бұған бiр түрлi боп қарады да, жәй ғана қолын сiлтедi. Машина жүрiп кеттi. Орақ оның
соңынан қарап кеп тұрды. Жiбектiң басында желбiреген қызыл орамалы, дөңгелек жүзi,
бота көзi көз алдынан кетпей қойды.
Орақ Жiбекпен бiр-екi рет хат алысты. Бiр рет Жосалыға iздеп те барды. Жiбек
жеңгелерiнен қаймығып, оңаша шыға алмады. Сүйтiп жүргенде, бұл армияға кетiп
қалды. Қайтып келсе, ата-анасы Жiбектi басқа бiреуге ұзатып жiберiптi. Сол екен,
Ораққа бар дүние күңгiрт тартып, құлазып сала бергендей боп көрiндi. Ештеңеге зауқы
соқпады. Күнделiктi сылп-сылп тiршiлiк соңымен тiрлiк дәнiн басқа бiреумен бөле жеп
кеттi.
Оған кәзiр соған қанша жыл! Орақ ақырын күрсiнiп қойды. Iштей кiсi жадының
тозбайтынына таңғалды. Бәрi де кешегiдей. Ол сонда барып адам өмiрiнде өзiнiң ең бiр
қимас сәтi, өз айлы түнi болатынын, соны үнемi есiне алып, тiршiлiктен қажыған
сәттерiнде содан куат тауып, мына қым-қуыты көп дүниеге қайтадан қадам ұрарын,
жығылып, бүрiнiп жатса да, орнынан қайта тұрарын алғаш рет анық сезген едi.
Орақ таң алдында Досанның даусынан селк етiп оянды. Басын көтерiп қараса,
Тоқшылық анадай жерде ұйықтап жатыр. Жұқа көрпесi үстiнен сырылып кетiптi. Ол
Тоқшылықты оятпай, көрпесiн дұрыстап жапты да, тез-тез жуынды. Шайға қарамай, бiр
тостаған айранды iше сап, машинаға мiндi.
18
Елекеш ерте тұрды. Бiр тостаған шұбатты басына көтере салды да, сыртта керiлiп-
созылып жатқан Бәйдешке:
— Сен... үйде жатып, демала бер. Бiз түс ауа келiп те қалармыз, — деп, ауладан
шықты. Сосын кеңсеге кеп, Құлбаев пен Набатты машинасына мiнгiзiп алды. Жеңiл
газик совхоз орталығынан ұзап шығып, Байқожаның әр жағындағы қоңыр белге ұзап
шыққанда барып, Елекеш кеудесiн кере дем алды.
Бұл кез даланың ең бiр әдемi шағы. Таңғы салқын көкiректi кеңiтiп сала бередi. Ана
шетi мен мына шетiңе көзi еркiн жететiн тақтайдай тегiс даланың сонау шығыс жақтағы
қоңыр төбелерiнiң әр жағынан қып-қызыл күннiң бiр шекесi пiскен күлшеше қылтиып
шығып келедi. Оның жүзiнен жамырай тараған алқызыл сәуле көк шыныдай
мөлдiреген кең аспанға қызғыш рең берiп, жылтыраған жұлдыздардың бар ажарын
тартып ала қойыпты. Елекеш жан-жағына бiр-бiр көз тастады да:
— Күн бүгiн де жанамын дейдi-ау, — дедi.
— Ыссы болатын шығар, — дедi артқы орындықта Набатпен қатар отырған қағылез
Құлбаев. Өзi бүгiн шыртиып киiнiп алыпты. Шiлдедегi аптапқа қарамастан, пиджагын
иығынан тастамайды. Ақ көйлегiнiң алқымына үнемi қара галстук жабысады да жүредi.
Бүгiн де сол қалпы.
— Бюрода не болады екен? Әлде бiреудi бұйралайды ма?
— Қайдам. Кәзiр күрiштен басқа қандай әңгiме болушы едi?
— Ана Қаласбайдың күрiшi биыл қалай екен?
— Көрген кiсiлер жаман емес дейдi, — дедi Құлбаев шiңкiлдей сөйлеп. Жасы
елулердi қусырып калған кiсiнiң табан астында жас балаша шiңкiлдегенiне Елекеш
күлiп жiбере жаздап әзер қалды. — Олардың жерi бiзге қарағанда суы мол, сарықтық.
Жаңбыр жаумай қойса, дайрадан арық қаза салса да, салысын бiрдеме етiп суғарады.
Ал бiз ше...
— Неге? Бiз де судан онша тапшылық көрiп отырған жоқпыз ғой, — дедi Набат
даусы қарлыға шығып. Бүгiн оның бөтекеше бұлтиған сүйкiмдi екi бетiне онан әрмен
шырай берiп, шетелдердiң қызғыш реңдi опа-далабы қона қапты. Үстiндегi қоңыр ирек
өрнегi бар кремплин көйлегi денесiмен құйып қойғандай, қозғалған сайын судыр-судыр
етедi. Жалпы Набат киiмдi өте талғап киедi. Қаладағыша сәндене бiледi. Қысқа