Стр. 244 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

кiтаптардың не жазығы бар? Ондағы сөздiң бәрiн өмiрдiң өзiндей көрген кiнә өзiнен
емес пе? Шамасы, солай-ау. Болмаса кiтап өмiрдiң өзi бола ала ма? Әрине, жоқ. Кiтапта
кiсiлер өмiрден көрген-бiлгенiн, өзiнше түйгенiн жазады. Оның кейiнгi замандарға дәл
келе бермес тұсы жетерлiк. Соны бiлмеген бар кiнә өзiнен. Кiтаптағы ұр да жық үрт
мiнездi кiсiлер құсап, алабөтен ширыққан айып та өзiнен. Сол арада iш жағындағы
екiншi бiр дауыс: «Неге?» — дегендей болған. Шынында да, өмiрде ондай жандар
болған, әлi де бола бермек. Егер мына тiршiлiкте шындықты ештеңеден де тайсалмай
айтып, сау басын саудаға салатын лақуалар мен әжуалар, әңгүдiктер мен мәрт кiсiлер
болмаса, жұрттың өмiр бойы бiрдеңенiң ақиқатына көзi жетпей өтпей ме? Жұрт сондай
ерекше адамдардың арқасында шындықты бiледi. Бiрақ ең өкiнiштiсi, шындықты
айтып, өзiнiң көзiн ашқан даналарды жұрттың әпендә көретiнi. Неге бұлай, а? Мәселен,
Қожанасыр ақымақ па? Сонда немене шәһ пен ханға, бай мен сұлтанға жағынып,
солардың табанын жалап, шен-шекпен кию оның қолынан келмеген бе? Ол, шамасы,
жағымпаз да жалтақ кiсiлер көбейiп кеткен заманда мына елдiң есiн кiргiзейiн, олар
жан-жағына көзiн ашып қарасын деп, неше түрлi лақуалық жасаған. Демек, шындықты
айту үшiн лақуа болу керек. Қу кiсi өлсе де шындықты айтпайды. Ол өлер жерiн ерте
бiлiп, жоп-жорта жаман кiсiнi данышпандардың қатарына апарып қоя салады. Тек оны
iштей мазақ қып, мырс-мырс күледi. Қарап отырса, осы биыл бiр ай iшiндегi өз әрекетi
де барып тұрған әжуалық екен. Бұл қараптан-қарап жүрiп дау тауып алды. Неге, дедi
бiр сұрақ сол арада. Елекеш мұны жұмыстан неге шығарды? Ол ойланып қалған. Есiне
сол сәт Елекештiң той қашан дей бергенi түскен. Той қашан? Ә, ендi бiлдiм. Ол өз
күнәсiн жасыру үшiн Набатты мұның мойнына арта салмақ екен ғой. Бұл оған
көнбегесiн, жұмыстан шығарды. Тоқшылық ендi Жықпылдағы жасырын егiндi
көргесiн, оның мұны мүлдем елден аластағысы келдi.
Осы арада ол ойы быжықы-тыжықы боп, әр нәрсенi есiне ала берген. Есiне кеше
мектепте бiрге оқыған құрдастар, Бәйдеш, Мылтықбай, Әбдулер түскен. Солардың
қылықтарына қарап отырып, өмiр кiсiнi қалай-қалай өзгертедi деп ойлаған. Сосын өз
әкесi, Тiлемiс, Әзберген, Жұман ойына оралған-ды. Бұлар да өз кезiнде замандас, қатар-
құрбы болған. Ендi қарап отырса, әр заманда өмiр сүрген осы кiсiлердiң тұрмыс-
тiршiлiгi өз ара ұқсас. Мұндай ұқсастық бұдан пәленбай заман бұрын жасаған
адамдардың арасында бар шығар. Тек олардың түрi аздап өзгерiп, маңызы сол күйiнде
қалған тәрiздi. Сонда немене адам баласының аз өзгеретiн, мүлдем қатты
жаңғырмайтын болғаны ма? Әлде бұл өмiрдiң жықпылы ма? Баяғы хан, падыша
дәуiрiнде күштiге жалынып күн көрмесең, күнiң қараң деушi едi. Ол кездерi хан
халықты жеке сұрайтын. Ол жалпақ елдi қоралы қойша қалаған жағына қарай бiр
шыбықпен айдайтын. Кәзiр сол өзгердi ме? Жалпы осы нәрсе неге бұлай шырғалаң
тарта бередi? Әлде бұ да өмiрдiң бiз бiле бермейтiн бiр жықпылы ма?
Тоқшылық сол арада қайтадан себепсiзден-себепсiз ызалана бастаған-ды. Етiнен
өткен таяқ жанын ауыртқан-ды. Сөз жоқ, бұл қалайда шындықты дәлелдеуге тиiс. Ол
үшiн осы бетiнен қайтпауы керек. Оның үстiне кеше директорға жұдырық ала жүгiргенi
үшiн мұның сотталып кетуi де мүмкiн. Үйтiп торға қамалғанша, одан да, неде болса
тәуекел... Қалғанын көре жатыр.
Сүйтiп жатып қалғып кеткен ол сұр ешектiң қатты ақырғанынан шошып оянған едi.
Жан-жағына қараса, ағарып, таң атып қапты. Сонау тақтайдай даланың бiр шетiнен
алтын күлшедей боп күн қылтиып шығып келедi. Сол арада ешек тағы да ақырған-ды.
Сол екен, оған екiншi, үшiншi... ешектiң даусы қосылып, тиыш тұрған Жықпыл бойын
әп-сәтте азан-қазан ғып жiберген-дi. Оларға биiк баған басындағы әйдiк
репродуктордың сұңқылдаған даусы қосылғанда, жаңа ғана тиыш тұрған төңiрек лезде
жын-ойнаққа айналып кеткендей көрiнген-дi. Со кезде Тоқшылық орнынан атып тұрып,
мылтығын көкке қарай кезей бере, тарс еткiзген. Сол екен, жақын жерде арқандаулы
тұрған сұр есек бұған үрке қарап, ақыруын қоя салған. Соны көрiп, бұл: «Ә, бұлар
мылтықтан қорқады екен ғой. Үйтпесең, бұлардың сайрауы өмiрi таусылмайды», — деп