Стр. 5 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Қой, қайдағыны соқпа. Сендерге ол кинәнi салаң еткiзiп кiм бере қойсын. Ана
қаладағы қасын қырған, шашын жұлған жәләбтар көрiп болмайынша бiзге ол қайда әлi?
— Айзада ендi бұған бажырая қарады. — Ана түндегi Әтеле деген не пәле?
Тоқшылық күлдi:
— Отелло ғой.
— Әтесiне нәлет, әтеле ме, атала ма? Оны шортуым бiлiп пе? Иә, ол сонда не iстедi?
— Қатынын қылғындырып өлтiрдi.
— Астапыралла! Е, неге?
— Әйелi... Ыһым, ыһым...
— Ә, солай де. Қыз болып, қылтиып шыққан кезiнде бәрi жақсы. Саба құрсақ, бит
балақ қатын болғасын... Ойбай, бетiм, қайнаға отыр екен қой. Иә, сосын не болды?
— Отелло өзiн-өзi өлтiрдi.
— Қойшы, жалбыр шашты, қауақ басты қатын үшiн бе? Сонша бiр дүнияда қатын
құрып қалса да… Бишара-ай, кәпiр өлiмiнде кетiптi ғой.
— Өзi де кәпiр ғой.
— Ә, солай де. Өзiм де нағылған-ау деп ем. Байқа, ертең сен де... екi бұттың
арасынан шыға алмай қап жүрме.
— Кетшi әрi.
— Ойбай, оның не кетi бар? Бұл ашамайдың жасамайтыны жоқ қой. Былай, қапсыра
қысып алғанда, оның құрсауынан екiнiң бiрi шыға алмайды. Ана деректiр қайнымды
айтам-ау. Маңдайға жазғасын, кәйтсiн? Құдайдың қатыны құрып қалғандай, ана
салбөксеге тап болғанын қараш. Кәзiр о қатын құтырды. Байының арқасында не iшем,
не кием демейдi. Аузы-басын алтынмен аптап, күмiспен күптеп болды. Тiптi бала
тумайым деп... құдай-ай, айтуға ауызың да бармайды... иә, сонысын, аузына алтын
тығып қойыпты, — деп, Айзада шешесiне жақындап отырып, бiр бүйiр әңгiмесiнiң
шетiн көңiрсiте шығарды.
— Қойшы, сенiң де бiлмейтiн бәлең жоқ, — дедi шешесi таңырқап.
— Ау, мен неге бiлмеймiн? Менiң бiлмейтiнiм жердiң астында емес пе? Иә, сүйтiп,
әлгi қатын жазысын алтынға...
— Онысы несi екен?
— Бала таппайым дейтiн көрiнедi. Мына екi баланы асырап-абырап, әлiмұрыққа
жеткiзiп алсақ та жарар дептi. Оны бар ғой, шешей-ау, кеше мына өз құлағыммен
есiттiм. Сосын, деректiр қайным соған ерегiсiп... — Айзада ойына бiрдеңе түскендей
iркiлiп қалды. — Құрысын, бағы ашылмаған еркек қой. Кеше жиылыс болыпты. Менiң
салаңбайым айтып келдi, деректiр ана Набатты қолпаштап жатыр деп. Не дегенмен
жақсы бала. Ықты-жарға қарамай, әке-шешесiн асырап отыр. Өзi бiр жiгiттен кем емес.
Жұмысты апырып-жапырады, — деп, Айзада таңдайын тақ-тақ еткiздi.
Сол арада:
— Пақырдың әкесi сау ма екен? — дедi Досберген елеңдеп.
— Сау болмай, оны құдай алады дейсiң бе? Қақаңдап жүр ғой! — Айзада ендi берi
бұрылды. — Жаңағы Әтеленiң сайқалының аты қандай едi?
— Дездемона.
— Дездемен?! Қойшы әрi! Аты қалай өзiнiң? Иә, сен осы қашан Дездемен аласың, а?
— Өй... керегi жоқ.
— Иә, саған керегi жоқ. Түн баласында Дездемендi iздеп желдегенде жақсысың. Ендi
келiп азар да безер боласың. Одан да мына сүйек-сүйегi жұртта қалған керегеше сықыр-
сықыр етiп отқан әке-шешеңе бiр қолғанат әпермейсiң бе? — деп, Айзада iш тарта
сөйледi.
Мына сөз құлағына жағып кеткен шешесi Айзаданың алдына сары майды ысырып
қойды.
— Айзадажан-ау, аузың батыр болғанмен, ақыл-есiң бүтiн ғой. Мен де сүйдеп қақсап
жүрмiн.