— Әй, ол көп қой. Қайсы бiрiн айтайын. — Айзада құйрығымен жорғалап, жақындап
отырды. — Келiн-ау, саған айтайын дегенiм бар едi. Осы ғой сен нағыз тас
қайнатардың өзiсiң ғой. Сенiң аузыңнан да келедi, қолыңнан да келедi. Сүйтiп жүрiп,
иiң жұмсақ. Иә, солай, — деп, Айзада Күлжамаштың аузын ашырмай, бастырмалата
жөнелдi. — Ойбай-ау, баяғыда, мына сендей жапырағымыз жайқалып тұрған жас
кезiмiзде көлденең көк атты көз салса да, бiр жасап қалатынбыз. — Айзада шиқылдай
күлiп, Күлжамаштың санын шымшылап бiттi.
— Шешей, сенiң бiлмейтiнiң жоқ осы, — деп, Күлжамаш та күлiп, Айзаданың
бүйiрiнен нұқып қойды.
— Ондай-ондайды бiлмей, немене менi осы жасты бекәр жасады дейсiң бе? Ойбай-
ау, қатын дегеннiң сыры мәлiм қой. Түнде, былай, көрпе астынан жүгiрген қолды ұстап
ап, бiр қысқанның өзi неге татиды? Қатынның кеуiлi содан марқайып қалады. Ана
қаладағы жәләбтар неге жап-жас? Сен соны бiлдiң бе?
— Жоқ, — деп, таңданғаннан Күлжамаштың көзi тостағандай боп кеттi.
— Бiлмесең, естi. Сен, немене, оларды бетiне опа-далап жағып, қызша қылтыңдап
жүр дейсiң бе? Жоқ, оның бәрi кеуiлге байланысты...
— Қойшы?!
— Рас, рас. Ана жылы Бұқарға... жо-жоқ, ана Алматыға барғанымда, мына өз
көзiммен көрдiм. Құрсын, айтары жоқ. Өмiр солардiкi. Мына бiздерше от жағып, су
тасымайды. Бәрi дайын. Тiптен мойшасына дейiн iшiнде. Сосын олардың кеуiлi
көтерiлмей, осы үйдiң отымен кiрiп, күлiмен шығып жүрген мына сенiң кеуiлiң
көтерiлсiн бе? Ең қызығы, олар кейде... Ойбай, әр жағын айтпа. Мына сенiң байың
сияқтылар...
— Иә, бұл иттерге сенiм жоқ.
— Сенiм деген не? Бұл иттерге бәрi бiр. — Айзада әдейi тоқтап, Күлжамаштың
шарық табақтай бетiне барлай қарады. — Осы сен байыңды неге Алматыға қуарған қу
басын сопитып жiбере бересiң, а?
— Жұмыс бабы болғасын, — дедi Күлжамаш күмiлжiп.
— Қайдағы.
— Немене, шешей, естiген бiрдемең бар ма? — Күлжамаш оған қарай ентелей түстi.
— Анық болмаса да, былай... — Айзада Күлжамаштың iшi өртенiп бара жатқанын
сезiп, масайрай түстi.
—Шешей-ау, айтсайшы ендi кiсiнi ынтықтырмай.
— Айтқанда, көзiмен көрген iшкiм жоқ. Тек бiр ойым айтады, осы сенiң байың
Набатты неге сонша қолпаштап жүр деп?
— Иә, содан өзiм де сезiк алып жүрмiн.
— Алсаң, былай. Ойбай-ау, еркек те бiр, өгiз де бiр. Олар жас иiстi көрсе, көздерi
қызарып шыға келедi. Қой, қой, бұларды, — деп, Айзада бұл дүниеден кеуiлi қалып
бiткендей, қолын сiлтеп шыға келдi. — Қасқа-ау, байыңа еге бол. Әйтпесе... Еркектiң
көзге шөп салуы деген боқтан да оңай. Құлыптап қойған дәнемең де жоқ. Ойбай, мына
бiздiң көзiмiзге де талай рет шөп-шалам, қиқым-сиқым түстi қой. Жаңа осылай келе
атсам, ана Набат дүкенге кiрдi. Кiремпiлiн дейтiн пәленi алайын деген-ау...
— А-а? Солай ма? Мә, шешей, әзiрге iше тұр. Тағысын тағы көре жатармыз, — деп,
Күлжамаш орнынан тұра сап, буфеттен алып, мұның қолына екi-үш әшмүшке шайды
ұстата салды да, сыртқа жын қуғандай атып шықты. Қысқа аяғы қаттырақ адымдаған
сайын, панбарқыт көйлегiнiң етек жағын кере түсiп, жайылып кеткен жалпақ сауыры
бұлтың-бұлтың етедi. Сыртынан қарағанда мойын мен кеуде тұтас құя салғандай.
Әсiресе, бiлемденген мойны бiрнеше сақинаны қоса қабат салып қойған тәрiздi.
Айзада жампаңдап, оның соңынан ерiп келедi. Оның бiресе сол жағына, бiресе оң
жағына шығып, әбден қайрап бақты. Сол бетiмен екеуi айдап отырып, орталықтағы
үлкен дүкенге барды. Iште Набат сауда жасап тұр екен. Қасында мойнына асып алған
гитарын анда-санда дыңылдатып, Жеңiсбек әлдененi айтып, күлiп қояды. Күлжамаш