Стр. 40 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

Зауал ауа тамылжыған пәтiнен қайта бастаған табақтай күн сағым шалған көк
жиекке сүңгiп барады. Күндiзгi аптап ап-сап боп, жанға жайлы тиер майда шуақ орнай
қалған. Кiсiлер терезесi ашық, желдетiлген даладай бөлменiң ортасына қойылған ұзын
үстелге жағалай жайғасты. Ер кiсiлер осы төңiректе туып-өссе де, туған жерiне көптен
берi ат iзiн салмаған Бәйдешпен аман-саулың сұрасып болғасын, қысыр әңгiмеге көштi:
— Әрине, ол айтып отырғаның дұрыс қой. Қала деген мәдениет ошағы. Онда жақсы
да бар, жаман да бар. Шаһарда өмiр сүрген жастардың ой өрiсi аздап болса да кеңдеу
болады. Оны-мұныны ертерек көредi дегендей, — дедi Әбду Бәйдешке қарап қойып.
— Соңғы кездерi жастар қалаға ағылып жатыр. Ауылда жұмысшы жетiсе бермейтiн
боп кеттi, — дедi арық Құлбаев құнжыңдап қойып.
— Астананың әдемiлiгiне қызығатын шығар.
— Әдемi дейсiң бе? Сол Алматыға бұрнағы жылы барған едiм. Бiздер ендi ауылда
тұрып, үйренiп қалғанбыз ба, қаланың шуына онша көндiге алмадым. Осы сендер асты-
үстiлi қораптай тамда қалай өмiр сүресiңдер? — дедi Жиени Бәйдешке қарап.
Бәйдеш манаураған қалпы көнектей болған жүзiн Жиениге қарай бұрды. Сабырын
шашпай, тамағын кенедi. Қашанғы әдетiне бағып, желке жағын ұзарта өсiрiп жiберген
бұйра шашын бiр сiлкiп қойды. Сосын өзiне аңтарыла, аузын ашып қарап отырған
көпшiлiктiң барлығы есiне түскендей, лекция оқып тұрған кiсiше асықпай, сөйлей
жөнелдi:
— Сiздiң айтып отырғаныңыздың жаны бар. Ондай үйлер жалпы адам табиғатына
жаттау. Адам деген де жердiң перзентi. Өз төлi. Одан алшақ кету, қол үзу өте қиын
шаруа, — деп, барып аз кiдiрдi. — Әрине, у-шуы аз, саялы бағы бар жеке тамың
болғанға не жетсiн. Қол боста, жер шұқып алданасың дегендей. Бiрақ қаланың өз заңы
бар. Егер елдiң бәрi осылай жеке жай салып тұра берсе, шаһардың көлемi тыс ұлғайып
кетедi. Мына көп қабатты үйлер адамдарды бiр ортаға жинақтайды. Қаланың ауылдан
бiр айырмашылығы осы. Әрi мұндай көп қабатты жай салу экономика жағынан тиiмдi.
Бiз, қазакең, о жағына шорқақтаумыз ғой.
— Неге? — дедi Әбду таңданып. — Мен мына өмiрiмде Мылтықбай құрдас құсаған
лапырмайымды аз көрдiм. Асылы, жаратылысында қазақ ызалы жердi баспайтын ел.
Осы бiреуге артық бiрдемесiн берiп жатқан кiм бар? Iжкiм де. Сосын бiзде: «Тартып
iшсең, тай қалар, қойып iшсең, қой қалар, iше берсең нең қалар?» — деген мақал да бар
емес пе? Мiне, сенiң айтқан экономикаң нақ осы.
— Жоқ, мен оны бiлем қой, — дедi Бәйдеш маңызданып. — Менiң айтайын деп
отырғаным, осы тұрмыстағы жай бақай-есеп мемлекет пайдасын көздейтiн үлкен
деңгейге көтерiлмей қалған. Ол үшiн экономиканың заңдарын бiлу керек.
— Жарайды, мен экономикаңды жаттап алып, миыма құяйын. Бiрақ одан менiң қай
бiр шырайым шыға қояды? Мен асып кеткенде отбасымды көркейтем, ағайын-
туғаныма болысам. Одан арғысын... жалпы, одан арғыны өткен ғасырда қазақтың қай
ханы мен биi, ақсақалдары ойлады? Бәрi де өз руының құлы боп кеткен жоқ па?
— Ол рас.
— Сонда менiң түсiнбейтiнiм, — дедi Әбду қыза түсiп, — жарайды, өз туысын жек
көретiн ешкiм де жоқ. Дегенмен менiң өз iнiм қолынан iс келмейтiн миғұла болса, мен
оны қалайша мұрнынан тартып, докторлық қорғатам? Ау, бұл деген, ғылым түгел, жай
адамшылыққа жат нәрсе емес пе?
— Әрине, — дедi Бәйдеш аздап қынжылып. — Кәзiр ғылымда да әлгi айтқаныңдай
жолбикелер баршылық. Менiңше, оларсыз басқа сала да, тап-таза күйiнде сақталып
тұра алмайды. Әрi-берiден соң олар ненiң жақсы, ненiң жаман екенiн бiлу үшiн де
қажет.
— Мына сөзiң орынды, — Әбду мырс еттi. — Кейде мен де Мылтықбай құрдасыма
қарап өзiмнiң кiм екенiмдi бiлем.
— Иә, айта қойшы, сен осы кiмсiң? — дедi Мылтықбай мысқылдап.