Жұрт осы екi құрдастың бас қоса қалған жерде тәжiкелесе жөнелетiнiн, айтыс-
тартыспен отырыстың берекесiн алатынын бiлетiн. Кәзiр де олар iштерiн тартып
қалысты.
— Мен iжкiм де емеспiн. Өмiр сүре бiлем. Қатын, бала-шағамның үстi бүтiн.
Көйлегiм көк, тамағым тоқ, — дедi Әбду кеудесiн көтерiп қойып.
— Саған одан басқа ештеңе керек емес қой?
— Маған басқа ненiң керегi бар? Немене менi кiтап кемiрем деп, өмiрдiң жықпылын
бiлмей жүрген сен дейсiң бе?
— Жықпылын? Өмiрде жықпыл болушы ма едi?
— Мәссаған! Жықпыл болғанда өмiрде болсын.
— Сонда о не нәрсе?
— Оны мен саған айтам ба?
— Айтпасаң, айтекемнiң тоқалы бол. Шамасы, оның қалай тiршiлiк ету, қызмет
жағынан өсу, жан бағу туралы шығар. Немене сенiң сол бiлгенiңдi мен бiлмейдi дейсiң
бе?
— Бiлсең, неге iстемейсiң?
— Iстегiм келмейдi.
— Iстегiсi келмейдi, — дедi Әбду көзiн быттитып. — Ертең сенi районо бiр мектепке
деректiр етiп тағайындаса, бармайсың ба?
— Әрине бармайым.
— Өй, лақуа, — дедi Әбду тарқылдай күлiп. — Сенi деректiр бола гөр деп бiреу
жалынып атқандай.
— Жоқ, сен жаңағы сөзiңдi дұрыстап айтшы, — дедi Мылтықбай оның сөзiн бөлiп.
— Сенiң осы лақуаң не?
— Оның түкте несi жоқ. Мысалы ғой, сен оқыған кiтаптың мен мыңнан бiрiн де
оқыған жоқпын. Бiлiмiң жақсы. Бiрақ сен анау аспанда қалқып жүрсiң. Жер бетiне түсе
алмайсың. Түссең, тым құрығанда ғылым кәндидаты боп алар ең.
— Менiң жаман кандидат болғым келмейдi.
— Неге?
— Жаңалық ашпағасын, ғылымның басын ауыртуға болмайды. Мәселен,
философиядан қанша кiсi диссертация қорғады?! Көп қой! Сонда солардың iшiнде жаңа
пiкiр айтқан кiм бар? Мысалы, анау Платон, Сократ, берiдегi Шопенгаэур, Ницше
сияқты.
— Ендi... олар ұлылар ғой, — дедi Бәйдеш оның жүзiне күлiмсiрей қарап.
— Ау, оларды да өзiмiздiң шешемiздей бiреу тапқан шығар?
— Жалпы, оның дұрыс. Бiрақ қатардағы кандидатқа ұлы болмадың деу... өзi қалай?
Кейде ғылымға сондай қарапайым кiсiлер көп пайда келтiредi. Адам қоғамы
құмырсқаның илеуi секiлдi емес пе? Көп болып, олар үлкен нәсте тындыра алады.
— Сонда.... сен де әлгi құмырсқаның бiрiсiң бе? — дедi Мылтықбай Бәйдешке төне
түсiп.
— Әй, Мылтықбай, пәленбай жылдан берi көрiсiп отырғанымыз осы. Мұндай сөздiң
не керегi бар? — дедi Елекеш жақтырмай.
— Жоқ, сен айт, құмырсқасың ба әлде...
— Докторлығын қорғағасын, қара құмырсқадан әйдiк қызыл құмырсқаға айналады,
— дедi Әбду тарқылдап.
Патшайым ыңғайсызданып, Бәйдешке күле көз тастады:
— Құрдасыңның түрi осы. Жер-жаһандағы бар мәселеге басын қатырады да жүредi.
— Ау, ол ендi... дұрыс қой, — дедi Бәйдеш сыпайылық сақтаған боп. «Мынау... өзi...
қыртымбай екен ғой!»
Әбду Мылтықбайды отқа қарай итермелей түстi:
— Бiрақ... сен қара құмырсқа да бола алмай жүрсiң. Оның себебiн... сен бiлмейсiң...
Мына шетелдегi кiсiлерге не көрiнген, а? Онда бiр шаруаң парасыз бiтпейдi дейдi.