болады деп үгiттеп едi, бұл әуелгiде бас изегенмен, кейiннен қолын бiр-ақ сiлтейдi.
Қолдағы бiр-екi жандыққа қарауға тiптi зауқы жоқ. Сонысын бiлетiн Патшайым бұған
алаңдамай, шаруаны өзi тындырып жүре бередi. Соған Мылтықбай да үйренген. Оның
үстiне Мылтықбай қонақжай. Күнде үйiнен құрбы-құрдастары шықпайды. Қолдағы
малын жақсы қонақ келе қалса, сойып сап, қарап отырады. Соны көрiп, әкесi Дәуiт бiр
рет: «Қарағым, түбi түскен шелектей бола берудiң не керегi бар? Аздап алды-артыңа
қарасайшы», — деген. Әуелгiде Мылтықбай оған ауаланса да, кейiнiнен ұмытып
кеткен. Жастайынан көпшiл боп өскен Патшайым да оның бетiне жел боп тимейдi.
Сосын Мылытықбай мектепте артық сағат алам деп жүрген мұғалiмдердi ұнатпайды,
өзi де артық сағат алмайды. Патшайымның да артық пайда табуға құлқы жоқ. Сүйтiп
екеуiнiң тату-тәттi өмiр сүрiп жатқан жайы бар. Ендi бүгiн ойламаған жерден ауылға
Бәйдеш кеп, мұның жел шайқамаған көл бетiндей тиыш кеуiлiн ұйқы-тұйқы еттi де
кеттi. Әлденеге кiжiнiп өз-өзiнен торсиып бiраз отырды. Көз алдына құрдасының тоқ
кескiнi келген сайын, өзегiне улы бiрдеңе түскендей боп, қабағын тыржитып ала қояды.
Кәзiрде де бiр түрлi боп тұр. Неге бұлай, деп, бiр сәт өзiне-өзi сұрақ қойып, аядай бөлме
iшiнде бiр-екi аттап барып тоқтай қалды. Расында да, неге? Баяғыда ғой бұлар
институтта қатар оқығанда, Бәйдеш ешкiмнен де бiлiмi жағынан асып түсiп жатпайтын.
Басқа өнер жағынан да солай. Әсiресе, бұлар жас жiгiттер боп, мына жайнаңдаған
Патшайымның iзiне түскенде, бiрiнен бiрi артық көрiнем деп, бойларындағы бар
қасиетiн көрсетiп қалуға тырысатын. Сонда бар нәрседен мақұрым қалған Бәйдеш
сабыр сақтаған боп, үн-түнсiз отыра беретiн. Елекеш те сондай. Ондай кездерi мұның
құдайы берiп қалатын. Каршадайынан қара домбырада әсем сазды нәшiне келтiре
тартып өскен бұл саусағы пернеге тиiп кетсе болды, көне күйлер төгiле жөнелетiн.
Бiрде Жосалылық қыз-жiгiттер боп бас қосқан бiр отырыспада Мылтықбайдың
абыройы өсiп-ақ қалды. Жұрттың бәрi тымау тигендей домбыраны мыңқылдатып,
дұрыстап тарта алмай, бiрi бiрiне асыра бергенде, қолына домбыра тиген Мылтықбай
лыпылдаған саусақтарын түу сағаға дейiн жүгiртiп апарып, сәл тоқтай қап, кенет оң
қолымен екi iшектi қатты қағып-қағып жiберген едi. Жұрт елең ете қалысты. Бұл
домбыраның iшiне түсiп кетердей боп, дабылы да, дабыры да жетерлiк ексiмдi күйдi
бастап та жiберген-дi. Күй алғашында кiжiнiп, кiжiнiп, әлдекiмге ызаланғандай
өжеңдеп, мойынының орта тұсында бiраз тұрып алды да, кенет әлгi ашу-ыза
басылғандай, қоңыр дауысқа түсiп, майда есе жөнелдi. Сылқылдаған саз төрт аяғын тең
басқан жорғадай теңселе келе солқылдай жөнелдi. Келе-келе әлгi саз әлдеқандай
аңсары да, сағынышы да көп бiр сезiмге ауысып, қылқылдап, әлденеше рет қайталанып
өттi. Мылтықбай басын кегжитiп ап, беймәлiм тұман қонған екi көзiн тар бөлменiң
бұрыш-бұрышына қадап, соның әр жағында жатқан бiрдеңе бардай, өзiмен өзi болып
кеткен. Ол күй аяқталар кезде барып, басын шұғыл сiлкiп жiберiп, қайтадан күйдi
дүрiлдете жөнелгенде, бағанадан берi мұны кiсi құрлым көрмей отырған Патшайымның
ажары кiрiп, өзiне бiр түрлi боп қызыға қарап қалғанын байқады. Ол өз iшiнде лып етiп
бiр шырақтың жана қалғанын сезiп, кеуiлi тасып кеттi.
Содан кейiнгi тiрлiгi кәзiрде түс сияқты. Бұл ертесiне Патшайымдар жатқан
жатақханаға барды. Қолында бiр шоқ гүл. Бұрын-соңды гүл түгел, қолына қызғалдақ
ұстап көрмеген басы кiм көрiнгеннен қысылып, жан-жағына жалтақтап бiттi. Қасынан
сықылықтай күлiп қыздар өтiп бара жатқанда, әлгi бiр шоқ гүлiн бiр қырына ұстап,
жасыра қояды. Сүйтiп тұрғанында, iштен Патшайым да шықты. Бұл оған әлгi гүлiн
қысыла-қысыла ұсынды. Қыз қызарып кетiп, гүлдi ебедейсiздеу алды. Шамасы, оның
да гүлдi алғаш ұстап тұрғаны осы болуы керек.
Екеуi киноға барды. Ол кездерi Үндiстанның «Қаңғыбас» деген фильмiн көруге
жастар ынтық болатын. Әсiресе, үндiлердiң әнiне құмар. Бұлар да қаңғыбастың
тағдырына қабырғалары қайыса отырып, киноны ауыздарын аша көрдi. Әсiресе, қыз
бен жiгiттiң су үстiнде қайықпен келе жатып, айдан қорқатын тұсында қатты әсерленiп
кетiп, Патшайым мұның қарынан ұстай алды. Iзiнше сонысынан өзi қымсынып, қолын