Стр. 84 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

жүргенше, мына қызға сөз айтып көрейiн, дедiм. Бiрақ оның ретi келмейдi. Жиылысқа,
отырыспаға қызды әке-шешесi жiбермейдi. Содан не керек, бiр күнi өлеңдетiп хат
жазып, қыздың қалтасына салдым да жiбердiм. Ертеңiне әлгi қыз қасыма бiр түрлi боп
отырды. Ау-тауық маған қарап қояды. Бiрақ бiрдеме деуге батпайды. Содан үшiншi күн
дегенде ол маған сыбырлап: «Менiң сенiмен жүруiме болмайды», — дедi. Мен
таңғалып: «Неге?» — деймiн. Ол: «Сен қарасың», — дейдi. Мен ашуланып: «Сен
сарысың», — дейiм. Ол: «Жоқ, мен бетiңдi айтып отырған жоқпын, сенiң сүйегiң қара,
мен қожамын. Менi саған әке-шешем бермейдi. Сосын менiң Алматыда оқитын жiгiтiм
бар», — дейдi. Соны естiп, айран-асыр болдым. Содан бастап оған ештеңе деген
жоқпын. Ақыры бiр күнi өзi: «Бүгiн әке-шешем тойға кетедi», — дедi. Мен: «Е, кетсе,
жолы болсын», — дедiм. Сүйтсем, ол байғұс менiң қылжақ қылып жүргенiмдi
түсiнбептi, шынға санап қалыпты. Соған әлге дейiн өкiнем. Шындығында ғой, мен
бiреудi емексiтiп, обал жасадым. Ол байғұс кейiн де күйеуге шыққасын, iшiнен менi
өзiне сөз салған жiгiттердiң бiрi деп еске алады ғой. Ал мен оны мазақ қылдым.
Соныма әлгi дейiн қысылам.
— Е, сүйде. — Әбду жан-жағына қодырайып қарап қойды. — Ендеше мен сендерге
бiр әңгiме айтып берейiн.
Бибiш сол арада күлiп:
— Бұл ендi бүлдiредi, — дедi де, орнынан тұрып, сыртқа шығып кеттi.
— Ол былай болып едi. — Әбду тамағын кенеп қойды. — Мен өз заманымда
ешкiмге сөз айтқан жоқпын. Жалпы мен осы сөз айтуға қарсымын. Түсiнген кiсiге
кеуiлдегi нәрсе сөзбен жетпейдi. Мен бәрiн қас пен қабақтан ұғынғанды жақсы көрем.
Соған өзiм куә болдым. Мектеп бiтiргеннен кейiн, менi қалқоз басқармасы малшыларға
сақпан алуға жiбердi. Көктем жаңа туып келе атқан кез едi. Нағыз қылшылдаған жiгiт
шағым. Содан көкең қодыраңдап, кәне, төлдейтiн малдарың қайсы, деп, жетiп барсын.
Шопан кiсi егде тартқан адам екен. Үйiнде iрi, тайыншадай бойжеткенi бар. Құрсын,
бiрден-ақ соған ықыласым құлады да қалды. Өздерiң бiлесiңдер, мен мектепте шығарма
жазудан үш алып көрген емеспiн, кiлең екi алатынмын. Хат жазайын десем, кәтем
шығып, әбiрейiм айрандай төгелер дедiм. Ауызба ауыз айтуға тiлiм жетпейдi. Содан
ендi не iстеу керек? Құрсын, неде болса деп, атам қазақтың бұрынғы жiгiтшiлiгiне
салайын дедiм. Бәрiмiз жертөледе қатар жатамыз. Түн iшiнде кезектесiп, қоздаған
қойды қарап келемiз. Шал да залым екен, ылғи түнде менi жiбередi. Мен ақыры бiр
қулық ойлап таптым. Жасымнан қозы болып маңырайтын бiр өнерiм бар едi. Бiр күнi
түнде қоздаған қойды қарап болғасын, жертөленiң дәл сыртынан қозы болып
маңырайын кеп. Шал бiрдеңе деп күңкiлдедi. Тағы кеп маңырадым. Малжанды кiсi
қозының даусын естiп тұрып шыдасын ба? Күңкiлдеп жүрiп, сыртқа шықты. Мен топ
жыңғылға қарай тарта бердiм. Түн тас қараңғы. Ау-тауық маңырап қоям. Шал берi
қарай жүрдi де, iштен дауыстап, әйелiн шақырып алды. Екеуi қой қорадан шығып
кеткен екен деп, менiң iзiмнен жүрiп келедi. Бiр арада маңырай-маңырай келiп, жалт
бердiм. Екеуiн қалың жықпыл арасына тастай сап, үйге жетiп келейiн. Iшке кiрiп,
былай бiр жамбастап, қыздың көрпесiнiң шетiн ашып, ақырын ғана мекiрендiм. Оным
былай едi. Қыздың жақсы көретiн бiр еркек қозысы бар едi. Қыз сол екен ғой деп
ойласа керек, ұйқысырап, мойнымнан тас қылып құшақтай алды. Қозысын сипағандай,
жон-арқамды сипап барады. Құрсын деп, мен де жан дәрмен былай... Сол арада қыз
жылан шаққандай ойбайлап қоя берсiн. Құры, оңбаған, дейдi. Мен айтам, әлгi қозы
құрлы жоқпын ба, деп. Сол арада шал-кемпiр де кеп қалды. Мен орныма жата қалдым.
Ертеңiне қарасам, қызым бiр түрлi жымияды. Қозысын алдына алып отырып, ау-тауық
маған қарап қояды. Сол екен, мен iшiмнен, мына қызды құдай тас төбесiнен қос қолдап
ұрған екен, дедiм. Ол кезде қалың беретiн менiң қай бiр дүниям толып тұр? Не де болса
деп қызды арбауға кiрiстiм. Кездескен жерде көзiммен арбап бағам. Iшiп-жеп
қараймын. Жорта жымиям. Ақыры ол жылан арбаған торғайдай шырмалды да қалды.
Мен сүйтiп, оны қатырдым... — дедi Әбду жан-жағына алақ-жұлақ етiп қарап қойып.