Стр. 77 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

Машина қайтадан жын қаққандай, зырқырай жөнелдi. Ендi сұр газик аналардың
адымын қысқартқандай, ойқы-шойқы жерлерге қарамастан, жақындап та қалды. Әбду
мылтығын кезей бердi. Сол арада киiктер дүркiрей бұрылып, әрi қарай салды. Ол жер
сай екен, Әбду шүрiппенi басам дегенше, топ киiк әлгi сайға түстi де кетгi.
— Қап! — дедi Әбду өкiнiп.
— Қап!— дедi бағанадан берi мына жарысқа елiгiп отырған Мылтықбай да.
Тоқшылық машинаның екпiнiн басып, ауанымен жүрiп отырды. Сайға түскен
киiктер заулаған қалпы арғы қара төбенiң табанына iлiктi. Сосын одан асып түсiп, көзге
көрiнбей кеттi.
— Өздерi бiр қора қой, — дедi Мылтықбай әңгiрлей сөйлеп.
— Ойбай, айтпа! Өте көп! — дедi Әбду мылтығын орнына қойып жатып. — Баяғыда
өздерi бұдан да көп едi. Атып-атып тауысты ғой.
— Ол рас.
— Мұны шалдар ертеде өткен Қарынбай дегеннiң малы екен деп аңыз етедi.
Мыңғырған киiгi ешкi сықылды осы далада өрiп жүрiптi. Содан бiр күнi Аллатағала
оған аян берiп: «Құдайыға бiр киiгiңдi шал», — дейдi. Қарынбайдың киiктi союға көзi
қимайды. Аллатағала оған екiншi рет айтады. Қарынбай сонда да сараңдығын
қоймайды. Сосын Аллатағала бiр перiштесiн жiберiп, сараң байды жазалаңдар дейдi.
Перiште кеп, гүрзiмеп басына бiр қойғанда, Қарынбай тобығына дейiн жерге кiрген
екен дейдi. Сонда Аллатағала тұрып: «Ендi садақаңды бересiң бе?» — дейдi. «Жоқ»,—
дейдi Қарынбай. Перiште оны екiншi рет гүрзiмен басынан ұрады. Қарынбай
белуарына дейiн жерге кiредi. Аллатағала одан және сұрайды. Қарынбай және жоқ
дейдi. Содан перiште үшiншi рет ұрады. Қарынбай кеңiрдегiне дейiн жерге кiредi.
Аллатағала одан және сұрайды. Қарынбай тағы да жоқ дейдi. Сосын перiште төртiншi
рет ұрғанда, Қарынбай жер астына кiрiп кетедi. Ел сүйтiп Қарынбайды жер тартыпты
дейдi. Бұ сараңдықты қойсайшы,— дедi Әбду басын шайқап қойып.
— Қызық аңыз екен, — дедi Тоқшылық оған қарап.
— Бұған керiсiнше, Атымтай жомарт жайлы аңыз да көп. Ол кiсi өткен-кеткен
жолаушы әлденiп, ас iшiп алсын деп, үнемi қазанын оттан түсiрмейдi екен. Оның үйiне
бiр қонақ келiп жатса, екiншiсi аттанып жатады екен. Өзi тас қараңғы түнде адасқан
бiреу-мiреу болса, осында келсiн деп, төбе басына сексеуiлдi үйдiрiп, шырақ жағып
қояды екен. Ол жөнiнде мына Қарасақал Ерiмбет шайыр «Атымтай Жомарт» дейтiн
дастан жазыпты деп естiдiм.
— Оны бiлетiн кiсiлер бар ма екен? — дедi Мылтықбай сол арада сөз қыстырып.
— Неге болмасын? Мына Құмойда Төлес Сәтеннiң баласы Махамбетияр деген
молда болды. Ол Қарасақал Ерiмбет пен Шораяқтың Омарының жұмбақ айтысын
жатқа соққанда, бала, аузыңды ашасың. Со кiсi кәртейгенiнше олардың бiр сөзiн
шатастырмай кеттi, — деп Әбду көтерiлiп қойды.
— Ол өзi... қайда оқыған едi?
— Қайдасы не? Ертеректе осы өлкеде мешiт ұстаған ахундар көп болған жоқ па?
Соның соңы кешегi отызыншы жылға дейiн жеттi. Бұ кiсi сонда бiлiм алған.
— Сонда осы қазақ арасына iлiм-бiлiм қашан ене бастаған? — дедi Тоқшылық
әңгiмеге қызыға түсiп.
— Бала, ол ертеде қой, — дедi Мылтықбай темекiсiн ашық тұрған терезеден сыртқа
лақтырып жiберiп. — Кейде бiздi тарихи кiтаптарда надан, сауатсыз едi дейдi. Бұған
менiң қарсылығым бар. Өткен замандарда қай халық түгелдей сауатты болды? Жазба
әдебиетi ерте өркендеген елдердiң бұқара жұрты әлге дейiн сауатсыз емес пе? Оған
қарағанда, бiзде шүкiршiлiк. Менiңше, араб халифаты құрылғаннан кейiн, осы Сыр
бойын олар көп ұзамай жаулап алған. Сол кездерден бастап, қазақ арасына жазу дәстүрi
ене бастаған. Бұл сонау орта ғасырлардағы жағдай ғой, — деп Мылтықбай сыртқа
қарай шырт түкiрдi. — Жаңағы Әбдудiң айтып отқаны дұрыс. Осы өлкеде не көп, —