— Қайда кеттi?
— Ауданға, — деген Күлжамаш қуарып.
— Өтiрiк айтпа, өзiм сол ауданнан келе атырмын. Ол қалаға бүгiн аттап аяқ басқан
жоқ. — Сосын Тоқшылық зәрлене жымиған. — Мүмкiн, тоқалына кеткен шығар?
— Тоқалы? — деп, Күлжамаш онан әрмен қуара түскен-дi.
— Иә, тоқалы.
— Оның... тоқалы бар ма едi?
— Болғанда қандай. Немене сенен басқа қатын құрып қалды деймiсiң бұ жалғанда?
— деп, Тоқшылық терiс айналған-ды.
Содан Күлжамаштың сөзiне сенбеген ол директордың үйiн бiрер сағаттай сыртынан
торыған-ды. Iштен тырс етiп ешкiм шықпады. Сосын ол терезе жақты байқап көрмек
боп, дария жаққа шығып едi, тырылдағын жүйткiтiп бара жатқан Әбдудi көрген едi.
Оның бұл суыт жүрiсiнiң тегiн еместiгiн бiлген. Дереу соның iзiнен салған. Ауыл
шетiнен ұзап шығысымен, алыста шаңы бұрқырап бара жатқан мотоциклдiң
Жықпылды бетке алғанын байқап, басына бiр ой сап ете қалған. Сөз жоқ, ол сонда.
Басқа қайда болушы едi, деп, өзiне-өзi сыбырлай айтып, бойына ерекше бiр күш
құйылып, аяғын батыл басқан. Содан төтесiнен тартып отырып, Оқшының басына
шыққан. Биiк басында ентiгiн басуға тырысып, алқына дем алып бiраз тұрып, бiр-екi
рет кеуде кере дем алған-ды. Сосын айналаға, етегiнен басталып, терiскейге қарай
далия созылып жатқан қуаң далаға, төменде айдыны жарқыраған кәрi Сырға, Жықпыл
бойын қаулай ескен жықпыл мен дүзгенге көз салған-ды. Мұрнына қоңырқай дала
түсiн кернеп кеткен азанғы жақсы бiр иiс кеп, тұла бойы бiр түрлi жай тапқандай
болған-ды. Жаңа ғана серiппеше шиыршық атқан он екi мүшесi босап, буын-буыны
былқ-сылқ тартып, басы мең-зең болған-ды. Сол екен, өне бойы ауырлап, маужырай
бастаған. Сонда барып түн баласында кiрпiк iлмегенi есiне түскен Тоқшылықтың көзi
өз-өзiнен жұмылып, жанындағы бiр топ жабайы жиденiң түбiне отыра кеткен едi.
Басын жиде дiңiне сүйеп, сәл-пәл мызғып алайын деп ойлаған. Сүйтiп отырып, таң
алдындағы елең-алаң шақта өзiнiң күнi бойы тас-талқан боп бүлiнiп, соншама жүйкесiн
тауысқандағы шаруасының түкке тұрмайтынын, ол үшiн бас қатырып жатудың керегi
жоқтығын аңғарған сияқтанған. Шынында да, деген өзiне-өзi, онда тұрған не бар?
Артық жерге егiн егiп, өтiрiк алдап, рекорд жасап жатқандарда менiң шаруам қанша?
Жасаса, жасай берсiн. Немене оларға тиым салатындай мен кiммiн? Менi кiм
тыңдайды? Бүйтiп басымды дау-шарға салғанша, жайыма жүрсем кәйтедi? Оқуға түсiп,
диплом ап, қызмет iстеп жүрсем не етедi? Соншама мен бүлiнетiндей не бар? Бағана
Елекештi оңдырмай ұрып, сазайын берген жоқпын ба? Ендi оны мылтық атып,
қорқытам деген талабының несi жөн? Осы да ақылдылық па? Осы да өмiрдiң
жықпылын түсiнгендiк пе? Егер өмiр сырын тереңнен түсiнсең, мына жәйттi ұзақ
жолда кездескен сабақ деп, бiр бүйiрiңе тығып таста да, iлгерi жүре бер. Қылыш ұстау,
мылтық атудың заманы әлдеқашан өткен жоқ па? Үйтердей немене сен Отелломысың?
Сонда Набат Дездемона ма? Қайдағы. Керiсiнше соңғы кездерi Набат бұған өшiгiп
алғандай болды. Ол үйтердей мұның жазығы не? Бұл басқа бiреумен жүрiп-тұрып, жол
көрiп қалған қызды неге алуға тиiс? Бұ жерде бар кiнп Набаттың өзiнде жатыр емес пе?
Осы неге адам баласы өз кiнәсiн көре-бiле тұра, өзге кiсiнi кiнәлауға тырысады? Бұл
әлде кiсiге өз күнәсiн жасыру үшiн керек пе? Қы-з-ы-қ. Қалай десең де, күнәнi
көпшiлiктен жасыра алмайсың. Соған қарамастан жұрттың жоққа иланатыны қызық.
Сол арада әрi-сәрi боп ойланып отырған оның бiрдеңеге көзi жеткендей болған.
Набаттың ойынша, бұл қыздың болған-толғанын көре алмай жүрген сияқты. Сонда бұл
оның несiн қызғанады? Сол есiне түскенде, Тоқшылық өз-өзiнен ыңғайсызданған. Бiр
сәт жаңа мұны көрген Күлжамаш не ойлады екен деп қиналған. Ол бұны кiтапты оки-
оқи, ауышып кетiптi деген шығар? Әрине, сүйдейдi. Ендеше бұл сол сөздi терiске
шығарады. Кәзiр үйiне барады да, өзiн өмiрдiң жықпылын бiлгiзудiң орнына, қайдағы
бiр қиялға алаңдатып, әуейi етiп қойған бар кiтабын өртейдi. Бiрақ неге? Бұған