шығып кетiптi. Бiр-екi қызулауы Майнаққа мұқылаш жегiзiп, биллиард ойнап жатыр.
Осы киноға бiр топ қызбен бiрге Набат та келген-дi. Тек мұнымен орта мектептi бiрге
бiтiрген солар ғана балеттi аяғына дейiн көрдi. Ендi бұ жөнiнде Айзада айтқасын, оның
артының неге соғатынын ойлап, Тоқшылық ыңғайсызданып қалды. Сол арада есiне
түнде ойға алған шаруасы түсiп, қабыраға қағылған шегеге iлулi тұрған қосауыз
мылтығын алып, оны омырып ашып, ұңғысына көз салды. Патронтаждағы
патрондарын санады. Бұл бiраздан берi аңшылыққа әуес боп жұр. Биыл құс қайта
Жықпылдың арғы жағындағы қара көлге барып, құс атамыз деп, ерте бастан қам жасап,
оқ-дәрiсiн даярлап та қойған едi. Ендi Әбдумен бiрге со жаққа бару ғана қалып тұр.
Ол мылтығын орнына iлдi. Қабырғадағы пәттелене жиналған кiтаптарға көзi түсiп
кетiп, ерiксiз оқу жағын есiне алды. Биыл Алматы асып, КазГУ-дың физика-математика
факультетiне документiн тапсырған едi. Өзiнше, дайындығы жап-жақсы болатын. Бұл
емтиханда сұралар пәндердi жеке-жеке дәптерге қысқаша мазмұндап, жазып та алған.
Бар сұрақ ойында жатталып та қалған. Бiрақ тағы да жолы болмады. Екi мұғалiм екi
жақтан тақымдап, сұрақ қойғанда, бұл сасып, бар бiлгенiн жөндеп те айта алмады.
Сүйтiп емтиханнан құлап шықты. Жүзi күреңiтiп бара жатқан бұған жылы шырайлы
мұғалiм қамқор дауыспен: «Бала, әлi жас емессiң бе? Оқимын деп астанаға шапқылай
бергенше, емтиханға дұрыстап дайындалмайсың дар ма? Былай… өмiрдiң жықпылын
көрмейсiңдер ме?» — дедi. Қатты ренжiген бұл оған онша назар аударып жатпады.
Сыртқа шыға салып, вокзалға тартқан. Содан ұнжырғасы түсiп, Байқожа стансасынан
кеп пойыздан түссе, перронда Әбду тәлтиiп тұр. Ол мұны көрiп: «Қалай, түстiң бе?» —
деп сұрады. «Жоқ». — «Онда өте жақсы болған екен»,— дедi ол ыржалақтап. Сосын
Тоқшылық қайтадан әке-көкелеп жүрiп, бұрынғы жұмысына тұрған едi. Мұның
тұрғаны бар болсын, ауылда клубта қойылатын киноға келушiлер аз. Сол себептi бұлар
жоспарын орындай алмайды. Ондайда рабочком Мыңбаев ренжiп, сұқ саусағын
шошайтып, Майнақ екеуiне ұрысады. Сосын түнде...
Әкесi Досберген кейiп жатыр:
— Елдi алдап, нең бар едi? Халықпен ойнаған оңбайды деген. Ендi әзер алдалап
жұмысыңнан тырқыратып қуып шығады. Сенiң тiреп тұрған қай бiр туысың бар? Олар
деген… сендер әлi «ақұдайларды» бiлмейсiңдер…
Тоқшылық әкесiнiң сөзiн әрi қарай тыңдамай, орнынан тұрды да, сыртқа шықты.
Айдап отырып кеңсеге барды. Майнақ рабочкомның алдында салы суға кетiп,
сүмiрейiп отыр. Шашы сұйыла бастаған, жалпақ бас Мыңбаев бұған бұрылды. Жалма-
жан көзiлдiрiгiн киiп, бұған тесiрейе қарады да:
— Шырағым, маған мынандай... иә, сондай кәпек керек емес, — деп, сұқ саусағының
ұшын шошайтып көрсеттi.
— Жоспарды орындадық, — дедi Тоқшылық оның сөзiн бөлiп.
— Солай ма? Ол жақсы, бiрақ мынауың қалай, ә? Жұртты алдаған деген не пәле?
Сәбет заманында бұлай етiу өзi… жарамайды. Жаңа ауылсәбетпен сөйлестiм. Мұны
жай тастамаймыз, — деп, ол қорқыта сөйледi.
— Мен... жоспар үшiн... амалсыз, — дедi Тоқшылық күмiлжiп.
— Жоспар? Сонда қалай? Немене саған үкiметтiң жасаған жоспары ойыншық па? —
Мыңбаев қолын жоғары көтердi. — Жоспар деген бар ғой, бостан бос жасала
салынбайды. Оны анау бар ғой, жоғарыда отқан талай-талай басы бар iкәнiмiстер әбден
шотқа қағып, оң-терiсiн есептеп жасайды. Сен оны... ендi кеп...
— Мен... бiлмей... ойнап... — дедi Тоқшылық әлденеге өз-өзiнен абдырап. Iшiнен:
«Айтайын дегенiм бұл емес едi ғой», — деп, ойлап қойды. Бiр сәт кеуiлiнде тұрған
сөздi ерiксiз iркiп, тiлiнiң рабочкомның ыңғайына жығыла бергенiне айран-асыр қалды.
— Ойнап? Не ойнап? — Мыңбаев мүлдем адырайып кеттi. — Қарағым, мына сөзiң
қалай өзi?
— Мен бұлай деп... — Тоқшылық мүдiрдi. Көзiнiң астымен Мыңбаевтың қызара
бастаған, буылтық-буылтық жүзiне қарап қойды. Кешелерi осы кiсiнi пенсияға шығады