Елекеш дел-сал. Кеше Набаттың жүзiн көрiп, тағы да сең соққан балықтай боп
қалған. Iштей өзiн дарияның ортасындағы қайраңда қалған кiсiдей сезген. Анықтап
қарап тұрса, екi жағы да атты кiсiнi атып ұрар асау толқыны бар ағын су. Қалай қарай
бет қойса да, су жұтпастан жүзiп шығуы қиын. Бұл соның қай жағына қарай бет алуды
бiлмей дел-сал. Тұра берейiн десе, астындағы қайраң тым баянсыз. Бiрден көздi жұмып,
суға қойып кетейiн десе, қорқасоқтайды. Сол екi ұдай сезiм үстiнде тағы да сүлеленiп
қалды. Сосын бiр арам ойы: «Соншалықты күйрейтiн не бар? Сен мүлдем ұтылған
жоқсың ғой. Қойныңда қатының бола тұра, жас қыздың басын айналдырып алдың. Ендi
осылай жүре бер. Тек сыр алдырма», — деп сыбырлағандай болды. Ол соған құлай
қойғандай, ақырын мысқылдай күлiмсiредi.
Күлжамаш күйеуiне сенуден қалған. Iштей қанша қызғанса да, Елекештi ендi өз
уысында ұстап тұруының мүмкiн еместiгiн сезген. Сосын iшкi есебiне сап, кәйткен
күнде де табыскер күйеуiнен ажыраспай, оның жiгiтшiлiгiн бетiне салык қылмай,
бiлмеген адамша жүре беру керек. Ертең кәртейгесiн, желiгiн өзi-ақ қояды деген. Сонда
бала-шаға есiп, билiк алғасын, сазайын тарттырам, деп түйген. Оның үстiне әкесi кеп:
«Кәзiр оны машқаралағаннан табар пайдаң жоқ. Оны жұмыстан шығарғаннан не
ұтасың? Одан да дым бiлмеген кiсiше жүре бер. Жiгiт жас кезiнде не iстемейдi?» — деп
ақыл айтқан. Сол қамшы боп, Күлжамаш кәзiрде де сүтке тойған қозыша томпиып
отыр.
Әбду мәз–мейрам. Қасындағы Бибiштi анда-санда арқасынан қағып қояды. Ол iштей
кешегi газетте шыққан суретте өзiнiң елеусiздеу қалып қойғанын ойлап, өзiне-өзi ырза
болды. Ара-арасында Елекешке қарап қойып, кеше ғана тасы өрге домалаған кiсiнiң
кенет ұнжырғасы түсе бастаған бiр жайын ойлап кеттi. Iшкi есебi бойынша, ойға қарай
домалаған арбаның үстiнен дер кезiнде түсiп қалғаннан дұрысы жоқ. Бұл әлден-ақ одан
аяқ тарта бастады. Бiрақ онысын құрдасына сездiрген жоқ. Қайта оның қамқорын жеген
боп, ұрымтал тұста алдына түсiп кетiп жүр. Оның себебi бар. Ол қозғалақтап қойды.
Бiр сәт тұнжырап отырған Мылтықбайға қарап, iшiн тартты. Бұ несi деп, азырақ
аңтарылып қалды. Бұл мына құрдасын әжуа қылам деп, нағыз сұңғыла етiп алған жоқ
па? Мылтықбай ертең өзiмен иық теңестiрсе, кәйтпек? Иығы бiр теңескен кiсi әуелi
аузыңа қақпақ қояды, сосын жолыңа қақпан құрады. Содан бақталастық басталады.
Бақталас та бiр, бәйгiге ат қосқан кiсi де бiр. Озу үшiн олар еш нәрседен де тайынбай,
неше түрлi айла-шарғыны ойлап табады. Мұндай жарыста озсаң да, бәле, озбасаң да,
бәле. Озсаң, күншiлiң көбейедi, қалсаң, өзiң арланып бiтесiң. Шамаң жетсе, бақ
таластырмаған мақұл. Таластың екен, маза жоқ. Таласпасаң, және қиын.
Ол бiр сәт Тоқшылықтың жай-жапсарын ойлады. Қызба жiгiттiң бүгiн қатты
қарайып кеткенiн, оны қатты шамдандыра берудiң қауiптiлiгiн сездi. Осы жайлы
Елекешке бағана шет жағалап айтып көрiп едi, директор қолын бiр сiлтедi. Соған Әбду
аздап арланып қалды. Басына, мен де шаруашылықтың бiр құлағын ұстап тұрсам, тең
кiсiше сөйлесер едi-ау, деген бiр ой шауып, қыржия түстi. Сосын, бiр есептен, мына
жағдайдың осылайша ушыға бергенiн мақұл көрдi. Елекеш пен Набат арасы қайта
жалғасып, тағы бiр шырғалаңның оны өз тереңiне апармай тынбасын бiлдi. Ендi
абайлау керек, дедi ол iшiнен. Сосын ол Елекештiң тереңдiгiне әрi таңғалды, әрi
қорықты. Бiр сәт өзiн iшiне толтыра дәрi салынған бөшкенiң жанында тұрғандай көрдi.
Қайыптан тайып сол дәрiге шырпы тие қалса, бөшкенiң быт-шыты шықпай ма? Соның
жанында тұрған кiсiнiң де жарақаттануы оп-оңай емес пе? Ендеше бұл неге
құрдасының қасында жалпақтап жүр? Осы арада өмiрдiң қара судай жалт беретiн бiр