Стр. 65 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

бұл кездерi ол әбден мұқап, кеудесi сырылдап, ауруға шалдығып қайтқан болатын.
Жүруiнен отыруы көп. Оны келген бойда колхоз жұмысқа бiрден ала қоймайды. Арада
бiрнеше жыл өттi. Орақ ер жетiп, шаш қойып, зiңгiттей жiгiт болды. Бұл кезде Елекеш,
Бәйдештер де жiгiт боп, мектеп бiтiрiп, Алматыға оқуға кеттi. Бұл оларға сырттай
қызығып, өз отына өзi күйiп, булығып қала бердi. Ендi қайтадан оқуға кеш. Ауылды
жерде кешкi мектеп атымен жоқ. Ауданға барып оқуға ата-анасына қарайлай бередi.
Сүйтiп жүргенде мұны армияға алды да кеттi. Орақ үш жыд бойы Владивостокта боп,
шығыстың сақырлаған аязының қандай екенiн өз көзiмен көрiп қайтты. Содан кейiн
келiсiмен үйлендi.
Бұл кезде «Ақсуат» колхозы басқа екi-үш колхозбен бiрiгiп, «Байқожа» совхозы
болған едi. Орталық осы Ақсуатқа көшiрiлген. Сол жылдары Мылтықбай институт
бiтiрiп кеп, жаңадан ашылған онжылдық мектепте мұғалiм боп қызмет iстеп жүрдi.
Оның Патшайымды жаңа алған кезi. Орақ жас келiншектi көрiп, аузын ашып қалған.
Онымен амандасып тұрып, өзiнiң добалдай қолынан, тiлiнiп кеткен ернiнен қымсынып
болған. Iшiнен Мылтықбайды бақытты деп бiлген.
Содан көп ұзамай Елекеш те қызмет жағынан өсе бастады. Бұл құрдастарының
дәрежесiне сырттай сүйсiнiп қойса да, iшiнен аздап қызғанатын. Ақыры бүйтiп өзiмдi-
өзiм жегенше, аулақтау жүрейiн деп, қой бағуға шыққан едi. Құм арасында жападан
жалғыз жүрiп, ара-тұра ыңылдап қойып, жан түкпiрiнде жатқан әлдеқандай өкiнiш
сықылды бiрдеменiң жегi уыты қайта бастағанын, өзiнiң доғалданып бара жатқанын
сездi. Сол жегi құрттай бiрдеменi онан әрмен тапап өшiргiсi кеп, қой соңында
салпақтап жүрiп, ештеңе ойламауға, ойда-жоқта басына сап ете қалған күдiктi нәрсенiң
бәрiн қуып тастауға тырысты. Оған да болмай бара жатса, кешкiсiн шаршап кеп,
жастыққа қисайып жатып, мұны бiрiнен бiрi қызғанып, мойнына асылған қара
домалақтарын еркелетiп, мәз бола күлiп, әлгi нәрсенi ұмытып кетедi. Сүйтiп жүрiп сол
жегi нәрседен құтылып едi, мiне, тағы сол пәле жан түкпiрiнде бас көтере бастады.
Орақ ескi жарасы қан қақсап қоя бергендей, қабағын кiржитiп аз отырды да, бар күшiн
жинап, сол босаңсы сезiмдi әлуеттi қолмен тапап тастады.
Әкесi кесесiн төңкерiп жатып:
— Малың қалай, аман ба? — дедi.
—Шүкiршiлiк.
— Кәзiр жұрттың бәрi дән егiп, атақ алып жатыр. Осы сендердiң еңбектерiң
солармен салыстырғанда қадай өзi?— дедi Досберген кенет қулана қарай қойып.
— Бiз де iжкiмнен кем емеспiз ғой, — дедi Орақ күлiп. — Бiлген кiсiге малдың
бинетi көп қой. Мұнда науқан артынан науқан. Ал егiстi орып алғасын, көктемге дейiн
демаласың. Жарықтық малда ол бар ма?
— Ол ырас.
Орақ әке-шешесiне қарап отырып, бiрдемеге ойы ауа бердi. Мына қалпымен
олардың өз беттерiнше тұра алмасы рас. Ертең Тоқшылық оқуға не армияға кете қалса,
бұларға қарайтын бiреу болмаса — қиын. Қарақұмда жүрiп, бұл оларға қалай қол ұшын
бере алады? Ол әрi ойлап, берi ойлап отырып, кемпiр-шалды қолыма көшiрiп алсам ба
дегенге тiреле бердi. Сол ойын тура айтпай, майдалап:
— Тоқшылық армияға кетсе, сендерге алаңдайды-ау, — дедi де қойды.
Досберген онысын аңдап:
— Кезiнде көремiз де. Отқа, суға салған шыбын жан көбi кетiп азы қалғанда, сыр
бере қоймас. Мың күн сынбас шөлмек бiр күнi сынады ғой. Соны ойлап, кейде
қаңырығым түтейтiндей болады, — деп, кеуiлiнде жатқан бiр құпия сырының ұштығын
шығарды да, сөзден кiлт тиылды.
Сыртқа төсек салып жатып, шешесi мұны оңашалап:
— Әкеңнiң халын көрдiң қой. Хабарлас бол. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, —
дедi.