қырқып, бiр жағына қисайта тараған, аттың жалындай қап-қатты қара шашы қызды
онан сайын жасартып, күрiшшiден гөрi қоньки тебетiн спортшыға көбiрек ұқсатады.
Алдыңғы орындықта отырған Елекеш артына бұрылып қарап, алтын тiсiн көрсете
ыржиды.
— Бәсе, солай емес пе өзi?
— Солай, — дедi Набат сыңқылдай күлiп. Даусындағы ойнақылық Елекешке
еркелегендей боп сезiлдi.
— Әрине, — дедi Елекеш қабағын сәл шытып, — барлық атыздарымыз сенiкiндей
емес. Әсiресе, ана Түбек дариядан қашықтау жерге орналасқан көп салыға су жеткiзу
қиын боп тұр. Тағы да бiр движок тап.
— Оны бiзге кiм бередi? — дедi Құлбаев.
— Ана көнесiн Әбжанға жөнде деп едiм. — Елекеш Құлбаевқа барлай қарады. —
Осы сiз қалай ойлайсыз, бiздiң бас инженерiмiз қашан пысиды?
— Оны... ендi... — деп, бағанадан берi бiлгiш оқушыша тақылдап отырған Құлбаев
кенет тамағына тас тiрелгендей кақалып-шашалды да қалды.
— Өзi... тiптi қазақы екен. Былай, ширау деген жоқ.
— Кәзiр онсыз қиын.
— Мен де соны айтам, — дедi Елекеш Құлбаевтың мүдiргенiне iштей таңғала
отырып, — бүгiнгi заманның екпiнi тау жығардай емес пе? Бара жатқанның балтасын,
келе жатқанның кетпенiн алмасаң… өзi... былай...
— Ана Қаратоқа Орынбаев Абайлар... сондай жiгiт едi ғой.
— Айтпақшы, оны қайтып келiптi дейдi.
— Қойшы, рас па? — дедi Құлбаев таңғалып.
— Рас, рас. Кеше есiттiм. Өзiн Шымкентте дейдi. Сонда әйелi мен бала-шағасы үй
алған көрiнедi.
— Пақырдың денсаушылығы қалай екен?
— Жаман емес дейдi.
— Апырай, — дедi Құлбаев таңдайын тақ еткiзiп. — Қандай жiгiт едi. Ақшаның
соңына түсемiн деп құрыды ғой.
— Өзiн iжқандай оқу бiтiрмеген дейдi, ә? — дедi Елекеш сыр тарта сөйлеп.
— Жетi класты бiтiрсе бiтiрген шығар. Өзi менiмен түйдей құрдас. Мына Көбектегi
Қаратоқалар, — дедi Құлбаев галстугiн жөндеп қойып. — Өзi жасынан қағынған,
қасқыр жiгiт едi. Әуелi ол мына темiржолда табельщик боп iстедi. Ол деген, былай,
бiздегi кассир сияқты. Разъездерге барып, жұмысшыларға наряд жазады, сосын
айлығын таратады. Содан алпысыншы жылдары осы совхозға кассир боп ауысты. Онда
бас бухгалтер — Дайрабайдың Ерлебi. Кейiннен Ерлеп ауданға ауысқасын, Абай соның
орнына отырды. Бар уақиға содан басталды. Сол кезде мен көршi совхозда iстейтiнмiн.
Ол жайында әңгiменi бiрнеше рет есiттiм. Бiр күнi ауданда онымен кездесiп қалдым.
Дәл сол күнi бiр шаруам шығып, Шымкентке бара атыр едiм. Сол вагонға Абай да кеп
мiндi. Қасында бес-алты бала. Баяғы көз таныс құрдас емес пе? Шұрқыраса амандасып,
мәре-сәре болдық та калдық. Содан кейiн қасындағылардың жөнiн сұрасам, бәрiн де
оқуға түсiруге апара жатыр екен. Сол балдардың бiразы кәзiр осында жүр. Содан
қызығы, Абай түн ортасы жақындап қалғанда: «Ресторанға жүр», — дедi. Мен: «Ойбай-
ау, ол жабық емес пе?» — дедiм. Ол: «Ашқызам», — деп, менi қояр да қоймай алып
барды. Бала, саған өтiрiк маған шын, қайдан танысқанын кiм бiлсiн, пойыздың
бригадирi оның алдында құрақ ұшып, түн ортасында ресторанды ашқызып, бiзге бола
тамақ пiсiрттi. Абай өзi қолы ашық жiгiт едi ғой. Әлгiлердi қарық қылды. Сосын бiр
қызығы, — Құлбаев қыза келе Елекештiң иығынан қағып қойды, — есептесер кезде
Абай қалтасынан жүз сомды, былай, үстел үстiне тастай салды да, артығын сұрамастан,
тұрып жүре бердi. Мен шыдамай кеттiм. Дереу даяшыдан артығын қайтарып алдым.
— Сосын, — дедi Елекеш күлiмсiреп.