Стр. 33 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

үйiне келдi. Күлжамаш домаланып жүр. Қыжым көйлегiнiң екi жеңiн түрiнiп жiберiп,
шаруаға мықтап кiрiскен. Ақсары бетi тершiп, буылтықтанған бұғағы да жауын
құртдай қыртыстана қалған. Елекеш оған назар тоқтатып қарамай, төргi тамға өттi.
Шешiне сап, ысылдап-пысылдап жуынды. Түгi қарыс келетiн дене қатықтар сүлгiмен
раһаттанып сүртiндi. Айна алдында тойға баратындай таранып болғасын, шайға
отырды. Әке-шешесi алдарындағы кеселерiне қол соза қоймай, бұған қарайлап отыр
екен. Бұл келгесiн, екеуi қауқылдасып, шайға тиiстi. Мұнысы несi екен, дедi Елекеш
iшiнен. Маған қарайлағандары ма? Жоқ, әлде мына тымпиған келiншегi шөмiштен
қысып қойды ма? Келiншегi демекшi, бұл Алматыдағы ауыл шаруашылық
институтында оқып жүргенiнде бiр жылы жазғы демалысында ауылда ұзағырақ болып
қалды. Сонда осы Күлжамашты көрген. Мектеп бiтiргесiн, ұзап ешқайда бара қоймай,
ауыл арасында жеңiл-желпi бiрдеменi ермек етiп жүр екен. Кеше ғана тұлымы
желбiреген ақсары қыз ашаң тартып, бойын сәндеп күткесiн бе, бiрден көзiне жылы
ұшыраған. Оның үстiне әке-шешесi де: «Қолда өскен бала, ата-анасы таныс. Өзi
шаруаға тындырымды», — деп, құдайдың құтты күнi құлағының құрт етiн жеген.
Елекеш аздап ауаланғанымен, қыз әкесi қырылдауық Жұман есiне түсiп, өзiн-өзi қатты
тиып тастаған. Қанша дегенмен қаршадайынан осы Сыр бойының ала шаңдағына аунап
ескен ол Жұманның отбасының қандай екенiн бiлетiн. Әрi бiр жағынан Патшайымда
кеуiлi бар едi. Онымен Жосалылық студенттер боп бiр бас қосқанда танысқан. Көзi
тостағандай, екi бетiнiң ажары жазғы түскен сағымдай жұмсақ, әсем киiнетiн
бойжеткендi көргенде жалғыз бұл емес, ана Мылтықбай мен Бәйдеш те өлiп түскен.
Бұл да шамасы жеткенше қыдыңдап баққан. Сол кеште бәрi сұлу қыздың алдында
қолынан келген өнерiн аянбай көрсеткенсiп, өз абыройын асырып қалуға тырысқан.
Құдай ұрғанда, бұл не оңдырып сөйлей алмайды, не тайраңдап билей алмайды. Ән,
домбыра жағына мақұрым. Маңғал бас Бәйдеш те осы құралыптас. Ал ана ысқыаяқ
Мылтықбай бәрiне кеткен. Ешқандай қамшы салдырмайды. Ән де, терме де айтады,
шыр көбелек айналып та билейдi. Әсiресе, домбыра десе жаны қалмайды. Құныс
болғандай басын кегжитiп ап, iшiне түсiп кететiндей шанаққа төне түсiп, шандоздап
шапқан қара домбыраны безiлдеткенде, қандай тәкаппар қыздың да жанарының
түкпiрiнде әлдеқандай жылт оянып, бiрте-бiрте өршiп, қаптаған қалың өртке айналып
келе жатады. Бұл жолы да Мылтықбайдың әруағы үстем болды. Жiңiшке судыраған
ұзын шашын жоғары қарай сiлкiп тастап, домбыраны шабыттана қағып-қағып
жiбергенiнде, екпiндi күй қаптай жайылған тасқын судай жөңкiле жөнелген. Оған
әуелгiде Патшайымның мысқылдай қарағанын Елекеш аңдап қалған. Сонысын iштей
дәтке қуат қылып отырғанында, бiр кезде қыз ажарын айрықша тосын таңырқаудың
жауып бара жатқанын анық байқады. Сол таңырқау бiрте-бiрте күшейiп, әлгi
мысқылды қыз жүзiнен қуып шыққан. Iзiнше тостағандай шаралы жанардың сонау
түкпiрiнде бимәлiм от өрши қаулап, тұтас жалынға айналып келе жатқан. Бұл сонда
санын бiр-ақ соққан. Ақыры, не керек, Патшайым ысқыаяқ Мылтықбайға бұйырды. Бұл
оқуын бiтiргесiн, ауылға кеп, мына Күлжамашқа жiп тақты. Жаңа құрылған отбасының
күйбеңiмен жүргенде Патшайым да, баяғы жiгiт кезiнде iшiнде шемен болып қала
берген пұшайман сезiмi де ұмыт қалған. Елекеш жұмыс жағынан абыройлы болуға
тырысқан. Онысы бекерге кетпедi де. Ал ана ысқыаяқ Мылтықбай қатардағы
мұғалiмнiң санатынан бойын асыра алған жоқ. Баяғы көп өнердiң бiрiн де тұтынбай,
басына пайдасыз әңгiмеге араласып, лақуаланып жүргенi. Ал Патшайым болса, бiр-екi
қара домалақты шұбыртқасын, нағыз кең құрсақ, сабырын шашппас мама әйелдер
санатына енген. Бәйдеш болса, сол Алматыда тұратын бiр профессордың қызының
етегiнен ұстап, ғылым жолын қуалап кеттi. Қарап отырса, әр түрлi тағдыр, әр түрлi
соқпақ. Шiркiн, соны неге өз қалауыңша өзгертуге болмайды? Мен неге өз тағдырымды
өзiм қолдан жасамаймын? Неге, неге? Әлде кiсiнiң өз өмiр жолын өзi таңдап алады
дегенi кеуiл жықпас жалған сөз бе? Рас болса, мен неге ана Патшайыммен бас қосып,
қиялымда сиқырлы елестей жалт-жұлт еткен жақсы тiршiлiгiмдi бастамаймын?