таптым. Ендiгi бiздiң тiршiлiк осы. Әскери сапхоздың жағдайы жақсы. Ана «Ақайды»
айтам. Не десең де мына космодром бiзге жақсы боп тұр. Үкiмет әскерден iждеменi де
аямайды, Төретам тура Мәскеуге бағынады. «Ақай» сапқозы әскерлерге азық-түлiк
даярлайды. Бастығымыз орыс. Жақында мына МАЗ келiп едi, соны маған бердi. Су
жаңа. Үй жағы қиындау. Келер жылы там соғып алам дейiм. Содан... үйдi көшiрiп
алайын деп келе атырмын.
— Е, солай деңiз. Мынауыңыз... жақсы болған екен.
— Жақсысы сол, сүргiн аз. Екi күн адам құсап дем алам. Базар, дүкен жанында. Бала,
адам өзi бiлмейдi екен, шәрi деген раһат екен ғой, — деп Шатаман тамсанып қойды. —
Ал, өзiң... Немене...
— Жұмыстан шықтым, — дедi Тоқшылық шығарып жiбердi деуге арланып.
— Е, солай де. Ендi не iстемексiң?
— Бiр сыласы болар.
— Әкең қалай?
—Шүкiршiлiк, жатыр ғой.
Тоқшылық Шатаманды ақылсыз қыңыр көретiн. Ендi әтеберлi кiсiше сөйлесiп
отырғанын көрiп, iшi жылып сала бердi.
Әйдiк МАЗ танауын желдей шапқан ақбөкенше көтерiп ап, ойыла-ойыла ақ жем
болып қалған қос тармақ, қасқа жолмен арлай тартып келедi. Соңында ақ жiбек
орамалша шұбатылып, шаңы қалып барады. Алдан аңқылдап жел соғады. Мына
машина газикке қарағанда кедiр-бұдыр тұстарда қарақұйрықтың құйрығынша
шошаңдамай, сүйегi ауырлығын iстеп, секiрместен дiр-дiр етiп өте шығады екен. Әрi
жүрiсiнен орнықтылық байқалады. Нағыз алысқа шапса, арымайтын тұлпардан туған
хас буданның төл мiнезi. Төрт дөңгелегiн тең алып, қара жерден ажырамастай, содан
ешбiр табаны таймастай, арылдай зулап келедi. Тұмсығын сәл жоғары көтерiп ап
ұмтылғанда ертектегi алып дәулер ауамен ұшып келе жатқандай боп сезiледi. Машина
сүйегiнiң ауырлығына қарамастан жепжеңiл, сейiсiн тауып, мейiздей қатып жараған,
жүрiс тiлеп, тағым астында ойкақ-шыған бәйгi атындай. Мұндай қатты жүрiске
керторы газик аударылып кетер деп шошып, дегбiрiң қашатын едi. Мына машинаның
төрт аяғының көктен келмесiне соншалықты сенесiң. «Алып деген осы екен-ау!»
Шатаман темекiсiн бiр езуiне қыстырып, аузынан түтiндi будақтата шығарып отыр.
— Бала, машина қалай? — дедi ол мұның ойын бiлгендей.
— Жақсы екен! — дедi Тоқшылық шынымен сүйсiнiп.
— Сен де бiзге келсең, осындай машина айдайсың.
— Солай ма?
Тоқшылық үйiне келдi. Әкесi ендi бетi берi қарамасын бiлсе керек, жүзiн әрi салып
жатыр. Көп сөйлемейдi. Тоқшылық ауыр тиер деп, оған жұмыстан шығарғанын
айтпады. Ертеңiне кадрлар бөлiмiне барып, еңбек кiтапшасын алды. Бөлiм бастығы
тыштиған қара кiсi үндемей, бұған көзiнiң астымен салқын қарап қала бердi.
Сол түнi ауылға Орақ келдi. Алдына сап айдаған малы бар. Ол әбден Қырдың отын
жеп, түгi сыртына шыға жылтыраған дөнендi қораға әкеп қамады да, тал шарбақтың
аузын мықтап жауып, iшке кiрдi. Сосын ауыз үйде отырып,терлеген бетiн сүлгiмен
дамылсыз сүртiп қойып, бiр самаурын шәйдi бiр өзi тауысты. Көңi жiбiгесiн барып ол,
бұған бұрылып:
— Тоқшылық, ендi сен жас емессiң. Әкеңнiң жайын көрiп отсың, — дедi. — Мына
малды әлдеқандай болады деп алып келдiм. Сосын, — деп ол даусын соза түсiп, аз
iркiлдi, — мына бiр қуып жүрген дауың маған ұнамайды. Бастықтың бетiне қарсы
келгеннен табар пайда жоқ. Ол кәзiр саған бiрдеңе iстей қоймас, кейiн ұтырлы жерiнде
бiр орайын келтiредi. Сосын әлiң жетпес жермен ұстасып нең бар?
— Нем жоқ? — дедi Тоқшылық ағасына таңғала қарап.
— Үйтердей сен кiмсiң, пiркәрөлсiң бе?
— Жоқ.