бүре ұстап ап, төрге қарай итерiп жiбердi. Жiгiт керегеге барып соғылды. Сосын өзiне
атылғалы тұрған қасқырды көргендей жалт бұрылды. Көзi жанып кеткен екен. Елекеш
ендi мәмiленiң кештiгiн сезiп, бар денесiмен iлгерi ұмтылып, жетiп келген бойда оны
шапалақпен жағынан тартып-тартып жiбердi. Ара түскен Әбдуге бой бермедi. Ол
екiншi рет жақындап, ұра берем дегенде Тоқшылықтың жұдырығы шықшытын жанап
өткендей болды. Басы сәл ғана дың ете қалған сияқтанды. Сосын екiншi соққының
жерден өзiн әлдеқайда көтерiп, аулаққа қарай алып бара жатқанын сездi. Шегiне берiп,
темiр мосыға барып соғылғанында, бетiн темiр тiлiп кетiп, қан сау ете түстi. Соны
көрiп, Набат шар ете түстi. Сол арада Әбду мен Майнақ екi жақтап Тоқшылықтың
қолын ұстап үлгердi. Елекеш жан дәрмен деп, қатты қорланып, жүгiрiп келген бойда
Тоқшылықты ыңк, еткiзiп iштен бiр тептi. Бүгiле берген оны аямастан тағы да тептi.
Сонан арғысын бiлмедi. Көзi қарауытып кетсе керек, теуiп жатыр, ұрып жатыр. Бiрде
қараса, қолында темiр әтөшкiр жүр екен. Сонымен Тоқшылықты басы-көзiне қарамай
ұрып жатыр екен. Жiгiттiң үстi-басы қан-қан. Оның сонда қана есi кiрiп, қолына
ұстаған әтөшкiрдi анадай жерге лақтырып жiбердi. Дереу Әбдуге Тоқшылықтың қолын
байлатып, акт жасатты. Оған төбелеске куә болған он шақты кiсiнiң қолын қойдырып,
Тоқшылықты ауданға апарып, милицияға тапсырыңдар деп бұйрық бердi.
Бет-аузы қан-қан болған Тоқшылық машинаға мiнiп жатып, бұған қарап тұрып,
қатты дауыстап:
— Әй, түлкi! Көп ит боп, жаның қалды! Ендi оңашада кездессең, айтпады деме,
өтiңдi қабырғаңды сөкпей жарып алам! — дедi.
— Бар, әйда! — Елекеш қолын бiр сiлтедi.
Машина ала жөнелдi.
23
Директор көпке дейiн өзiне-өзi келе алмады. Қорланып, ешкiммен сөйлеспедi.
Сыртқа да шықпады. Кеш бата оған Балғынбай келдi. Еңгезердей қарт төбедей боп
отырып, әрiден сөз бастады:
— Қарағым, — дедi ол жәйiмен. — Жас кезде не болмайды? Мына баладан бiр
кәтелiк өткен екен. Әкесi анау, төсек тартып атыр. Сен кешiре сал.
Елекеш қап-қара боп, тiс жармай отыра бердi.
— Қарағым, саған үлкен басымды иiп кеп отырым. Боғыңмен жасты баламен ұстасу
азамат басыға лайық па?
Елекеш сонда барып тарс жарылды:
— Ақсақал, осы сөзiңiздi кезiнде әлгi балаға неге айтпадыңыз? Ендi келiп мәмiле
соғасыз. Жұмысыңызға барыңыз!
— Ә, асқан екенсiң. Сөзiң бар болсын, — дедi де, Балғынбай орнынан тұра бердi.
Елекеш жүзi қап-қара боп, ұзақ отырды. Ойы сан саққа шапты. Ақыры басына бiр ой
шауып, орнынан тұрып, сыртқа шықты да, ауылға барды. Үйiне кеп, есiктi жапқызып,
өртенiп бара жатқан iшiндегi қыжылды басқысы кеп, өмiрi iстемеген әдетiн iстеп,
жападан жаңғыз отырып, көк шай iштi. Күлжамаш томпаңдап жүр:
— Бүгiнде кiсi жақсылықты бiледi ме? Ол иттi бар ғой ындық өткiзiп жiбер.
Аздан кейiн әйелiнiң сөзi мұның жынына тие бастады. Әсiресе, оның iркiлдеген
бұғағын көргенде, қаны қайнап кетiп, аузын аша берген Күлжамашқа:
— Өшiр үнiңдi! — деп, ақырып жiбердi.
Аузы аңқайып, аңтарылып қалған Күлжамаш:
— Не, не? — дедi көзiн жыпылықтатып.
— Жоғал! Батыр қараңды! — дедi бұл қалшылдап.
— Қайда?
— Қайда болса, сонда.