Стр. 37 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

Терiскей жақта темiржолдың бойын қуалап салдырлаған жүйрiк пойыздың қарамы
сағым шалып, зорайып көрiнедi.
Тоқшылық кеуiлдi.
Мына машина үстiнiң кiсiнi көтерiп кететiн желi бар ма, әйтеуiр, екi көзi жарқырап,
делебесi қозып кеткен. Рульге қос қолымен жабысып, газды баса төседi. Әлгi атақты
қиссадағы Тайбурылша тiкелеп тиген тұяғымен қара тасты қамырша илеп, бiр төбенiң
тозағын бiр төбеге қосардай жанына қанат бiтiп келедi. Анда-санда көз қиығын қызыл
тiлi дамылсыз жылтыңдаған спидометрге салып қойып, өзiнiң мына бiр әуендi мимырт
тiршiлiктiң құшағынан осылайша үзiлiп шығып, әлдекандай тосын дүниенiң арасына
қойып кетер мiнезi барлығын көрсеткенiне iштей қуанып келедi.
— Мынау поэзия ғой, — дедi Бәйдеш күлiмсiреп.
— Не, не? — дедi Әбду көзi алаң-ғұлаң етiп.
— Тура Тайбурылдың шабысындай!
— Тайбурыл?! — Әбду сонда түсiнiп, қарқылдап күлiп жiбердi. — Қайдағы
Тайбурыл? Төрт дөңгелегi салдырлаған темiр де тұлпар ма екен?
— Е, неге?
— Өй, сен де бiр! — деп, Әбду аздап кейiстiк бiлдiрдi. — Кәзiр нағылған тұлпар?
Олардың қарасы өткелi қашан! — Сосын Тоқшылықты иығынан тартты. — Әй, бала,
тақымыма машина тидi екен деп ешiре берме. Мына өмiрде кейде аяңдап жүрiп, қоян
алу да керек.
Елекеш мырс еттi. Жаңа бiр әзiрде қол-аяғын бауырына алып, құстай ұша жөнелген
машинаның арлаған пәтi әсер етiп, өзi де елiге бастаған едi. Есiне жас кезiнде бәйгi
атына шапқаны түстi. Атсейiстер тақымы берiк, салмағы қаңбақтай деп, мұны әкесiнен
ат пен түйе қалағандай етiп сұрап алатын. Ондай ұлы жарысқа мұның өзi де құмар. Әр
жер-әр жерге дабылшылар барып жеткесiн, мәреден сәйгүлiктер тiзгiн босатқанда, бұл
да ұлы дәрмектiң шет жағында келе жататын. Басқа балалардай емес, бiрден жел жаққа
тартатын. Астындағы атына шаң қаптырмай шыққасын, үнемi алдына бiр-екi атты ғана
салып отыратын. Тек көмбеге жақындағанда ғана қамшы басатын. Сол желiк тағы да
сап етiп орала қап, делебесiн қоздырып бара жатыр едi, әлдеқандай сақтық оны
бұрынғы сабасына түсiрдi де жiбердi.
Бәйдеш iштей ширықса да, сыртқы қалпын алдырған жоқ. Қалып алған дағдысына
бағып, сезiмiн бет өңiне шаптырмастан, не әжуалағанын, не мүсiркегенiн адам айырып
алғысыз екiұдай ыңғайда отыра бердi.
Әбду есiк жаққа тақалып отырды. Оң қолымен тұтқадан қыса ұстап алған. Машина
табаны кедiр-бұдырға тиiп, ендi бiр селк етсе, есiктi аша салып, жерге допша домалана
түсердей. Анда-санда Тоқшылыққа үрке қарап қояды. «Мынау ит бiр жерде аунатып
кетiп жүрмесе игi едi».
Тоқшылық тақтайдай таңқылдап кеуiп қалған айдау жол таусылғасын, машинаны
онша зорламай, ауанымен айдап келе жатты. Сол қалпымен ауыл шетiне кiрiп, көшедегi
бар иттi абалатып, директордың үйiнiң қасына кеп тоқтады. Қонақ машинадан түсiп,
тақым жазғасын, қақпаны ашып, көлiгiн дарбазаның iшiне кiргiздi. Асығып-аптықпай-
ақ бар шаруаны орнына келтiруге болатынын жаңа сезгендей өзiнен-өзi қысыла
күлiмсiреп қойды. Сосын ас қамымен жүрген Күлжамаш пен Бибiшке көмектестi.
Кiсiлер жуынып-шайынып болғасын, қонақ бөлмеге кiрдi. Елекеш Бәйдешке қарап: