таласып қалатын болды. Келе-келе жiгiттер саяқси бастады. Сосын бұл жалқау ашқан
жiгiттер жайлы директорға айтып, оларды сүйрелегендей қып қатыстыратынды
шығарды. Сонысы өзiне кейiннен сойыл боп тидi. Шаруашылықпен басы қатып жүрген
директор бiр күнi қолын бiр-ақ сiлтедi. Сол уақиға көпке дейiн ел арасында қылжақ
әңгiме боп тарап жүрдi.
— Әй, қойшы, — деп, Мылтықбай ақшасын қалтасына салды да, Бәйдешке қайта
тиiстi. — Сонда сен... Аристотельсiң бе?
Осы кезде Патшайым шыдамай, орнынан атып түрегелдi де, Мылтықбайды әрi
итермеледi:
— Болды ендi! Арақ iшсең, ақылыңды iшесiң-ау! Немене, аузыңа келгенiн аталап!
Сол арада Әбду:
— Тоқшылық, сен мына перiнi үйiне апарып сал! — дедi тарқылдай күлiп.
Патшайым мен Тоқшылық Мылтықбайды екi колтығынан сүйемелдеп алып кеттi.
Үй iшiн қолайсыз тиыштық басты. Әбду бiраздан соң барып:
— Әлгi Мылтықбаймен баяғыда мектепте бiрге iстестiм. Жүрген жерi осындай
айтыс-тартыс. Болмаса жақсы қызмет алып, өсетiн-ақ жiгiт. Кәзiр өзi астыңда мәшине,
қасыңда... кәнизәк болмаса... — деп барып, сөзiн кiлт үздi.
— Ол өзi, — дедi Елекеш тамағын кенеп, — шынында да, қызық жiгiт. Мiнезiн кiсi
түсiнiп болмайды. Талай рет көмектесейiн дедiм. Тыңдамайды. Сосын... оған
жалынамыз ба?
— Кiсi әуелi өз отбасын жөндеп алмай жатып, айдалаға шапқылап... бұ қалай, а? —
дедi Әбду қынжылып.
Осы арада Елекеш:
— Ал, жiгiттер, демалайық. Ертең ауданға жүремiз дегендей, — деп, орнынан
түрегеле берi.
14
Мылтықбайды үйiне апарам деп Тоқшылықтың ит әуресi шықты. Әшейiнде көк
сiңiрше қатып қалған қатпа кiсi мас болғанда тарамыс денесi ширығып, қайраттанып
кетедi екен. Ау-тауық әлденеге жыны келiп, қолын қатты-қатты сермеп қалғанда,
бұның уысынан шығып кете жаздайды. Бұл оған қайта жармасады. Ана жағынан
Патшайым көмектеседi. Ол әзер дегенде Мылтықбайды үйiне әкелдi. Есiк алдынан
қайтып кетейiн деп едi, Мылтықбай тiлi күрметiле сөйлеп:
— Жүр үйге, — деп, бұған жабыса түстi.
Тоқшылық ерегестiре бермейiн деп, оны тамға алып кiрдi. Жұпынылау шыланнан
өткесiн, ортадағы қонақ үйге барып ендi. Төрде сырты жылтыраған шкафтарға
салынған көп кiтап бiрден көзге ұрды. Оның бер жағында түгi тықыр көнетоз кiлем
iлулi тұр. Ортада үстел мен бiрнеше орындық бар.
— Кәне, отыр, — дедi Мылтықбай аяқ киiмiн шешiп жатып.
— Мәке, рахмет, мен қайтайын, — дедi Тоқшылық.
— Неге? Қуыс үйден құр шықпа деген. — Ол Патшайымға бұрылды. — Бол, шәй
қой.
— Жеңiше, әуреленбеңiз, кетем, — деп, Тоқшылық оған қарап, көзiн қысып қойды.
— Бала, сен үйтпе, — дедi Мылтықбай басын шайқап, — немене менi лақуа дейсiң
бе? Лакуа, — деп, кенет тарқылдап күлiп жiбердi. — Менi ана қыртымбай лақуа дейдi.
Шынымен мен сондаймын ба, а? — Ол Тоқшылыққа қарады.
Тоқшылық үнсiз қалуды ерсi көрiп:
— Неге? — дедi. — Мектепте бiз үлгi тұтқан мұғалiм жаңғыз сiз едiңiз. Бiлiмiңiзге
бәрiмiз ырза болатынбыз.