Тоқшылық шығып кеткеннен кейiн қонақтардың сөздерi онша жараса қоймады. Шәй
үстiнде алым-берiм әңгiме орылып болып қалған салыдан басқа жаққа ауа қойған жоқ.
Оның үстiне нағыз мазасыз кез болғандықтан, ешкiм де жайласып отыра алмады.
Тiптен Елекеш шәй үстiнде орнынан екi-үш рет тұрып, жақын жердегi бригадаларға
барып, шұғыл нұсқау берiп қайтты. Соны ойлап отырып, Бәйдеш жақсы қабаққа кiрбiң
түспей тұрғанда, Алматыға қайтқанын жөн көрдi.
Кешке таман Бәйдеш қайтатын болды. Оны жолға шығарып саламыз деп, Әбду,
Мылтықбай, Елекештер совхоз орталығына келдi. Құрметтi қонақты аттандырып салу
онша сән-салтанатты бола қойған жоқ. Барлығы Мылтықбайдың үйiнде дастархан
басында бас қосты. Әркiм бiр-бiр тiлек айтқан соң, өздi-өзiмен боп кеттi.
Бәйдеш бүгiнгi карта ойнағанын есiне алды. Ол ұтып алған ақшасын қалтасына сала
бере, аз-маз iркiлiп қалғанды. Арам нәрсе қалтасына түсiп бара жатқандай, бiрақ оның
бетiн қайтаруға әлi жоқ кiсiнiң ыңғайын сезгендей әрi-берi болған. Қолын кейiн тартып
ала бере, қайтадан әрi қарай сұққан. Теңгенi қоя сап, орамалын ап бетiн сүрткен. Сосын
елеусiздеу қып Елекешке көз қиығын тастады. Кәзiрде де соған қарап қойды. Директор
әлденеге ырза болғандай жүзiне қызғылт шырай шауып, күлiмсiрей қалыпты. Екi көзi
қажыған рай байқатады. Тек ғана қабағының астында бұлыңғыр күнгi көлеңкедей бiр
мұң бар. Бәйдеш оның сырын ендi түсiнгендей болды. Кеше осында болған хикаяны
естiген. Сосын бүгiн iшке кiрiп-шығып жүрген Набат пен Елекештiң қас-қабағын
бiлдiрмей баққан. Бiрде келiншектiң шәй құйылған кесенi ұсына бере, оны құдды
бергiсi келмегендей қара судай күңгiрт жанарында ерекше құмарлық оты лып-лып етiп,
маздап барып, сөне қалғанын анық байқаған. Неге екенi белгiсiз, iшiнен қолына су
құйып жүрген Майнақты аяған. Елекешке бiр түрлi суық қараған. Сосын бiр
таңғалғаны, iштерiнде ит өлiп жатса да, мына кiсiлердiң дым бiлмегендей жайбарақат
отырғаны болды. Ол өзi жұмыс iстейтiн жердегi мұғалiмдердiң күл астындағы
қоламтадай жасырын жылынатын оты барын бұрында да бiлетiн. Бiрақ олар мынадай
боп араласып, бiр дастархан басында отырмайтын. Ол мыналардың өз ұрлықтарын
көлденең көзге сездiргiсi келмей, тымсырайып, бет-өңдерiн билеп ала қойғандарына
айран-асыр.
Кәзiрде де сол төңiрекке бiраз ой жүгiртiп отыр.
Патшайым Бәйдеш тұйықталған сайын неше түрлi ойға шомды. Iшкi ойы бойынша,
мына құрдастың келгенiн пайдаланып, жылы-жылы сөйлеп, тас қабағын жылытып алу
едi. Кiм бiледi, ертең ана қара домалақтары оқуға түсер болса, қол ұшын берiп қалар.
Мына Мылтықбайды сүйрелеп, бiрдеңе қорғатар.
Соны ойлап, Патшайым Бәйдештiң тәрелкесiне салат сала бердi.
Мылтықбай көп сөйлемей, өзгелердi бағып қалған. Бұл сыңайы өзiнiң ешкiмнен де
кем еместiгiн, терезесi тең екендiгiн сездiргiсi келгендей. Сол екен, елпiлдеп отырған
Патшайымға қарап, бiр түрлi жыны келдi. Оның iшкi ойын сезiп, мына жұрттың
көзiнше жалпылдай бергенiне арланды. Арлана келе, кенет өзiне өзiнiң жыны қозды.
Кандидат болмастай менiң мынадан нем кем деп, бiраз отырды. Бiр сәт атақ-абырой,
дүния-мүлiктiң заты нашарларды қаншалықты қол-аяғын байлап, тұралатып тастайтын
қуаты барын ойлады. Неге, дедi iшiнен. Бiр кездерi азаматтың басын сыйлаған кiсiнiң
жер ортасына жақындағанда ер кiсiнiң қалтасының қалыңдығына қарап бағалайтыны
қалай? Әлде өмiр шiркiннiң ең негiзi осында ма? Апырау, ол деген басы iстейтiн кiсiге
түкке де тұрмайды емес пе? Соны мына әйелдер неге түсiнбейдi? Түсiнбейдi? Өй, соны
бар кiсiге түсiндiрiп жату сенiң мiндетiң бе? Алдымен, неге өз жайынды ойламайсың?
Көпке топырақ шашқанды о заманда бұ заман кiм көрiптi?
Мылтықбай иығынан зiл батпан қорғасын басқандай, алдындағы үстелге иiле түстi.