ашса iшi көрiнетiн ағедендiгiне қызықты. Әуелгiде оның елгезектiгiн етi тiрлiгi деп
ойлап қалған едi. Бертiн келе қосағының басқа ешкiм де емес, қатарынан кем, кiм
көрiнгеннiң күлкiсi мен табасына қалып жүрген әжуа екендiгiне көзi жеттi. Патшайым
әйел нәсiлiне тартып, бойың әлдеқандай қызғанышы көп өкiнiш жайлап бара жатқанын
сездi. Сонда ғой мына Елекештiң не Бәйдештiң етегiнен ұстағанында кәйтер едi? Не
етсiн, тiршiлiк тауқыметiн тартпас едi. Iшкенi алдында, iшпегенi артында боп, бақты-
базарлы өмiр кешер едi. Жыл сайын анау-мынау кiсiнiң қолы жете бермес Кавказ,
Қырым жағалауындағы курорттарда демалып жүрер едi. Етегiне оралып өсiп келе
жатқан қара домалақтардың кәзiргiдей келешегi не болады деп қам жемей, өз
қатарынан кем қалмай диплом алып шығатынына сенер едi. Сонда менiң кәтелескенiм
бе? Апырау, осы шын бақытына ен саларда пенденi неге қара басады? Бiз осы нағыз
жүйрiктi бетiне қағып, неге мәстектердi тұлпар деймiз? Әлде тұлпардан тұғжым озатын
бiр пәле бар ма? Жарайды, тұғжым уақытша оза қойсын. Бiрақ жүлде мен бәйгi
алғандардың бәрi бiрдей тұлпар ма? Тұлпар дейтiн енеден бiр-ақ тумай ма? Тұғжым
тұлпар боп жарыта ма? Ендеше туымы жоқ жаман шобырлардың арғымақпен ақырлас
болғанына жөн болсын? Әлде... Әлде осы бiз өз бойымыздағы қабiлеттiң қасиетiн жете
бағаламай жүрмiз бе? Не десең де, өмiр сапарындағы жол айрығы басталар тұста кiсiнiң
мықтап ойланғаны жөн екен. Ауыздың салымына сүйенiп, оң қабағына iлiнген
көлденең көк аттының етегiнен ұстап кете берсең, кейiннен бар тiрлiгiң тәркi болады
екен. Ендi бәрi кеш. Патшайым қатты қоңырайып қалды.
Набат та бiр түрлi боп отыр. Соны байқап, Елекеш те қозғалақтап қояды. Ол Әбдудiң
әйелi Бибiшке жақын сiңлi боп келетiн Набатты бүгiнгi кешке қатыса қояды деп
ойламаған едi.
Бәйдеш өзi былтыр оқуға түсiрген Набатты Елекештiң бекер қолпаштап жүрмегенiн
жақсы бiлетiн. Мына бас қосудың соңы неге соғар екен деп, iшiн тартып қалған. Оның
үстiне ол өзi бүгiн аса толқулы едi. Бағана күн түске таласа-тармаса орнынан тұрып,
Күлжамаштың әбден баптаған қою шайына қанғасын, қасына осы ауылдың көнекөз бiр
шалын ертiп, төбе басындағы қорымға барған-ды. Өзiнiң көп жылдан берi туып-өскен
ауылына ат iзiн салып тұрғаны осы болатын. Ана жылы шешесi қайтқанда бiр келiп
кеткен. Содан кейiн диссертация бабымен үлкен қалаларға шапқылап жүрiп, туған
жерге мойын бұруға шамасы жетпеген. Оны ойлауға күнделiктi тырбаң тiршiлiк мұрша
да бермеген. Құлқын сәрiден тұрып ап, ғылыми жұмысын жазады. Сосын бiр-екi кесе
шәй iшiп, галстугын қатыра тағып, бүлкiлдеп автобуска тартады. Университетке кеп,
мойнындағы қарыз лекцияларынан құтылады. Сосын түс ауа қала шетiндегi екi бөлмелi
пәтерiне қарай кiсi аузы-мұрнынан шыға толған автобустың бiр жерiнде қалғып-мүлгiп
келе жатады. Осы тiршiлiк ертеңiне қайта жалғасады. Тек демалыс күндерi ғана
қонаққа барып, не кiсi шақырып, күнделiктi үйреншiктi дағдысын бұзып алады. Сондай
кездерi Бәйдеш өзiн адам сияқты бiр сезiнiп қалатын. Әсiресе, карта ойнайтын кiсiлер
келсе, мұның құдайы бередi. Бұл картаны не тақырланып ұтылғанша, не жұрттың бәрiн
адалап ұтқанша ойнайды. Жаратылысынан марғаулау оның мiнезiне қожа бола алмай
қалатын тұсы осы. Басқа кезде бөгде кiсi түгел, бiр төсекте жатқан әйелiне де сыр аша
бермейдi. Осы жаққа қарай шығарында да онша емiрене қоймаған. Орта жолға жете
бергенде әйелiнiң: «Сол ауылда кiсi қызығарлың не бар? Онан да Қырым жағына барып
дем алайық та», — деген сөзi есiне түсiп, аздап өкiнгендей болған. Әсiресе,
Қызылордадан өткесiн, жүдеу тарткан қуаң даланы көрiп, iшiн ит тырнағандай
сияқтанған. Ит өлген жерден ат сабылтып келгенiне, бұрынғы бұйығы қалпынан,
мимырт тiршiлiгiнен онша арыла қоймаған қоңырқай дүз арзымайтындай көрiнген.
Кеше отырыспа үстiнде де онша ашыла қоймағаны сондықтан. Тек сол мiнезiнен бүгiн
жаңылыс баса жаздады. Қорым басына келгесiн, шоқша сақалды шалға әке-шешесiнiң