Стр. 8 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

екен деген алып-қашты әңгiме естiген едi. Бiрақ ол кеуiлiн Әбду суытып тастады. Ол
бiр езуiне сигареттi қыстыра сап: «Бұ қумүйiз шалдар... аупарткомның бюросына мүше,
тiпте мүше емес, оған кандидат боп алып, отырған орындарын тiрiде бере ме?
Шеттерiнен сасық күзенше тiстесiп қатып қалады ғой. Үйту үшiн... осы шалдар неге
ұзақ отырып қалды, а?» — деп, жерге шырт еткiзiп бiр түкiрген болатын.
Рабочком бiраз кейiдi. Бiраз ақыл айтты. Ақыры сабасына түсiп, жұмсара бастады.
Тiл-жақсыз қалған Майнақ басын салып жiберiп, қалқан құлағы салпиып, бұқырайып
отыр. Ендi Тоқшылық да соған көштi. Бiраз үгiт-насихат тыңдағанан кейiн, екеуi
сыртқа салы суға кетiп шықты.
2
Биыл кеш туған қодырен қозыны төбе жаққа асыра айдап жiберейiн деп, Досберген
қарт сыртқа желең шығып едi, от боп жанған шiлдеде сап етiп суық ұстап, сегiзкөзi
сырқырап қоя бердi. IIIал жалма-жан белiн қолымен басып, үйге қайтып келдi де,
күндегi үйреншiктi орнына сүйретiлiп әзер жеттi. Мұны көрiп:
— Қасқа-ау, үстiңе бiрдеме жамылмадың ба? Бала құсап… желең шығып, — деп,
кемпiрi күйбеңдеп жүрiп, мұның үстiне жамылғы көрпе әкеп жапты.
Досберген тiс жармай, көрпенi жамылып жатты. Темiр тебен сұққандай сегiзкөзi
сырқырап барады. Iш жағынан долырып, жарылуға шақ тұрған бiтеу жара тәрiздi бiр
кездерi оңдырмай суық шалған буын-буыны қозғалтар емес. Сәл қимылдаса болды,
майланбаған арбаның тегершiгiндей шаншып сала бередi. Аздан соң бұршақ-бұршақ
кара тер шығып, маңдайы жiпсiп, шалдың өне бойы жазылайын дедi. Сол үстiне
«ассалаумағалайкүмiн» жарыса айтып, ауылдың шал-шекпендерi келдi. Досберген
оларды көрiп, әлденеге кеуiлденiп, басын көтерiп, малдас құрып отырды.
— Уағалайкүмәссалам! Сәлемшi болсаң, төрге шық.
Тiлемiс, Балғынбай, Жұман, Әзберген, Балғынбайдар төрге жайғасып, аман-саулық
сұрасты. Досберген Молшекпенге бұрылды:
— Ау, ертелетiп нағып жұрсiң? Бала-шағаң аман ба?
— Шүкiршiлiк, — дедi қапсағай денелi, бұжыр бет Молшекпен. — Жаңа бiр әзiрде
күрiш жағдайын бiлейiн деп келiп ем. Сосын өзiңiздiң кеуiлiңiздi аулай кетейiн деп
бұрылғаным.
— Алдыраз болсын. Иә, күрiшiң қалай?
— Не қалайы бар. Шығымы жаман емес. Қасымда қолғабыс етер Нестай бар. Биыл
мiндеттеме дейтiнiн орындайтын шығармын деп отырмын. Жылда сояғынан ұятты
болушы ем, — деп, Балғынбай кеңкiлдей күлдi.
— Е, атақ шығарам де!
— Атағы бар болсын, маған бала-шағамды асырап алсам да жетедi. Ояғын жастарға,
ана Набаттарға бердiк.
— Айтпақшы, биыл о бала да күрiш еккен бе?
— Еккен де кандай. Салысын ана Жықпыл бойына салды.
— Ау, Жықпылың қайсы? Ана Оқшының ту сырты ма? — деп, Тiлемiс елеңдеп берi
қарады.
— Дәл өзi.
— Ау, ол жер Көлтабанға иек артып жатқан, соры басым оппа жер емес пе?
— Солайы солай. Бiрақ мына тыңайтқыш дегенiңнiң iстемейтiнi жоқ екен ғой. Көң
төгiп, сордан арылтқасын, тусырап жатқан жер жарықтың өз дегенiн iстейтiн көрiнедi
ғой. Әрi... биыл рекорд бола ма деп... — Балғынбай мүдiрдi.
— Иә, о қалай? — десiп, шалдар құнжыңдасып, бастарын бұған бұрысып-бұрысып
алысты.