәйша ма?
— Жай, — дедi де, Тоқшылық машинадан түсiп, оның жанына келдi.
— Мына машинаға жол болсын, — дедi Набат әзiлдегендей күле қарап.
— Бұдан былай мұны көкең айдайды.
—Шын ба?
—Шын.
—Шатаман ше?
— Оны жұмыстан шығарды, — дедi Тоқшылық сәл-пәл ыңғайсызданып.