қызықты. Сол екен, философия саласынан шыққан еңбектердi ерiнбей-жалықпай
оқитынды шығарды. Сүйтiп жүрiп бiр күнi жаман ойға тiрелдi. Жарайды, сен төрт
аяқтыдан артық екi аяқтымын деп, күйбеңдеп өмiр сүр, қызық көр, жар сүй, бала-
шағаңды асырап-абыра. Сонда мұның не мәнi бар? Iшiп-жеу, киiм кию, өмiр қызығын
көру үлкен арманды мақсат тұтқан кiсiге жұбаныш бола ала ма? Ақыр түбiн ойласаң,
пенденiң сол өзiн-өзi алдарқатқан тiршiлiгi түк те емес, еш мәнi жоқ. Адам топырақтан
жаралып, қайтадан топыракқа айналады. Мына дүниеде бәрi баянсыз. Бiз соны
бiлдiргiмiз келмей, адамдар арасындағы қарым-қатынасты неше саққа жүгiртiп, бас
қатырар неше түрлi қисынды тауып алып жатамыз. Тiптен белгiлi бiр қауымда болған
түрлi уақиғаларды өз ыңғайымызға қарай қисындап түсiндiремiз. Мұның түбiн
зерттегенде сонау аспан төрiнен көз салсақ, баяғы бiр алдамшы нәрсе, кiсiнiң өзiн-өзi
алдауы ғана боп шығады. Мына дүниеде жаңа еш нәрсе жоқ. Бiзге дейiн жер бетiне
талай пенде, талай ел келiп кеткен. Олар да өзiн-өзi жұбатып, алдарқатып өмiр сүрген.
Бұл не сонда? Әлде бұл тiршiлiктiң заңы ма? Тоқшылық оған қарсы дау айтқан. Сүйтiп
жүрiп жасына жетпей ересек тартып, айналасындағы қым-қуыт тiршiлiкке енжар
қарайтын бойкүйез бiреуге айналған. Бұған Мылтықбай да әсер еткен. Кейiннен ойлап
қараса, Набаттың сол кездерi бұған келемеждей қарағаны: «Сен кiтабисың. Өмiр бiрақ
кiтаптан алшақ. Қайта кiтап өмiрдi зерттеуге тиiс», — дегенi сияқтанады да тұрады. Бұл
өзiн сонда лакуа екенмiн-ау деп ойлаған. Асылы лақуашылық та, тақуашылық та
қоржынның екi басы ғой. Соны тақымына басар кiм бар, сiрә? Және бiр ойы өмiрдiң
қызығын көргеннен ұтарың не дейдi? Айналып келгенде, осы әдет, жөн-жоралғы, рәсiм
дегендерiң өзiмiздiң ойлап тапқанымыз емес пе? Ондай бетке шығар қанды көбiктi
шолпымен қалқып алып тастасақ, таза сорпасы мен сүйек-саяғы қалмай ма? Бiзге керегi
де сол емес пе? Мәселен, кеше бұл Набатқа сол дағдыны тұтынып, әдемiлеп сөз айтты.
Шынына келгенде, соның керегi қанша? Оның орнына бұрынғыша: «Тиесiң бе?» —
«Тием», «Аласың ба?» — «Алам», — деп шаруаны неге турасынан айтпайды? Турасы
нағыз мән емес пе? Бiрақ бiз сол мәннен қашқақтап, өз қылуамыздың тұрпатын
танымастай етiп, неше түрлi жабу жауып жатамыз. Сүйтiп өзiмiзге өзiмiз кедергiнi
көбейтумен қатар, өзiмiздi өзiмiз және алдаймыз. Неге, а? Неге? Сол жықпылды айқара
ашсақ, дүние бүлiнiп кете ме? Дүниеге келу бар, кету бар. Мәңгi-бақи тiрлiк етер ешкiм
жоқ. Сонда кiсiнiң бұл пәниден өтетiнiн жасырсақ, не боламыз? Бәрi бiр пенде бiлмей
ме? Ондай өтiрiктiң қажетi қанша? Рас, ақыл-есi толыспаған жасқа өмiр шындығын
ақтара салған жараспас жараспас. Толыспаған ой қисық ескен дарақша қия тартып өсер.
Ә, мектепте мұғалiмдердiң солай тәрбиелейтiнi осы екен ғой. Е, гәп қайда жатыр.
Бақса, жас адамның жiгерiн алдын ала жасытпайын дегенi екен-ау. Бәлкiм, бұл да жөн
шығар. Дегенмен шындық кап түбiнде құр жатпас болат пышақ емес пе?
Тоқшылық оң жағына аударылып жатты. Көзiн қанша жұмса да, ұйқы келер емес.
Қараңғыда неше түрлi жасыл сәуле жылт-жылт ойнап, кiшкене дөңгелек сызықтар
орнай қап, кiлт құлдырай жөнеледi. Тақа болмағасын Тоқшылық көзiн ашып алды.
Қабырғада қарауытып тұрған кiтаптарына қарады. Соның бәрiн әлденеше рет ақтарып
шыққан. Әлi де кеуiлi шапқанда кейбiр ұнаған беттерiн қайталап оқып қояды. Оқыған
сайын жаңа бiр ойға батады. Ойдан ой туып, кейде осылай өрелi таңды көзiмен
атыратыны бар. Кәзiрде де ұйқыдан маза қашқанын аңдап жатыр. Бiр сәт бағана
Елекештiң ертең Жосалыға барамыз дегенi есiне түстi. Ұйқысы қанбаса, басы
былғақтап, мазасын кашырады-ау! Қап, қайдағыны қайдан ойлай қойды? Бәрiн өз
кезiнде көре жатады да. Мына өмiрде кiсiнiң ойлағаны бола бере ме? Өмiр сенiң
ойластырған, алдын ала тон пiшiп жоспарлаған жолыңмен жүре қоя ма? Өмiрдiң
қызықшылығы да осында емес пе? Өмiрдiң қызықшылығы? Апырай, ә?! Осы кiсiлер
өмiрдiң қызығын көремiз дегенде, соған өмiрдiң қызықшылығы да кiнәлi болып
жүрмесiн? Анада бiр оқыған кiтабында шетелдiң бiр ойшылы адамды тәнiндегi мылқау
нәпсiнiң құлы дептi. Бұл бiраз ойға шомған. Өзiне-өзi бiз неге тамақ iшемiз, неге әйел
аламыз, деген. Әлде мұның да бiр мәнiсi бар ма? Осының барлығын сонау аспанда