Стр. 45 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Ендi Мылтықбай, сен де қызықсың осы, — дедi Жиени қабағын шытып. —
Жаманды-жақсылы бiр мектептi басқарып отырмыз дегендей. Бiрден қалаға
шапқылағанша, әуелi бiзбен ақылдасып алмадың ба? Педсоветтi шақырып, былай...
жиналыс жасап дегендей…
— Әй, оның не кәжетi бар?
— Неге? — дедi Жиени айран-асыр қап. — Мүмкiн, сен оныңда... былай, жаңсақ,
басып... Бiз соны атап көрсетер ек. Сен қалаға барғасын, қай мектептiң мұғалiмi
дегенде, бiздi айтады. Сосын районо шақырып ап, ана мұғалiмдерiңдiкi не десе, мен
жерге кiрмеймiн бе?
— Жәке-ау, оның сiзге не қатынасы бар? Бұл деген творчество, бiлесiз бе,
творчество! — дедi Мылтықбай қайта өңештеп.
— Тiборшество?! Жоқ, мың жерiнен тiборшество болса да, бiздi аттап кеткенiң
жарамайды. Сен бар ғой, сол дәптерiңдi ертең маған алып кел.
Мылтықбай не дерiн бiлмедi.
— Ойпырмай, ә? — дедi Мыңбаев сол арада жымыраңдай күлiп. — Кәзiргi жастар
бiлiмдi ғой. Қандай мәселелердi зерттейдi, ә?
— Мәкеңдер терең кiсiлер ғой, — дедi Игiлiк жымиып.
— Тек қана қорғауы жетпей жүр, — дедi Жолан қара уылдырықты нанға жағып
жатып.
— Жақсы-жақсы пiкiр таласын естiп, бiр жасап қалдық, — дедi Дәмегүл қысыла
күлiмсiреп. Бүгiн оның Зағипаның дүкенiнен сатып алған ақ туфлиi тар соғып, аяғын
қысып, қажап тастаған едi. Ендi содан мазасы қашып отырған болатын.
— Кiлең құрдас бас қосып, жақсы боп қалдық-ау! Мына дәмнен алсаңыздаршы, —
деп, Күлжамаш ортадағы қуырдақты алтын қасықпен қозғап қойды.
— Рахмет. — Патшайым қуырдақтан өз тарелкасына салды. «Өткенде... қасықтары
күмiс сияқты едi. Мынау шын алтын ба екен?»
Сол арада:
— Осы Мылтықбай, — дедi Әбду қабағын шытып, — сенiң ғой философиядан
оқымаған кiтабың жоқ. Ана үйiңдегi төрт қабырға қағазға толып тұр. Сонда деймiн-ау,
сенiң содан түйгенiң не? Жалпы тапқан пайдаң қайсы?
— Сонда қай мағынада? — дедi Мылтықбай оған аңтарыла қарап.
— Дәл өз мағынасында, — дедi Әбду қолын сiлтей сөйлеп. — Өз мағынасында.
Кiтап дегеннiң негiзгi мақсаты не, сен соны бiлесiң бе?
— Ендi бұл баланың сұрағы.
— Жоқ, баланың сұрағы емес. Жарайды, солай-ақ бола қойсын. Бiрақ бұл мына
үйдiң астында тұрған iргетас сияқты. Соны анық бiлмей жатып, үй салам деп
әуреленудiң не кәжетi бар?
— Кiм ол сонда? — дедi Мылтықбай қара күреңiтiп.
— Ол сен,— деп, Әбду оны сұқ саусағымен нұқып көрсеттi. — Кiтап мына өмiрдi
түсiну үшiн ғана керек. Ол еш уақытта өмiрдiң өзi бола алмайды. Ал сендер былайша,
өмiр сүру орнына, кiтап оқып, соған алданып, тiрлiк кешесiңдер. Мен мұны нағыз өмiр
емес дейiм.
— Неге?
— Оның түк те негесi жоқ. Мына тiршiлiкке келгеннен кейiн, пенде адам құсап
киiнiп, тамақ жеп, өз қатарымен ойнап-күлуi керек. Онсыз тiршiлiгiң көк тиын.
— Ойнап-күлiп? — Мылтықбай оны кекеттi. — Сонда саған, немене, өмiр ойыншық
па? Еңбек ету, кейiнгi ұрпаққа өнеге қалдыру дегендер қайда қалмақ?
— Әй, сен де бiр! — деп, оны Әбду қыжыртты. — Сен ғой кейiнгiге қанша әлгiлi сөз
тастаймын деп тырыссаң, соншалықты түк те қалдыра алмайсың. Сосын, олардың сенiң
көрсеткен жолыңмен жүре қоятынына қаншалықты сенiмiң бар?
— Сенiмiм зор, — дедi Мылтықбай даусын нықтай сөйлеп. — Мен саған бiр мысал
келтiрейiн. Мына бiз кiмнiң жолымен жүрiп келе жатырмыз, а? Сөз жоқ, бұрынғы —