Стр. 47 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

суық жақта өскен қара талға қолданған күтiмiңдi ыстық жақта өсетiн қара талға
жасасаң, ол зиян. Демек ауа райын, жер жағдайын ескеру керек. Мұны адамзатқа да
қолдануға әбден болады.
— Ендi... бұл түсiнiктi ғой.
— Жоқ, соны бiз әлге дейiн түсiнбей жүрмiз. Өткен жылы бiздiң бiр iнiшек ауылға
келдi. Өзi сырт жақта жүрiп, саяқсып кеткен едi. Соның әсерi болса керек, бала, маған
оның жүрiс-тұрысы тiкендей қадалды да тұрды. Өзi қызық. Сөйлегенi сөкет.
Үлкендерге құрмет, кiшiге iзет дегендi бiлмейдi. Сонда бұ не? Ол қайдан келген? Соған
қарап отырып, мен жаңағы қара талды есiме алам. Содан соң кiтап жайын ойлайым.
— Қысқасын айтшы, бiздiң сонда не iстеуiмiз керек? — дедi Мылтықбай шыдамай.
— Оны өзiм де бiлмейiм.
— Сонда... неменеге бағанадан берi дiлмәрсып отсың?
— Ау, дiлмәрсыған кiсi сөзсiз бiрдеңе iстеуi керек пе? Кейде осылай көрген-бiлген
жәйтiңдi айтқанның өзi пайдалы емес пе?
— Сондағы пайдаң кiтап оқудың кәжетi жоқ дегендiк пе?
— Мен оны әлгi қара талға сыйыстырып айтып отырмын. Ыстық жақта өсетiн қара
талдың суық жақта есетiн қара талдың әсерiнен сақтанғаны жөн деп отырмын.
— Не, не?
— Мен ыссы мен суық ауа араласқан жерде тымау тиедi, содан мына Жоландар бiздi
сақтасын дейiм, — деп, Әбду жырқ етiп, жанында отырған Жоланның санын қолымен
басып-басып қойды.
Жолан күлiп:
— Ондай тымауды жазу қиындау. Бiраз дәрi-дәрмек керек, — дедi.
— Оның төтесiн мен бiлем, — дедi Игiлiк ықылық ата отырып. — Баяғыда маған да
сондай тымау тиген. Онда армиядан келген кезiм. Үш жыл Сiбiрде боп, суыққа бiр
кiсiдей көндiккем. Содан елге келсем, күн сәл жылыса болды, мұрным пырқылдап
шыға келедi. Басым ауырады. Онда машина айдап жүрмiн.
— Ана автоләпкiде жүрген кезiң қой?
— Иә. Содан не керек, бiр күнi мына Қызылқұм жағында отырған қойшыларға зат
апарып сатайын. Мұрным мазамды қашырып-ақ тұр. Қойшы, содан не керек, кешкiсiн
ана шопан Айдаров Игенбайдың үйiне қонбасым бар ма? Соның кәрi шешесi маған
қарай сала: «Ойбуй, бала, әбден азапты тартып жүр екенсiң ғой. Сүтбұрыш қайната
қояйын», — деп, сүтбұрыш жасады. Сүттi пiсiрiп, iшiне көп етiп қызылбұрыш салды.
Оған бал қосты. Соны iшуiм мұң екен, тер онан да кетсiн, мұнан да кетсiн. Түнiмен
ағыл-тегiл болдым. Содан таңертең қарасам, мұрным сап-сау. Сүйтiп баяғы қалпыма
келдiм.
— Менiң бағанадан берi айтып отқаным да мiне осы, — деп, Әбду қолын жоғары
көтердi. — Мына Мылтықбай сықылды талай ықылымның әсерi бойында жүрген
лақуаларды әлгi сүтбұрышпен емдеп, күспұрыш ету керек!
Жұрт ду күлдi. Елекеш ғана оған елiге қоймай:
— Әй, Әбду, байқа, дос кеуiлi бiр атым насыбайдан қалады деген, — дедi.
— Бұл деген өз құрдасым қой. Қалай илесем де, саз балшықтай көне бередi, — дедi
Әбду шиқ-шиқ күлiп.
— Апырмай, — дедi Құлбаев ойланып отырып, — сендердiң жаңағы айтыс-
тартыстарыңа қарап, таңғалып отырым. Бәрiңiз де сәбет мектебiнде оқыған жiгiтсiздер.
Ендi кеп...
— Осындайда ашық пiкiр алысқанның айыбы жоқ қой, — дедi Елекеш оның сөзiн
бөлiп.
— Оған не сөз бар?
— Мына Әбду құрдастарының ортасында отырып, әзiлдеп айта бередi. Кейде
жұрттың аузын кыздырайын деп, жорта терiс кетедi. Болмаса, ол деген ауылдың белгiлi
азаматы емес пе? Солай ғой, — деп, Елекеш Әбдуге қарады.