Қайтарларында бригадир Жұманнан жасырып, бiр-екi собықты көйлектерiнiң iшiне
тығып, үйлерiне алып қайтады. Ол ұрлықтарын Жұман көрiп қалса, басың бәлеге қалды
дей бер. Ол астындағы атын тебiнiп қап, даусы қырылдап, әке-баба, зәузатыңнан
бермен қарай сыбап, жетiп кеп, қамшысымен бiр тартады. Мұның Жұманнан сүйтiп
таяқ жегенi де бар. Сонда да Әбду оның көзiн ала бере, собық қымқыруын қойған жоқ.
Ол бiр жолы он шақты собықты үйiне алып келдi. Шешесi дәудiрлеп қуанып жүр. Бұл
әкелгенi нағыз меке жүгерi екен. Толық пiскен. Дәндерi баданадай, қап-қатты. Шешесi
тез арада қазанға сүттi құйып жiберiп, жүгерi көже пiсiрдi. Жұмыстан шаршап келген
әкесi сол көженi iшiп отырып, бұған ырза боп;
— Жарайсың, — деп қойды.
Содан мұның төбесi көкке екi-ақ елi жетпей қалған. Бiрақ сүтi аз көже әрi-берiден
соң әкесiнiң тамағына тiрелiп, ықылық атты да қалды. Шешесi абдырап, қарынға салған
майынан бiр қасығын көсiп әкеп, қою көженi былғап-былғап жiберген. Сонда жаңа ғана
ықылық атып отырған әкесi құнжың етiп, көженi қасығымен былғап-былғап жiберiп:
— Е, сүйтпейсiң бе, түге? Мына құрғақ көжең өңештi жыртып бiттi ғой, — деп,
мырс-мырс күлген.
Сол жағдай мұның есiнде хат боп жазылып қалған едi. Әсiресе, майға бөккен
көженiң жылп-жылп етiп, тамақтан қалай тез өтiп кететiнiне таңғалған. О несi, деп,
талай рет ойланған да болған. Ол солай, деп, мұның ар жақ-бер жағын тексерiп жатпай
қоя салған. Ертеңiне Жұман мұны Байқожадағы астық қабылдайтын жерге баратын
арбалардың бiрiне көмекшi қып жiбердi. Арбакеш шал әбден салақ кiсi екен, жол бойы
арбалардың майланбаған доңғалағы шиқылдап, мазасын алды. Ойлы-қырлы жерлерге
келгенде, арба қойқаң-шойқаң ете қап, аударылып қалатындай боп кетедi. Оған
доңғалақтардың шиқылы қосылып, мазаңды шай iшкендей қылады. Сол итiңмен олар
Байқожаға жақындай бергенде, қара атқа мiнген Жұман қарсы жолықты. Ол арбаның
шиқылын ести сап:
— Ақсақалау, не көп, құдайдың қара майы көп. Мынаны ойбайлатпай, майлай
салмадың ба? — деп ренжiдi.
Сол қамшы болған Әбду арба Майлыбасқа келiп, үстiндегi қап-қап жүгерiнi түсiрiп
болғасын, әлгi заржақ доңғалақтарды майлап шықты. Қайтар жолда бағанағы ойбай
басылып, дөңгелектер лып-лып етiп келе жатты.. Соны көрген Жұман кеуiлденiп:
— Е, кiсi деген осылай болмас па? — деп, жымың ете түстi.
Содан берi Әбду осы майлау дегендi өзiнше түсiнедi. Ағаш түгел, ең аяғы темiр екеш
темiр де майлағанды сүйедi. Майланбаған машинаның бөлшектерi сырқылдап,
қытырлап, бiр-бiрiн жеп бiтедi. Оның соңы белгiлi. Егер сол қытыр, сол сырқыл кiсiнiң
жүйкесiне тап келсе ше? Ойбай, айта көрме! Оның бетi әрмән! Талай озат туған кiсiлер
сол темiрдi майламаймын деп, өзi де береке таппай, өзгеге де ұнамай, делқұлы боп
жүрген жоқ па? Әлгi сорлының тықыр-тықыр еткен жүйкесiн көргенде, бұл, апырмай,
оқыған әке-шешесi қажыған тәндi зәйтүн майымен сылауды үйретпеген бе, деп,
таңғалады. Сүйтiп сылап-сипап жiберсе ғой, қандай ширыққан жүйке де, қырыс қабақ
та былбырап, жiбiп сала бермейдi ме? Соны ана Мылтықбайлар неге бiлмейдi? Әлде
бiлсе де, кежегесiнен керi тартып тұрған бiрдеме бар ма? Сонда ол не? Жарайды, оны
қойшы! Әбду өзi тұтынар мүлiктi күтiп ұстауға, әр жер-әр жерiн майлауға аса ұқыпты.
Оның астындағы мотоциклiн айдап жүргенiне бiраз болды. Мұнымен қатар көлiк
алғандар осы күнi жаяу жүр. Әбду мотоциклiн жақсылап майлайды. Сол-ақ екен, жаңа
ғана қытырлап, тықырлап тұрған темiр қасқаң лып-лып етiп, майлы қасықша
жылпылдап сала бередi. «Апырмай, мұның жөнi бөлек қой», — деп, ол осы кәзiрде
күлiмсiреп қойды. Ендi сәтi түсiп, қолын бiр жерге iлiктiрсе... Ол осы арада бiр түрлi
боп кеттi. Ана жылы бiр ыңғайсыз жағдайға ұшыраған едi. Оның себебi де қызық.
Бұған дейiн осы мектепте директор тұрақтамаған болатын. Ол кездерi оқитын
балалардың көбi ересек тартып далған қыз-бозбала едi. Әсiресе, қойшылардың
балалары кеш оқиды. Олар жетiншi, сегiзiншi класқа жетем дегенше, пiсiп те үлгередi.