— Не боп қалды? — дедi осы кезде шаршап, көзi кiлгiрiп бара жатқан Орақ басын
көтерiп ап.
— Не болсын? Сенiң маған берген қойың белгiлi. Ауылға құр қол кәйтiп барам?
Мына жерден кездескен несiбемдi терiп алайын, — деп, ол мұны кузов пен кабинаның
арасындағы тар саңылау жерге шығарды. Қолына фар ұстатты да: — Ендi жан-жағыңа
салып көр, — дедi.
Орақ фарды айнала салып едi, ештеңе көзге түсе қоймады. Тек бiр арадан жап-жасыл
от жарқ ете қалғандай болды. Жарықты сол араға тоқтатып қарап едi, изен түбiнде
бұғып жатқан қоянды көрдi. Досан қосауызын суырып ап, әлгi қоянды басып салды.
Мылтық даусы шаңқ ете түстi. Қоян тыраң ете қалды. Досан қорбаңдай жүгiрiп барып,
өлген қоянды артқы екi сирағынан сүйреп әкеп, кабинаның iшiне лақтыра салды да:
— Мен кәзiр жәйлап жүрiп отырам. Қоян көрсең, төбенi қақ, — дедi.
Машина айдау жолдан шығып, қойқаңдап, баяу жұрiп келедi. Бiр арада фар
жарығына iлiккен бiрнеше қарақұйрық көздерi жап-жасыл боп, сексиiп тұра қалды.
Iшiндегi әккiлерi бұлтарып көрiп едi, Орақ жарықты алдарына түсiрiп, тар тұзақтан
босатпады. Досан машинаны тоқтата сап, мылтығын тез кезей қойды. Алғашқы оқпен
ол бiр қарақұйрықты атып жықты. Қалғандары дiр-дiр етiп, не iстерiн бiлмей, сiлейiп
тұр. Досан және бiр-екеуiн атып жықты. Сонда барып қалғандары әрi қарай
қараңғылығықа секiрiп кеттi. Орақ фармен олардың алдарын бөгей алмай қалды.
— Қап! — дедi Досан өкiнiп.
— Осы да жетедi ғой.
Досан күңкiлдеп жүрiп, қарақұйрықтарды мауыздап, машинаға салды. Сосын
кабинаға кеп мiндi. Машина қайтадан айдау жолға түскесiн, аңырап тартты да отырды.
Бiрер сағаттан соң олар Байқожаның паромына келдi. Сырдан пароммен өткеннен
кейiн, совхозға жеткесiн, Досан мұны әкесiнiң үйiнiң тұсына әкеп тастады. Сосын ол:
— Азанда ертемен жүремiз. Ұйықтап қалма, — дедi де, үй жағына кеттi.
Орақ ұйып қалған аяғын жазып, азырақ жүрдi де, әкесiнiң үйiне келдi. Шешесi асып-
сасып жүр:
— Қалай амансыңдар ма? Кәзiр шай қояйын...
Түнгi шай үстiнде Орақ әкесiмен сөйлесе отырып, мән-жайға қанды. Сырқатының
меңдеп бара жатқан сыңайын да байқады. Тоқшылықтың бүгiн жаңа машина айдағанын
естiп, сәл-пәл ойланып қап:
— Ол бiр мазасыз жұмыс қой. Онан да менiң отарыма келсе, уақыты болады, — деп
бiр қойды.
— Көредi де, — дедi әкесi өкпесi сырылдап отырып. — Биыл тағы да құлап келдi.
Сол оқуы түскiр де қиындап кеткен бе қалай?
— Бiздiң кезiмiзде оқуға талаптанушылар аз едi. Кәзiр елдiң бәрi қалам ұшымен нан
жесем дейдi. Сосын қиындамай, — дедi Орақ сәл күле түсiп.
— О кез басқа едi ғой. Сосын бiр ойым айтады, — Досберген даусын соза түсiп, —
осы баланы аяқтандырсам деп.
— Өй, оған әлi ерте қой. Асығып нағыласыңдар?
— Асықпағанда, мына шешеңнiң ыңқыл-сыңқылы көбейiп келедi. Кейде жатып
қалса, осы үйде бiзге тамақ iстеп беретiн адам да жоқ. Сондай да бәлекей деген...
— Кәзiргi қыздар оған көне ме? Сосын... Тоқшылық әлi жас қой. Қамытты мойнына
ертерек iлсе, тез мойып қалады, — деп Орақ астарлап, өз басындағы бiр жайды да
айтып өттi.
— О да жөн.
— Айтпақшы, Тоқшылық қайда? Ұйықтап атыр ма?
— Қайдағы? Бүгiн Алматыдан баяғы Нұрғабылдың Бәйдешi келген екен, соны қарсы
алуға кеттi.
— Бәй-йде-е-ш? Ау, о деген...
— Ауылға келiп қайтайын деген шығар.