Стр. 6 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Қойыңдар! Әлi оқимын, — дедi Тоқшылық жақтырмай.
Айзада сәл-пәл аңтарылып қалды да, iле-шала тез жөн тауып, майпаздай жөнелдi:
— Ойбай-ау, миың алып атса, оқығанға не жетсiн. Бiрақ кәзiр оқу оңай емес.
Себебi...
— Иә, олар сүйтедi.
— Ойбай, ең жаманы артында. Ал, балаң оқуға түссiн. Шашын қиған, қасын жұлған,
аузы қан жеген тазыдай бiреудi алсын. Сосын не болады? Сөз жоқ, Алматыға көшесiң.
Ондағы жай белгiлi. Дүкенге барсаң, қаптаған орыс қатын. Базарға барсаң, өзбек пен
ұйғыр. Кәзiр орысша бiлмесең, күн көре алмайсың. Сен сиырдың етiн алам деп,
шошқаның етiн алып... былай бар ғой.... иә, соны асып жеп... аузыңды былғайсың.
Сүйтiп, сен кемпiр, әлi шошқаның басын мүжисiң.
— Құдай сақтасын, — дедi шешесi шошынып.
— Ендеше бар ғой, сен кемпiр, осы бастан балаңа келiндi осы жерден қамда. Мәлiш
қойдың кұйрығындай бөксесi салыңқы, жатып iшер жапакөт бiреу болса, саған со да
жарамай ма?
— Ойбай, сол болады ғой.
— Ендеше...
— Әй, қойыңдар, миым ашып кеттi, — деп, Тоқшылық орнынан тұра бердi.
Айзада да орнынан тұрды. Есiктен шыға бере ажары тая бастаған қой көзi қуақы
ұшқын атып берi бұрылды:
— Айтпақшы, ұмытып барады екем. Ана Шатаман шадыр ше? Иә, сол. Оның жүрген
жерiне шөп шықпайды ғой. Сол түнде бiздi алдады деп, рабөшкомге барып арыз
айтыпты. Қараң қалғыр-ау, арыз оның не теңi екен? Қаладағы кiндiктес iнiсiнiң есiгiн
ашпағанына пәленбай жыл болды. Сүйтiп жүрiп, бұ қазақ iкiмәт бола қалады. Кой,
ойбай, балам жылап қалды-ау. Бала тапсаң да пәле, таппасаң да пәле, — деп, Айзада
сыртқа ата жөнелдi.
Тоқшылық ағаш тамның төргi қуықтай тар бөлмесiне кiрiп түндегi оқиғаны ойлады.
Биыл қысқа таман Жосалыдағы шоферлар әзiрлейтiн үш айлық курсты бiтiрiп келгесiн,
оңтайлы жұмыс таба алмай, сандалып көп жүрiп қалды. Совхоз басшылары тiс
қақпаған бұған су жаңа машинаны салаң еткiзiп бере салмады. Сырқылдаған көнесiн
мұның айдағысы келмедi. Сүйтiп екi қолын қайда қоярын бiлмей жүргенiнде, дыбырлақ
Досан кездесе қап, өзiне көмекшi етiп алды. Содан берi бұл клубта кино қояды. Досан
болса, көксау көк машинамен әлек. Қойшылардың көзiн ашып, кеуiлiн көтеру керек
деп, қайдағы бiр кiсi өлтiру, адам тонау, суға салса батпайтын, отқа салса күймейтiн
жансыздар жайлы түсiрiлген ленталарды қорап-қорабымен тиеп ап, Қызылқұм мен
Қарақұмға тартады. Бiр кеткенде, айлап-жылдап кетедi. Келерiнде машинаның iшiн қой
етiне толтырып қайтады. Өзi ет жеп, ағарған iшкесiн бе, соңғы кездерi жұнттай боп
семiрiп, аяқ-қолы бұрынғыдан қысқарып, домалана қалған. Кейде тырсиған қарнын
саусағымен шертiп тұрып: «Бала, нағыласың, бүгiн жеңгең ырза», — деп, жырқ-жырқ
күледi. Онысы бар болсын, ең қиыны, соңғы кездерi бұлар жоспар орындаудан қалды.
Досан қойшылардан ақша алмайды. Ал, совхоз орталығында тұратын ел киноға бара
бермейдi. Бәрiнiң кеш болысымен телевизорын қосып ап, үңiреңдеп қарап отырғаны.
Оларды қызықтыратын кино облыс, ауданнан ауыса бермейдi. Тоқшылық не iстерiн
бiлмей сасқалақтады. Ай аяғы болса жақындап қалды. Ертең рабочком Мыңбаев
шақырып ап, сұқ саусағының ұшын шошайтып: «Қарағым, маған кәпек керек емес.
Мен үкiметтiң бiр тиынын да жемейiм. Кәне, түнде түскен қаржы қайда?» — деп,
алақанын жайса, бұл не демек? Тағы да ана жолғыдай көзiмен жер шұқи ма? Тоқшылық
ақыры клуб бастығы Майнаққа барды. Мектепте қатар оқығандығын арқалынып, оны
бiр iске бел будырды. Соңғы кезде газет-журналдарда дардайта мақтап жатқан «Қыз
Жiбек» фильмi болады деп, алдап жар таратып, Шекспирдiң «Отеллосын» көрсеткен.
Ол түспегiр, сөзi бар кино болса бiр сәрi. Нағыз мақау балет. Бұл бiр табақты
айналдырып боп, тесiктен iшке қараса, залда ешкiм де қалмапты. Жұрттың бәрi далаға