Стр. 75 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Қой үйдеме. Бақан деген керек болады. Онсыз қалай өмiр сүресiң? — дедi Әбду
тарқылдап.
— Құры оңбаған.
Олар темiржолдың астындағы көпiрден өтiп, Қарақұм жаққа қарай бет алды. Шолақ
газик шеге топырақты жолдың апшысын қуырып, зырлап келедi. Алдыңғы орындықта
отырған Әбду Тоқшылыққа әлдеқандай әңгiменi қопсытып отыр. Соған қарап,
Мылтықбайдың ит жыны тырысты. Қитығып, өз-өзiнен тымырая қалды. Оның себебi
де бар едi. Бүгiн Бәйдештi үйiне шақырып, ол бұған жарқыраған мебелiн көрсетiп, бiр
шалқымақ. Оны көрген Патшайымның тағы да мұның қыр iзiне түсуi мүмкiн.
Ойпырмай, дедi ол өзiне өзi. Көз алдына Бәйдештiң тоқ кескiнi келдi. Бұрын ол
ашықтау болатын, кәзiр аузынан шыққан әрбiр сөзiн бiреу хатқа түсiрiп жатқандай
ыңыранып, әзер дегенде айтады. Бұған бiр шекесiнен қарайды. Мылтықбай соған
шамданып қалды. Кеше ғана бiр партада отырған қара сирақ жiгiттердiң астына
торшолақтай бiтсе, кекiрейiп шыға келетiн несi екен, дедi. Әлде бұған солай көрiндi ме?
Әлде қолдың кiрi тәрiздi бiр жууға арзымайтын дүние-мүлiктiң, iстеген қызметiнiң ел
көзiнше кiсiге қосар абыройы мен кадыр-қасиетi бар ма? Егер болса, мұның
дүниеқоңыздықтан несi артық? Жарайды, қарапайым ел солай-ақ ойласын. Ау, мына
оқыған-тоқыған, көзi қарақты азаматтарды не кара басқан? Әлде олар да бiр нәрсенi
бiле ме? Әбду ше? Ол кеше бұған лақуасың дедi-ау. Лақуа! Сонда ол мен бе? Мен
сонда мына қым-қуыты көп, ақиқат өмiрдiң барар өрiсiн бiлмейтiн науша жаспын ба?
Қой, қой. Сол сәт ол соңғы кездерi жұмысы басынан асып кеткен Патшайымның
шаршап жүргенiн iшi жыли есiне алды. Бас дәрiгер бар жұмысты осыған артады да
қояды. Өзi ауданға шапқылайды да жүредi. Патшайым күнi бойы емханада боп, кешке
үйге кеп сүре жығылады. Соңғы жылдары бұрынғы сәнқойлығын да ұмытқан. Қолына
iлiккенiн иығына сұғады да жүре бередi. Сүйткен әйелдiң ана Күлжамаштардың
үстiндегi жылтырақты көре салып, көзi қызықпасына кiм кепiл? Сүйтiп... Құдай
сақтасын. Шамасы, менiкi дұрыс емес-ау. Шынында, мен неге қызмет қумаймын? Әй,
осы менiң жұрттан нем кем? Мылтықбай сол арада қалай дауыстап жiбергенiн аңдамай
да қалды.
— Нең кем? — деп, оған Әбду мысқылдай қарады. — Немене сенiң бiрдемең кем
деп жатқан бiреу бар ма? Қасқа, ондай сөздi қой. Өзiңмен өзiң сөйлесiп, немене, жын
көрiндi ме?
— Мен, жәй, — дедi Мылтықбай ыңғайсызданып.
— Қасқа, сен бiлмейтiн шығарсың. Мына Құмойдағы молланың атын естiп пе едiң?
Иә, сол кiсi оқудың түбiн тауысқан көрiнедi. Кезiнде Бұқардағы медiресенi
тамамдапты. Базар мен Ерiмбеттiң термелерiн жатқа соққанда, аузыңды ашасың.
Соның ақыры не болды дейсiң ғой? — деп, Әбду қозғалақтап қойды. — Ақыры былай,
— деп, ол сұқ саусағын бiр шекесiне қадап, бұрап-бұрап жiбердi. — Солай. Мұны қазақ
iлiм ұрған дейдi. Бала, кiсi қор болғасын, айтары жоқ екен. Шалының жаңағыдай әуiм-
сәуiм екенiн көрген жеңгемiз еркiнсiп кеттi. Ерте келiп, кеш кетiп жатқан оған әй
дейтiн әже, қой дейтiн қожа жоқ. Шалы үстiне ескi-құсқы киiп, шыландағы керуетке
жатады. Адамға жоламай, қайдағы бiр кiтаптарды оқып, өз-өзiнен шиқылдап күлiп
отырады. Соған әйел шыдасын ба? Жеңгемiз әбден бұзылды. Сонда деймiн-ау, кеше
ғана сол молламен бiрге асық атып, әйкөл ойнаған адамдардың сүйтуге, күнә жасауға...
қалай ғана дәтi барған? Әлде әлi жеткен адамның әлсiздi мазақтауы кiсiге әу баста
жаратылыстың берген нәрсесi ме? — деп, Әбду Мылтықбайқа ойлана қарады.
Тоқшылық өзiнiң жырқылдақ, жеңiлтек көретiн кiсiсi мынадай сөз айтады деп
ойламаған едi. Ол үндемей, екi көзiн жолдан айырмады. Аздан соң алдан Үшқараның
ағаш мұнарасы сорайып көрiндi. Соған жете бере Тоқшылық машинаны тура батысқа
қарай бұрды. Ендi бiр қиястап, көкжиекке қарай маңдайы аумай құлдырап бара жатқан
күн дәл қарсы алдарынан шықты. Осы кезде оң жақтағы қоңыр төбенiң басына үйiлген
әлдеқандай оба тас қызара көзге шалынды.