Стр. 242 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

бақырмай, тiстенiп, көгерiп қатып қалған. Ендi бiрде қатты қимылдап, күшенiп кеп
қалғанында, iшi босап сала бергендей болды. Аяқ асты жағынан шар-р ете қалған
дыбыс естiле ме деп едi, ешқандай сыбыс сезiлмедi. Сол сәтте қозғалуға шамасы
келмеген Набаттың тұла бойын бiр рәһат күй кернедi. Өзi қимылдауға ерiнiп, сұлқ түсiп
жатыр. Айнала тым-тырыс. Кенет ол осы тиыштықтан шошынғандай, басын көтере
берем дегенде, өзiне төне қарап тұрған Тоқшылықты көрдi. Бұл жолы, неге екенi
белгiсiз, қорықпады, тек ұялып, бетiн басты. Сосын:
— Кiндiгiн кес, — дегендi әзер айтты.
Тоқшылық өлi туған шарананың кiндiгiн кестi. Бұны жылы етiп қымтады. Сосын
қосауызын иығына асынып, мұны жас балаша көтерiп алды да, үй жаққа қарай жүрдi.
Набат жiгiттiң үстiнен қарамайдың, аптаптың исiн сездi. Сол арада бiр қырынан
қарағанда онша әдемi емес қажырлы жүзi бiр түрлi сүйкiмдi боп көрiнiп кеттi. Сосын
мұның төбеден төмен түсе бере, үйге қарай тура беттегенiн байқап, зәресi ұшып кеттi.
Онан да жеңгесiн шақыртып алғанын жөн көрiп:
— Жiбер, — дедi ол ақырын.
Тоқшылық мұны жерге түсiрдi. Набат оның бетiне тiктеп қарай алмай:
— Жеңгемдi шақырып келшi, — дедi.
Тоқшылық iлгерi жүрдi. Сол арада Набат арғы ылдидан өзiне қарай асығыс адымдап
келе жатқан бiр топ кiсiнiң түрi-түсiн шырамытып тiксiнiп қалды. Солай қарай жүрiп
бара жатқан Тоқшылыққа:
— Тоқта! Барма! — деп айқайлады. Бiрақ Тоқшылықты тоқтатуға дәрменi
жетпейтiнiн бiлiп, әлi құрып, бүк түсiп отыра кеттi.
25
Тоқшылық Набаттың дауысын естiген едi. Бiрақ көкiрегiн қыж-қыж қайнатқан соқыр
ыза оның артына қарауына ерiк бермедi. Ол тiстенiп ап, алға қарай жүре бердi.
Ол бағана Әбдулер арақ алайын деп дүкенге кеткенде, Байқожадан салдырлап өтiп
бара жатқан жүк пойызының бiр вагонына жармасып, ауыл жанына келгенде,
жайпауыттау жерде дiк-дiк етiп, түсе қалған едi. Содан жын ұрғандай аяғын тездете
басып, үйiне келген-дi. Мұның дыбыснан оянып кеткен шешесi бұның жүзiне таңғала
қарап:
— Келдiң бе? — деп сұраған.
Тоқшылық шешесiне жауап бермей, қабырғада iлулi тұрған қосауыз мылтықты
алған. Iшiне екi патрон салған. Сол арада шешесi бiр бәленiң боларын бiлгендей,
айқайын сап, мұның қолына жармасқан-ды.
— Қайда барасың? Саған мылтықтың не керегi бар?
Тоқшылық оны шошытпайын деп:
— Жықпылға барам, — деген-дi жәйiмен. — Құс атып қайтам.
— Бұ кезде нағылған құс?
— Ау, құс деген кәзiр таң алдында шалшық суға қонбай ма? Соның үстiне барам.
— Немене сенi ауданның өзi босатты ма?
— Иә.
Сол екен, шешесi жұмсарып, қолын тартып алған-ды. Осы кезде әкесi ақырын ғана:
— Балам, — деген де, ар жағын айтпай, қолын әлсiз ғана сiлтеген-дi.
Содан Тоқшылық сыртқа шыққан. Бiр жамандыққа кеуiлi анық ауып, айдап отырып
директордың үйiне келiп, кiсi бойынан асатын ағаш қақпаны тарсылдатып қаққан.
Iштен қолына шырақ ұстап, Күлжамаш шыққан. Ол мұны көрiп:
— Ертелетiп нағып жүрсiң? — деген көзi быттиып.
— Елекеш үйде ме?
— Жоқ.