Стр. 87 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

Елекеш қолын жуып жатып, оның болбыраған бетiне, бауырсақ мұрнына, шыт-шыт
боп жарылып кеткен қалың ернiне көз тастады. Жақында оны көмектес деп, Набаттың
бригадасына өзi жiберген болатын. Ол Набат ұсынған сүлгiге қолын сүрте берiп,
Майнаққа:
— Осы... сен неге саяқ жүрсiң, а? — дедi.
Майнақ қызарып кеттi.
— Ретi... болмай жүр.
— Не ретi? — Елекеш аз-кем мүдiрдi. «Мынау есте болатын жағдай екен».
Iшке Кәмпит кiрдi. Оң жаққа тiзе бүгiп, мұнымен қысқаша аман-саулық сұрасты.
Елекеш оның әлi ажары тая қоймаған қара торы жүзiне бiр карады да, ел iшiнде мәлiм
бiр әңгiменi есiне алды. Мына Набаттың шешесi бiр байдың бұлғақтап ескен қызы екен.
Соны Әзберген белсендi боп жүрген кезiнде алдап алып қашыпты. Кеңтүпке
жақындағанда, жiгiттер: «Сенiң күйеуiң мынау», — деп, Әзбергендi көрсетiптi. Сонда
Кәмпит тұрып, «Әй, Досберген, қатын үстi болса да, менi өзiң ал. Мына үпелекше
лепiлдеп тұрған шұбар бәлеңе қор қылма», — деген екен. Кейiннен оның жоқ-жiтiк
тiршiлiк үстiнде күйеуiне талай рет iштей қарны ашқан жағдайын бұл жақсы бiлетiн.
Кәмпит осы кезде iшке кiрiп, малдас құрған Тоқшылыққа мойын бұрды:
— Қарағым, қалай әкең пақуатты ма? Сырқаттанып жатыр деп естiп ем.
—Шүкiршiлiк.
— Алда, пақыр-ай! Бiр кезде жiгiттiң сұлтаны едi. Ендi кәрiлiк ит қыл алқымға
жармасқасын, не шара?
Елекеш Кәмпиттiң ешқандай да кек сақтамай сөйлеп отырған түрiне таңғалды.
«Әлде көрiлiк жақындағасын, азайып қалған қатарлары көзiне ыстық көрiне ме?»
Шай жиналысымен, Елекеш ауылға қайтты. Келсе, шалдардың бастары құралып та
қалған екен. Ол төрде жағалай отырған Досберген, Әзберген, Жұман, Балғынбайдармен
қол алысып амандасты. Досберген қарттан саушылығын сұрады.
— Шүкiршiлiк, — дедi Досберген қалың қасын қағып-қағып қойып. — Шырағым,
жас та болсаң ел басқарып жүрсiң. Қолымызда бiр тентек бар едi. Азаматшылық iстеп,
соны қарауыңа алған екенсiң. Рахмет. Есесi Алладан қайтсын.
— Ау, үйтпей, Тоқшылық деген өз iнiмiз емес пе? — деп, Елекеш күлiп, жанындағы
Тоқшылықтың тiзесiн қолымен басып қойды.
Шай келдi. Шай кетiп, ет келдi. Дәм үстiнде шалдар Елекештен шаруа жағын
сұрастырды:
— Биыл күрiштiң шығымы жаман емес дейдi ғой.
— Ол рас.
— Апырмай, адам иттiң үйренбейтiн нәрсесi жоқ екен-ау. Бұрын ғой қойдың төрт
бұтын көрмесек, аштан өлiп, көштен қалатындай көрушi ек. Ендi мына дақылдың да
сырын алып қалдық.
— Айтпа.
— Тек судың аздығы болмаса.
— Мына Өзбекстан жағында Сырды жырымшылап, канал қазып, қолдан теңiз жасап,
суды тартып алып атыр дейдi. Кеше көзитте шықты, әлгi теңiздегi су айдалаға ағып
жатыр деп.
— Ау, оны үйткенше елдiң кәдесiне жаратпай ма? Үкiмет қайда осы? — дедi
аңқаулау Тiлемiс.
— Ол басқа ел қой. Өз шаруасын өздерi бiледi, — дедi Досберген.
— Сонда да судың ысырап болып жатқаны жақсы емес екен.
— Олармен сөйлеспей ме?
— Тiлiн таба алмай жүрген шығар.
— Онда мына Жұманды жiберiп алу керек екен, — деп Балғынбай Жұманды қызыл
асықтан қақты.